286 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

Былтыр облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығына сәйкес, 386 аудиторлық тексеріс жүргізген болатын. Нәтижесінде 311 нысанда жалпы 13 556,7 миллион теңге, 84 тексеруде жалпы сомасы 10 693,7 миллион теңге мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары бұзыла отырып, жұмсалғаны анықталды. Осыған қатысты 286 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы департаментке 1002 заңды және жеке тұлғадан арыз түскен еді. Оның 985-і қаралып, 17-сі бойынша әлі де тексеру жұмыстары жүргізілуде. Арыздар мен комитеттің тапсырмасы бойынша жүргізілген аудит материалдарының 19-ы құқық қорғау органдарына тапсырылды. Зерделеу барысында заң бұзушылықтар арқылы 144,6 миллион теңге игерілгені мәлім болды. Осының ішінде қаржысы 129,1 миллион теңгені құрайтын 14 материалға қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.
Атап айтсақ, департамент 2017 жылдың сәуір айында Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы К.Райымқұлов пен осы жылдың қазан айында Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Садықбековтің жасаған мемлекеттік сатып алу бұзушылықтарына қатысты ісін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасына жолдады. Ол аталған кеңесте қаралып, кеңес мүшелерінің шешімі бойынша мекеме басшыларына «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабының 1-тармағының 4,5-тармақшаларына, 44-бабының 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Жалпы, департамент өткен жылы барлығы 214 әкімшілік істі қарап, оның 206-сына қатысты 31971,3 мың теңге айыппұл салғанын айта кету керек. Қалдығы – 22654,5 мың теңге, өндірілген пайызы 70,6 пайызды құрады. Өтемеген сомалар жеке сот орындаушыларына және жұмыс орындарына мәжбүрлі түрде орындау үшін берілді, ал қалғандары бойынша орындау мерзімі белгіленген.
Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тұрғындар арасында оң имидж қалыптастыруға баса мән береді. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық саясатты дұрыс жүргізуді міндеттейді. Департамент мамандары осы талапты орындау үшін 2017 жылға арналған медиажоспар жасап, басшыдан бастап, оның орынбасарларына дейін ай сайын бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылу барысын көрсететін мақалалар жариялап отырады. Былтыр осы бағытта 333 семинар ұйымдастырылып, барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Бекет КӨЛБАЕВ,
облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>