Өнеркәсіптегі өзгерістер – жаңа өрлеу кезеңі

Өнеркәсіптегі өзгерістер – жаңа өрлеу кезеңі

2P8++++A9254 2P8A9297

Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңі елімізге дамудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Оны тиімді пайдаланудың жолдарын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айқын көрсетіп, негізгі 10 міндетті белгілеп берді. Елдік мүдде тұрғысынан алғанда бұл –үлкен жауапкершілік. Іске асыру үшін жүйелі жоспар, нақты жұмыспен бірге қоғамдық санаға серпіліс қажет.

Сондықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметов орынбасарлары мен мәслихат депутаттары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқарма, аумақтық департаменттер, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының басшылары және профессор-оқытушылар құрамы, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері және екінші деңгейдегі банктер өкілдерін жинап, осы мәселелерді талқылады.
– 10 қаңтарда Мемлекет басшы­сының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауы жарияланды. Елбасы жаңа әлем – төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу жолын көрсетіп, жетістікке жеткізетін 10 міндетті ұсынды.
Бұл – Қазақстан үшін жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу барысындағы жаңа мүмкіндіктер. Бүгін біз Жолдау міндеттеріне сәйкес облыста атқарылатын жұмыстарды нақтылап алу үшін жиналып отырмыз, – деді өңір басшысы Асқар Мырзахметов «Баласағұн» орталық концерт залында өткен актив жиынында.
Кез келген технологиялық революция жаңа даму жолына бастайтыны белгілі. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс те бізге өрлеудің тың даңғылына түсуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – әсіресе аграрлы-индустриалды аймақ саналатын облысымыз үшін өнеркәсіпті өркендетудің таптырмас жолы. Осы арқылы кәсіпорындарды автоматтандырып, еңбек өнімділігін арттырып, барлық салаға цифрлық жүйені енгізіп, әлеуметтік ахуалды жақсарта түсуге болады. Оған біздің өңірде тиісті алғышарттар жасалған. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков осыны баяндап, алдағы атқарылар ауқымды жұмыстар туралы айтып өтті.
Өткен жылы Үшінші жаңғыру кезеңін табысты бастаған еліміз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, осы бағытта кешенді шараларды қолға алғаны мәлім. Барлық саланы цифрландыру міндеті Елбасының жаңа Жолдауында да көрініс тапқан. Бүгінде облыстағы кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бекболат Серікбекұлының сөзіне сүйенсек, отандық химия өндірісінің флагманы «Қазфосфат» ЖШС осы мақсатта 2011-2020 жылдарға арналған жаңғырту жоспарын әзірлеген екен. Бұл жоспарда жаңа технологияларды енгізу, сонымен қатар күрделі жөндеу және қайта жарақтандыру кезінде жұмыс істеп тұрған құрылғыларды жаңғырту қарастырылған. Атап айтсақ, осы кезеңде 29,4 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның 1,2 миллиард теңгесі технологиялық процесті автоматтық жүйеде басқаруға арналған.
Бекболат Орынбеков баяндап өткендей, өнеркәсіпті автомат­тандыруға және компьютерлендіруге ұмтылыс жасап отырған кәсіпорындар баршылық. Соның бірі – «Цифрлық кеніш» атты жобаны жүзеге асырып жатқан «Алтыналмас» компаниясы. Бұл жоба цифрлық инновацияның көмегімен өнімділік пен кірісті арттыруды және шығындарды 15 пайызға дейін азайтуды көздейді. Сондай-ақ жаңа технологияның көмегімен блоктарды жарылыссыз әзірлеуде гипс, мәрмәр және гранит өндіру жобасын іске асырған «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де атап өткен жөн.
Елбасы өзінің Жолдауында өнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге жеткізу міндетін қойып отыр. Жаңа меже өз кезегінде, аграрлық саладағы еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретіні анық. Себебі, шаруалардың заманауи технологиялардың өнім­ділікті арттыратынына іс жүзінде көздері жеткен. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз баяндамасында айтып өткен Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы «Джондир» маркалы тракторына енгізілген GPS бақылау техноло­гиясын енгізіп, егін шаруа­шылығын интенсивтендіруді қолға алған.

Сондай-ақ «Грин Вилл» ЖШС Оңтүстік Корея инвесторларымен бірлесіп, 4 гектар өндірістік жылыжайды климатты бақылау, ылғалдандыру және басқа да процестерін компьютерлік бақылау жүйесіне негіздеп, автоматтандырған екен. «Осы серіктестік Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылдық округінде инновациялық аквапоникалық әдісімен 1 гектарға жылыжай салуды да жоспарлап отыр. Барлық технология автоматтандыру жүйесіне негізделіп, өсірілетін осы жылыжайларда алдағы уақытта өсімдіктің 50 түрінен жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіретін болады», – дейді Бекболат Серікбекұлы.

Елбасы Жолдауының төртінші бағытында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін ары қарай арттыру міндеттелген. Заманауи көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру үшін облыста нақты жоспар белгіленіп, ішкі өңірлік қатынастарды бұдан әрі жақсарту мақсатында 9,1 миллиард теңге бөлініпті. Оның 3,1 миллиард теңгесі – облыстық маңызы бар автожолдарға, 4 миллиард теңгесі – аудандық жолдар мен елді мекен көшелеріне және 2 миллиард теңгесі Тараз қаласындағы көшелерді жөндеуге жұмсалмақ.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа заманауи технологияларды енгізу – Жолдауда көрсетілген бесінші міндет. Аталған сала заман ағымымен келген талапты орындауға қаншалықты дайын? Бекболат Орынбековтің мәлімдеуінше, облыста әлем елдерінің озық 105 жобасын іске асыру бойынша Жол картасы бекітілген екен. Қазір «Жасыл экономиканы» дамытуға үлес қосу әрі үнемділікті арттыру үшін Ұлыбританияның «Графитті шамдарын», Финляндияның ауызсуды тазарту, ал ауыл шаруашылығында Аргентинаның биогаз қондырғыларын және шағын қуатты жел генераторлары технологияларын енгізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Жолдаудан туындаған тапсырманың бірі – қаржы секторын «қалпына келтіру». Бір сөзбен айтқанда, Елбасы банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтауды міндеттеді. Облыста банктік секторды сауықтыру бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Соның арқасында бүгінде несиелендіру нарығында займдар бойынша мерзімі өткен берешектер – 9, ипотека бойынша – 10,7, шағын және орта бизнес нысандарының қарызы 68 пайызға азайып, оң динамика байқалуда.
Барлық технологиялық мүмкіндіктерді туғызатын да адам, оның игілігі де соған арналған. Сондықтан адами капитал дамымайынша, төртінші өнеркәсіптік революция мүмкіндіктерін пайдалану мүмкін емес. Сол себепті Елбасы білім берудің жаңа сапасына ерекше назар аударып отыр. Ол үшін жаңартылған мазмұнда білім беруге көшуді, үш тілде білім беруді әрі қарай тереңдетіп, оқушыларға арналған технопарктер мен бизнес-инкубаторларды ашуды тапсырды. Ал осы талаптарды орындауға өңір педагогтері дайын ба? Білім саласындағы қолға алынған шараларға тоқталсақ.
Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында үш тілде оқытатын эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылып, тіл үйрену үшін облыста 850 мұғалім курсты аяқтап, А2, В1, В2 деңгейінің сертификаттарын иеленген. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 50,3 миллион теңге бөлініп, физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 200 мұғалімді ағылшын тіліндегі курстан өткізу жоспарланып отыр. Ал мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығын компьютер, лаборатория және 3D принтерлермен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қарастырылған.
Жиында нәтижелі жұмыспен қамтудың жайы, бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу мәселелері, әлеуметтік міндеттемелер туралы айтылып, алдағы қолға алынатын шаралар сөз болды. Денсаулық сақтау ұйымдарына ақпараттандыру жүйесін енгізудің барысы баяндалып, өткен жылы 470,0 миллион теңгеге 46 денсаулық сақтау ұйымының 38-іне ақпараттандыру жүйесі енгізілгені мәлімделді.
Жалпы Жолдау жүктеген міндеттерге сай биыл бұл салада күтілетін өзгерістер көп. Соның бірі – медициналық ұйымдарда электронды денсаулық паспорты құрылатыны. Сондай-ақ облыс көлемінде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы енгізілмекші. Ал бұл қадам өз кезегінде жедел жәрдемге шақыртуды және стационарлық жағдайда емделу санын төмендететіні анық.
Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар жоспары шеңберінде тиімді мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелері де бар. Нақты айтсақ, облыста кәсіпкерлердің шығындарын қысқарту бойынша қолға алынатын шаралар, осы бағытта жүзеге асырылған істің тиімді тәжірибесі сөз болды. Сонымен қатар, жемқорлықпен күрес жолдары сараланып, қылмыстарды жасыру, статистикалық мәліметтерді жалған толтыру проблемаларын жою мақсатында қабылданған жобалар туралы айтылды. Сол жобалардың қатарында өткен жылдан бастап пилоттық режімде енгізілген «Электрондық қылмыстық іс» жобасы бар. Биыл оған бюджеттен қосымша 40 миллион теңге қаржы бөлініп отыр екен.
Елбасы Жолдауында жүктелген оныншы міндет – «ақылды қалалар» жобасы өңірімізде Тараз қаласында енгізілмек. Ал Жаңатас қаласында «Кәсіби жоспар» пилоттық жобасы іске асырылмақшы. Осы мақсатта Тараз және Жаңатас қалаларының әкімдеріне «Smart city» элементтеріне негізделген сәулет-инженерлік инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылған.
Жалпы, өрлеуге мүмкіндік беретін Жолдаудан туындаған он міндет өңірімізді өркендетуге жол ашатыны анық. Оған негіз де жоқ емес. Жиында жарыссөзге шыққан сан саланың мамандары оны өз жұмыстарымен байланыстыра отырып, дәйектеп те өтті. Ендігісі талмай еңбек еткенімізге әрі табандылығымызға байланысты. Бізге жүктелетіні – Елбасы нақтылап берген міндеттерді іске асыру. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтып өткендей, Жолдау талқылау емес, орындауды талап етеді. Ендеше, іске сәт!

Актив жиынында жарыссөзге шыққандар қатары мұнымен толастаған жоқ. Елбасы Жолдауына қолдау білдіргендер қатарында «Gооd Lоок» сауда үйінің директоры Афина Коскиниди,  «Дарын» мектеп-интернаты қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсембаев, «Аль-Аркаржан & K» ЖШС-ның басшысы Бахытжан Мырзамұратов, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының басшысы Дәурен Тохтаров, «Intellectsoft» (Интеллектсофт) ЖШС-ның бас директоры Ерсұлтан Ерманов болды. 

Ардақ Үсейінова,
Эльвира Жарылқасынова

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>