Арқа төсіндегі арман қала

Арқа төсіндегі арман қала

DSC_0245-

Ербол Қамбатыров:

«Тығылып тұяғыңнан шабатұғын,
Бірі емеспін Батыраштай балталының»

«Ақ жол» газеті облыс әкімдігі мәдениет архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, Астананың 20 жылдығына орай «Арқа төсіндегі арман қала» атты айтыс ақындарының жыр додасын бастады. Айтысты үлкен залдан, телеарналардан тамашалау бір басқа да, газеттен оқып, ақындардың қарым-қабілетін байқап, тапқырлығын тану бір бөлек екені белгілі. Тыңдап отырып алған мезеттік әсерден гөрі ақындардың сөз сайысын газет бетінен оқып, ойлы оқырманның өз бағасын бергенін жөн көрген жаңа жобамыз көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз.
Сәулетіне дәулеті сай Астананың бүгінгі ажарын, еліміздің даму жолындағы ерлігі мен елдігін өлеңмен кестелеуді жөн көрген жобамызға есімі елге таныс Ербол Қамбатыров, Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов, Қанат Мырзахан, Алик Бекмұсаев, Райхан Мәселбекова сынды айтыскер ақындар қатысқалы отыр. Елордамыздың жиырма жылдығына арналған айтыс аламаны мерейтой қарсаңында, яғни шілде айында, аяқталады. Жыр додасының қазысы – газет оқырмандары. Алдағы уақытта әр жұптың (Ербол Қамбатыров – Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов – Қанат Мырзахан, Алик Бекмұсаев – Райхан Мәселбекова) айтысы газет сайтында (http://akjolgazet.kz/) толығымен жарияланып, оқырмандардың дауыс беру нәтижесінде үздік шыққандар жүлдегерлер қатарынан көрініп, қаржылай сыйлықтарға ие болмақ. Бүгін айтысымызды белгілі ақын Ербол Қамбатыров бастайды. Газетіміздің алдағы сандарының бірінде оның қарсыласы, жас пері Дархан Әбдіманат ағасына жауап беретін болады. Әр ақын үш реттен сөз алмақ. Ендеше, іске сәт, ақындар!

 Шырқатып шабытымның асқақ əнін,

Ортаға жырдан көкпар тастағаным.
Мерейлі мерекесі қарсаңында,
Арайлы Астанадай бас қаланың.
Тепсе темір үзетін тегеурінді,
Жігіттік жасы ғой бұл Астананың.
Облыстың бас газеті қолға алыпты,
Берекелі тізгінін бастаманың.
Құдайым Қуатқа да қуат берсін,
Жадыратқан ақындардың қас-қабағын.
Құлақ естіп, қалдық қой мəз-мəйрам боп,
Мəртебелі мәдениеттің қоштағанын.
Үлкені болғаннан соң ақындардың,
Жөн болар бұл айтысты бастағаным.

Ассалаумағалейкум, Дархан інім,
Айтыста айтары бар арқалы інім,
Біздің «Ақ жол» бастапты бір бастама,
Айшықтап ақындардың бар қадірін.
Сайлапты саған жұп қып мына мені,
Орынсыз болар оған таңғалуым.
Шамам келсе сипайын шаштарыңнан,
Біз болмасақ, қағады арқаны кім?
Тығылып тұяғыңнан шабатұғын
Бірі емеспін Батыраштай балталының.
Меніменен айтысқанның жолы болар,
Жастардың жанын қорғар қалқанымын
Айтыстан соң өзіңді сезінерсің,
Альпинистей бағындырған «Хан-Тәңірін».
Тәуекел деп бел шешіп белдесейік,
Тартпасын тұлпарыңның тарт ал, інім.
Сен едің жас тұлпарға балағаным
Құлақ сал сөздеріне нар – ағаның,
Үйленіп үй болыпсың, құтты болсын
Үзілмей мәңгілікке араларың.
Естігенде бір қуанып, бір мұңайдым
Келмей тұр жүрегіңді жаралағым.
Айтпаса өлмейді ме сөз атасы?
Дұрыс болар түсінікпен қарағаның
«Бір басың екеу болсын» – деп, Байзақта
Ұмыттың ба батасын жан ағаның?
Есің шығып кетті-ау деймін,Дархан інім
Қарық болып өзіңнің қағанағың.
«Өзі болған қыз төркінін танымас» деп
Беташарға шақыруға жарамадың.
Сыныңды бұзбас еді, сүйіншіге
Бір тайлақ алып барса, Қара Нарың.

Отырсаң сөздерімнің ұғып бәрін,
Сүзгіден өткізгендей сұрыптағын.
Дегенмен ел едік қой «қазақ» деген
Сақтаған салт-дәстүр мен ғұрыптарын.
Әйелімнің аты Үміт болғаннан соң
Мен білемін алда талай үміт барын.
Айыбын түсінетін арлы азамат
Сеземін Дархан деген жігіт барын.
Алла өзі бұйыртып сәті келсе,
Тойыңа шақыруды ұмытпағын.

Менен басқа қоздырар арқаңды кім,
Мойныңа жырдың жүгін артар күнің.
Азаматтық танытсаң бұл ағаңа,
Алқалы ел алдында артар құның.
«Ер бол!» деп риза болсын Ербол ағаң,
Дархан інім көрсетсе дархандығын.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>