Тараздан электробус көрсеңіз, таңғалмаңыз

Тараздан электробус көрсеңіз, таңғалмаңыз

Қарлығаш Есбергенова

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін қандай межелі міндеттерді орындауымыз керек екенін айқын көрсетті.

Иә, бүгінгі талап мүлдем басқа. Қазыналы қазба байлықтарымыздың қоры шектеулі екенін Жолдау тағы бір мәрте еске салды. 2017 жылы елімізде өткен ЭКСПО көрмесі санамызда болашақтың бедері туралы нақты түсінік қалыптастырған болатын. «Жасыл экономика», «Баламалы энергия көздері» атты көрме тақырыбы бізді психологиялық тұрғыдан ертеңгі күнге дайындады деуге болады.
Заман талаптарына бейімделудің көрінісі біздің өңірде де байқала бастады. Мәселен, «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында қала көшелерінде экологиялық тұрғыдан зиян келтірмейтін қоғамдық көліктерді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастама бұрынғы облыс басшысының Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сучжоу қаласында орналасқан «Higer Quazar» өндірістік кешеніне барып, аталған кешеннің жұмысымен танысқаннан кейін көтерілген болатын. Сапар барысында сондай-ақ қалааралық және қалаішілік қоғамдық көліктерді сатып алу, «Quazar» атты электрлік автобустар құрастыратын зауыт құрылысын Тараз қаласында бастау мәселелері де қаралған.
Кездесудің нәтижесінде жылына 300 электрлік автобус шығаратын зауыттың құрылысын «Тараз» индустриалды паркі» аумағында салу туралы меморандумға қол қойылған еді. Жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды. Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың мақсаты – инвестициялық жобаны іске асыру. Жамбылдық делегация қос қала арасында көлік менеджменті бойынша тәжірибе алмасуды тұрақты орнатуға қызығушылық танытты.
Экологиялық таза автобустар болашақта әлемнің барлық қаласында пайда болуы ғажап емес. Себебі, электр қуатымен жүретін көлік жанармайды қажет етпейді, ауаны да ластамайды. Қоғамдық көліктің жаңа нұсқасын Елордамызда ұйымдастырылған ЭКСПО көрмесінде Беларусь елі таныстырғаны есімізде. Автобустың қуаты алғашқы аялдамадан соңғысына дейін жетеді. Егер автобус бағыты ұзақ болса, қосымша қуаттау стансалары қарастырылған. Мәселен, бір аялдамадан жолаушылар автобустан түсіп-мінгенше, 5 минуттың ішінде оны қуаттап алуға болады. 90 жолаушыға арналған, жылдамдығы сағатына 60 шақырымға жететін бұл беларусьтық электробустар көрме барысында көптеген мемлекеттердің қызығушылығын оятқан-ды.
Айта кетерлігі, Алматы қаласында «Higer Quazar» экологиялық таза электр автобустарын шығаратын зауыт пайдалануға беріліп, компания екі түрлі электрлі автобустарды құрастырған. Ал Астанада «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде «Higer Quazar» қазақстандық электробусы алғаш рет қала көшелерімен жүрген болатын.
Енді осындай заманауи қоғамдық көліктер біздің көне шаһарымыздың көшелерінде зымырап жатса, бұл уақыт талабымен тең қадам басудың белгісі болмақ. Бүгінде жобаны іске асыру үшін бірқатар мәселелер бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілу үстінде.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>