Ұстаздар ұстанымы – жаңашылдыққа ұмтылу

Ұстаздар ұстанымы – жаңашылдыққа ұмтылу

Толқын Жорабекқызы,
№1 мектеп-лицейінің жоғары санатты мұғалімі

Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: бәрімізді еліміздің жаңғыру жолындағы жарқын істерге жұмылдырып отыр. Жасампаздыққа жетелеп, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет көшіне бастауда.
Ұлт Көшбасшысы биылғы Жолдауында жетінші басымдық ретінде адами капиталдың жаңғыру негізі екенін атап көрсетті. Оған білім беру ісін жаңа сапаға көтеру арқылы қол жеткізетінімізді алға тартты. Бұл бағытта сала мамандарының аянып қалмауы қажеттігін міндеттеді. Осы орайда Мемлекет басшысы «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап көрсетті. Жаңашылдыққа, үнемі ізденіске ұмтылу кез келген пән мұғалімінің өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Бүгінде еліміздің орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары басталып кеткені белгілі. Елбасымыз бұл үдерістің 2021 жылы аяқталатынын айтты. Өзім еңбек ететін Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейі де соңғы үш жылдан бері жаңартылған білім беру жүйесіне көшкен. Өзім осы оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бесінші сынып оқушыларына сабақ өтемін. Тәжірибеде байқағаным жаңа жүйе педагогтерден заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті маман болып қалу үшін біліктілікті ұдайы шыңдап отыруды талап етеді екен. Әрине, еселі еңбектің, ізденістің өтеуі де болатыны қуантады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көйбейтуді тапсырды. Егер біз өз біліктілігімізді одан әрі шыңдап, жұмыста белсенділік пен жаңашылдық танытсақ, табысымыз да одан әрі ұлғая бермек.
Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Мұндай жаңашылдық балаларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар Елбасы 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырды.
Ел ертеңі жарқын болуы үшін білімнің көкжиегін кеңейте беру абзал. Себебі адами капитал – қоғамның ажырамас бөлігі, мемлекет дамуының негізі.

Құлан ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>