Берекесі асқан Белбасар

Берекесі асқан Белбасар

Бір кездері екі қолын қусырып қарап қалған жұрт ауылдан қалаға үдере көшкені есте. Ол кезде елді мекендердің кейпі құлазыған ескі жұрттай еді. Қазір ырысы қос елге ырзық болған Шу өзенін бойлай қоныстанған Белбасар ауылындағы көз тоқтатып қарайтын нысандар: екі қабатты мектеп, балабақша, күмбезді зәулім мешіт, сондай-ақ соңғы үлгіде салынған жасанды төсеніші бар үлкен футбол алаңы. Шаруалар да алакөңілдіктен арылып, егін егіп, төрт түлік малды көбейтіп, алаңсыз кәсіппен айналысуда. Кейбір жастар да қайтадан ауылға бет бұра бастаған. Ауылға келіп шаруашылықпен айналыссақ дегендер де жоқ емес. Соның бірі – Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының тумасы Нұртан Әшімов. Ол өткен жылы туған ауылына оралып, 10 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан мол өнім алып, пайдаға кенелді.

Негізінен, Ескі Шу ауылдық округінде орталығы Белбасар ауылынан бөлек, Еңбекші және Тасөткел елді мекендері де бар.
Алғаш рет 1933 жылы «Белбасар» колхозын ұйымдастырып, басқарма төрағасы болып қызмет атқарған Хати Сауранбайұлы – бұл ауылдың үлгі тұтар ірі тұлғаларының бірі. Ел басына ауыртпалық түскен соғыс жылдарында жамбылдықтар танк колоннасы мен әскери ұшақ құрылысына 18 миллион қаржы жинағанда, Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбайұлының бір өзі 100 мың сом ақша аударған және әскерді жоғары дәрежеде керек-жарақпен қамтамасыз етудегі еңбегі үшін Қорғаныс министрінің Алғыс хатын және Еңбек Қызыл Ту орденін алған екен.
Өткен ғасырда қант қызылшасын егіп және шаруашылықтың өзге де түрлерін ілгері басқызып, «миллионер колхоз» атанған ауылдың кешегі әлеуетін әлі де аңыз қылып айтушылар бар. Белбасарлықтар сол еңбек дәстүрін бүгінде қайта жаңғыртқысы келеді. Соңғы кездері малды асылдандыруға да көңіл бөле бастағаны да содан. Қыста 1192 ірі қара, 544 жылқы, 15301 бас ұсақ малдан шығын болмаса, жаз шыға өрістегі төрт түліктің бұдан да көбейе түсері анық. Өткен жылы ауылда ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, алдағы уақытта кәсібінен нәсібін тапқысы келетіндердің қатары артқан. Бүгінде 231 қожалық иелері шаруашылықтарын шашау шығармай ұстап отырған жайы бар. Ескі Шуға қарасты Белбасар мен Еңбекші ауылдарының екеуі де өзен жағалауына жақын орналасқан. Суармалы егістігі, бақша өнімдерін егуге қолайлы алқаптары мол.
Ауылдық округте 526 оқушыны қамтыған 2 орта мектеп пен 14 оқушы оқитын негізгі мектеп, үш ауылда 2 дәрігерлік амбулатория, 2 ауылдық кітапхана, 50 орынға арналған балабақша, 1 пошта бөлімшесі мен 1 наубайхана және балалар ойын алаңы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, ауыл аумағында орналасқан серіктестіктер мен шаруа қожалықтар да мүмкіндіктерінше ауылдың әл-ауқатының көтерілуіне қолұштарын беріп тұрады. Сонымен бірге, ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру істері де әрдайым ауыл әкімдігінің назарынан тыс қалған емес.
Ауылдың әлеуметтік келбетіне тоқталсақ, аулалар мен көшелер қай кезде де таза. Ауыл тұрғындарының істің көзін таба білетін еңбекқорлығының бір дерегі ретінде айта кетейік. Белбасарда қыста да қияр өсіретін жылыжайлар бар. Қар кетіп, жер аяғы кеңейетін наурыз айының орта шенінен бастап, жазға дейін ауданның орталық базарын солар қиярмен қамтамасыз етеді.
Ауыл – темірқазығымыз, атамекеніміз. Ел жаққа қарап, елеңдеп тұратынымыз да содан. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, туған жерін қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Мемлекет басшысы оған «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деп өте айқын түсіндіреді. Белбасарда да осындай ел деп тұратын азаматтар бар. Соның бірі – Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев.
Ол өзі туып-өскен Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне үлес қосып, перзенттік парызын өтеуді естен шығарған емес. Болат Сауранбаев осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда 100 орындық үлкен мешіт, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып берген еді. Қазір сол стадион ауыл мектебінің меншігінде. Меценат енді сол елді мекеннен жастарға арналған үлкен спорт кешенін салуды көздеп отыр. Жер телімін сатып алып та қойған, құжаттарын рәсімдеу үстінде.
Міне, жүрегі ел деп соққан азамматтары бар, еңбекқор тұрғындары бар ауылдың тыныс-тіршілігі осындай. Бейнеткештіктің белгісі – елді мекен жыл өткен сайын ажарланып келеді. Бұл ауылдық округтің әкімі де осы жердің тумасы. Өткен жылы сайланған, бұған дейін көршілес жатқан Жаңа жол ауылының әкімі болған Жапарқұл Тәжиевке таңдау бекер түспеген секілді. Ол өзінің іскерлігімен көзге түсіп, көрші ауылды да көркейтуге көп үлес қосқан екен.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>