Инвестиция тартудың  тегеурінді тетігі қалыптасуда

Инвестиция тартудың тегеурінді тетігі қалыптасуда

Әулиеата өңірі кәсіптің қандай түріне болсын ыңғайлы. Құнарлы топырағы мен шұрайлы шөбін былай қойғанда, игерілмей жатқан қаншама қазба байлығы бар. Тек білек сыбана кірісетін бизнесмендер қажет-ақ. Сонымен, өңірде шикізат шығарумен шектелмей, оны өңдеп, дайын өнім түрінде өткеруге көшетін күн қашан тумақ? Шетелдік инвесторлар біздің өңірдің мұндай әлеуетін біле ме екен? Бұл сұрақтарға «Қазақ Инвест» ҰҚ» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Рамазан Ибраимов егжей-тегжейлі жауап берді. 

– Облыста кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту жолында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасы бастаған бірқатар құрылымдар күш салуда. Ал сіздердің компанияларыңыздың міндеті қандай?
– ҚР Президентінің тапсырмасына сай инвестициялық климатты жақсарту мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия қабылданғаны белгілі. Осы бағдарламаны жедел іске асыру шараларының бірі – инвестиция тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысының 2017 жылғы наурыздағы тапсырмасына сәйкес құрылған Қазақстанның шикізаттық емес экспортын дамыту мен ілгерілетуге және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы болып табылады. Компания тарапынан Қазақстанның барлық облыстарында аймақтық өкілдіктер құрылды. Өңірлік өкілдердің басты міндеті – шетелдік инвесторларды қолдау, жергілікті атқарушы органдарда олардың мүдделерін қорғау болып табылады. Сондай-ақ, компанияның аймақтық филиалы инвесторлар мәселелерін облыс әкімі деңгейінде жедел түрде көтеру өкілеттігіне де ие. Бұл – инвесторларға көмек көрсетуде билік үстемдігін едәуір азайтуға жәрдемдесетін әрекеттің бірі.
Аймақтық өкілдік шетелдік инвесторлардың жергілікті атқарушы органдармен жұмысын үйлестіріп, жүйелеуі тиіс. Сондай-ақ шетелдік инвесторлардың қатысуымен жобаларды жүзеге асыратын немесе жүзеге асыруды жоспарлаған компаниялардың түйткілді мәселелерін шешуде қолдау көрсетуі керек.
– Біздің облысымыз шетелдік инвесторларға не ұсына алады? Бизнесмендерді нақты қандай артықшылықтарымызбен қызықтыра аламыз?
– Бүгінде оңтүстік аймақ, яғни Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары республиканың жалпы инвестициялық әлеуетінің 11 пайызын құрайды.
Инвестициялық тартымдылықтың белгілі бір ұстанымы да бар. Бұл – нысанның орналасуы, кадрлары, инфрақұрылымы. Жамбыл облысы инвесторларды дәл осындай басымдықтарымен қарсы алады және бұл «қонақжайлылық» толығымен ақталады деп сенімді түрде айта аламыз.
Өңірдің әлеуеті зор. Мәселен, аймақтың географиялық орналасуына келсек, халқы тығыз шоғырланған, дамыған облыстармен, Қырғыз Республикасымен шекараласып жатыр. Көліктік логистика, минералды шикізаттың айтарлықтай мол қоры, қолайлы климаттық жағдайлары және ірі ауыл шаруашылық жерлерінің болуы инвесторларды қызықтырмай қоймайды. Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірлеріне тән талай тартымды факторларды – электр қуатының қолжетімділігін, білікті еңбек ресурстарын, бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды да атап өтуге болады. Айта кетерлігі, облыста барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ететін құрылымдар есебінде «Тараз» ӘКК»ҰК» АҚ, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы және жеке индустриалды парк жұмыс істеп тұр.
– Өңірімізде бизнес бастауға ниетті шетелдік инвесторлар үшін қандай жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылған?
– Әлбетте, инвесторлар инвестициялық жеңілдік түрлерімен қамтамасыз етіледі. Яғни технологиялық жабдықтар мен оның құрамдас бөліктерін 5 жылдан аспайтын мерзімге және технологиялық құрылғылардың қосымша бөлшектерін, шикізатты немесе материалдарды 5 жылға дейін импорттаған кезде олар кедендік баж салығынан босатылады. Сондай-ақ жер телімі мемлекеттік заттай грант түрінде жекеменшікке беріледі. Сонымен бірге 4 538 миллион теңгеден астам (13,5 миллион АҚШ доллары) инвестициялық жобалар үшін 8 жылға мүлік салығын төлеуден босату, 10 жылға жер салығынан, 10 жылға корпоративтік табыс салығынан босату және нақты салынған мүліктік қор салымдарының 30 пайызына дейін өтеу сынды қосымша инвестициялық жеңілдіктер ұсынылады.
– Компанияның өңірдегі филиалы өткен жылы қандай жұмыстар атқарды? Бүгінгі күнге дейін қай елдің инвесторлары тарапынан көбірек қызығушылық барын байқадыңыздар?
– Инвестиция тарту оңай шаруа емес. Бірақ бұл біздің мемлекетіміз үшін де, әлемнің барлық дамыған елдері үшін де аса қажет. ҚР Президенті «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «Шетелдік инвестицияларды тартуды елімізге білім мен жаңа технологияларды әкелу үшін де қолдану қажет» деп атап өткен болатын. Сондықтан біз бұл іске асқан жауапкершілікпен белсенді түрде кірістік. Компанияның облыстағы филиалы өткен жылдың маусым айында ашылды. Содан бері облыс аумағында орналасқан Қытай, Иран, Жапония, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, Германия елдерінің инвесторлық кәсіпорын басшыларымен түйткілді мәселелерді оңтайлы шешу бойынша қажетті көмек көрсету, қайта инвестициялау үшін мүмкіндіктер іздестіру мақсатында бірқатар кездесулер өткіздік. Бүгінде Қытай, Ресей, Түркия, Иран мемлекеттері тарапынан өңірімізде жұмыс бастауға қызығушылық жоғары.
Бастапқыда өңірдегі инвестициялық ахуалды талдай отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін аумақтық бөлімшелердің міндеттемелерін пысықтап алдық. Себебі, компанияның жұмысы шетелдік инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуге бағытталады. Онда келісім, рұқсат алу, виза бойынша көмек көрсету, шетелдік инвесторлар үшін жергілікті жобалардың дерек қорын қалыптастыру қамтылған. Осылайша әлеуетті инвестор өз елінде тұрып Жамбыл облысындағы жобаға қызығушылық танытқан жағдайда «Қазақ Инвесттің» өкілдігіне хабарласуына болады. Толық ақпарат алғаннан кейін бізге сол жерден-ақ алғашқы құжаттарын жібере алады. Тек келесі кезеңде ғана Ұлттық компанияның қолдауымен әлеуетті серіктестермен нақты жобалар және ұсыныстар бойынша кездесулер мен келіссөздер өткізу үшін Қазақстанға келеді. Инвестор жұмыс жағдайын түсінгеннен кейін өз жобасы бойынша аймақта «бір терезе» қағидаты аясында қызмет алады.
– Инвестиция тарту жұмысының арнайы формуласы бар ма? Инвесторларды қызықтыру үшін қандай тәжірибеге сүйенесіздер?
– «Қазақ Инвест» компаниясының басты мақсаты – әрбір инвестициялық жобаны идеясынан бастап дайын өнім шығарғанға дейін қолдау. Бірақ, бұл жұмысты жүргізудің қатып қалған қағидасы жоқ. Сондықтан, жағдайға қарай әрекет етуге, бейстандарттық тәсілдемелер қолдануымызға тура келеді. Алдымен, өңірдің мейлінше жағымды қырларын көрсетуге тырысамыз. Барлық елдердің елшілеріне облыстың үздік кәсіпорындары, артықшылықтары туралы мәліметтер жолдап, үнемі байланыста отырамыз. Инвестиция тарту мен қолдау жөніндегі түркиялық ISPAT агенттігінің тәжірибесіне де сүйенеміз. Бұл ресми ұйымның жұмысы елдегі инвестициялық мүмкіндіктер туралы әлемдік бизнес қауымдастығын ақпараттандыруға және түрік нарығына кіргенге дейін және Түркияда тұрақталу үдерісінде инвесторларға көмектесуге және одан әрі қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк бізге ұсыныстар береді. Жалпы, әлемдік рейтингте Қазақстан бизнес жүргізудің жеңілдігі жөнінен 36-орында тұр. Ал инвесторларды қорғау бойынша алғашқы үштіктің құрамында. Біздің тарапымыздан шетелдіктерге сараптамалық қызмет көрсету де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, қазір өңірге инвестиция тарту жолында бар күшімізді салудамыз. Жасыратын несі бар, бұрын инвесторлар келетін де, әр есікті тоздырып, сағы сынып, сандалып қайтатын. Ал қазір бәрі де ыңғайлы. Менің ұялы телефоным тәулік бойы қосулы. Қажет болса, инвесторларды әуежайдан күтіп алып, қажетті нысандарға, аудандарға ертіп алып барамыз.
– Жергілікті кәсіпорындар иелерімен бірлесе инвесторларды тарту жөнінде қандай жұмыстар атқарасыздар?
– Экспорттау, стандарттау бойынша жергілікті кәсіпорындарға ақпараттық қолдау көрсетеміз. Сұраныс болса, Астанадан арнайы мамандар шақыртып, семинарлар ұйымдастыруға да дайынбыз. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпорындардың бірі өз өнімін қандай да бір шетелде өтетін көрмеге шығаруды ойға алса, біздің компания олардың жалпы шығынының 50 пайызын көтереді.
– Өңірде таяу арада жүзеге асатын немесе жоспарланған инвестициялық жобалар туралы айтып өтсеңіз?
– Өзіңіз білетіндей, Жамбыл өңірі – химиялық өнеркәсіп әлеуетімен танымал. Осы орайда, түркиялық «YILDIRIM Group» компаниясы «Qazag Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп облысымызда кальций қосылған сода өндіретін зауыт салмақшы. Бұл компания басшылығы Елбасымен кездесіп, келісімшартқа қол қойды. Талас ауданында жүзеге асатын бұл жобаның қуаттылығы жылына 400 мың тонна, құны 252,4 миллион АҚШ долларын құрайды.
Ал «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «глифосат, гербицид, үшхлорлы фосфор өндіру» бойынша интеграцияланған химиялық кешенін биылғы бірінші тоқсаннан бастап іске қоспақ. Сондай-ақ каустикалық сода цехы қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Құны 71,9 миллиард теңгелік бұл жобаның инвесторлары – қытайлық компаниялар.
Сондай-ақ ресейлік «ЕуроХим» компаниясы Қаратау қаласында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт құрылысын жүргізіп жатқаны белгілі. Инвестициялық жобаның жүзеге асу мерзімі 2014-2022 жылдар аралығын қамтиды.
Германиялық «Aurum Deutschland AG» компаниясы облыста 45050,0 миллион теңгеге жылдық қуаттылығы 5100 келі тау-кен комбинатын соғу және алтын кен орындарын игеру жобасын қолға алмақ. Компания өкілдерімен маусым айында кездесу өтіп, бүгінде кен орындары бойынша мәселелер шешілуде. Осы орайда, жуырда жұмысын бастаған германиялық тағы бір инвестициялық жоба иесі «Gооd Look» компаниясын атап өтуге болады. Т.Рысқұлов ауданында «Aquila solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі француздық «Fonroche» компаниясымен бірлесіп, құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын күн электр стансасын салуды көздеп отыр. Жоба келер жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.
Тағы бір жарқын жобаның бірі – қазақстандық-қытайлық «Higer Quazar» бірлескен кәсіпорнының электрлік автобустар шығаратын зауыты. Жоба «Тараз» индустриялық паркі» индустриалды аймағында жүзеге асырылады. Зауытта жылына 300 экологиялық таза автобус шығарылатын болады. Жобаның құны шамамен 3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде бұл жобаның кейбір мәселелері бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, басқа да мемлекеттерден инвесторлар келіп, бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл жөніндегі толық ақпаратты аталған инвесторлардың нақты шешімінен кейін айтамыз. Әзірге жоғарыда аталған жобалар толық іске қосылса, бұл облыс үшін үлкен олжа болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қарлығаш Есбергенова

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>