Жаңа жүйе жаңғыруға жол ашады

Жаңа жүйе жаңғыруға жол ашады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында Тараз қаласындағы «Достық үйінде» өңірлік жобалық офис құрылғаны мәлім. Бағдарламаның негізгі 4 бағытын жүзеге асыруды көздейтін алаңдар интерактивті жүйеде жұмыс істеді. Жамбыл жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаевқа осы жаңа алаңдардың жұмысы таныстырылды.

Мәжіліс депутатына «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысын хабардар еткен облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Саясат Есеев ақпараттық жобаның қысқа уақытта өз жемісін бере бастағанын сөз етті. Соның бірі – әлеуметтік желіде ашылған «Сүйікті менің мектебім» айдары мен «Жамбыл түлегі» жобасы. Мектеп оқушыларын көркем әдебиет оқуға ынталандыру мақсатында құрылған «Оқы, тап» және «Оқымысты мектеп» жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Оған 28 колледжде және 256 мектепте іске қосылған «Рухани жаңғыру» орталықтарының тигізіп отырған ықпалы да көп екенін айта кету керек.
«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша біздің өңірде 73 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Бірінші кезекте аудандардағы тұрғындарға қолұшын беруге мүмкіндігі бар кәсіпкер азаматтардың, есімі елімізге, әлемге танымал облысымыздан шыққан меценаттарды анықтап, «Жаңғырған ауыл» жобасы бойынша демеушілердің көмегімен жыл сайын 10 ауылды дамытуды (әр ауданнан бір ауыл) жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл жобаға жылына 670 миллион теңге жұмсалады деп болжануда. Сондай-ақ 2018-2019 жылдары «Айша бибінің мәңгілік махаббаты» атты көркем фильмін түсіру көзделген. Оған 280 миллион теңге қаражат қарастырылуда екен. Бұл жөнінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы туризм бөлімінің басшысы Жомарт Хажы айтып берді. Омархан Нұртайұлы өз сөзінде барлық жобалар жайлы тұрғындарды хабардар етіп отыру қажет екенін айтып, бастамаларға оң бағасын берді.
«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша біздің өңірдегі интерактивті алаңшаның жұмысын Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Элдар Беделбай баяндады. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев алаңшадағы ақпараттар нақты және жедел жаңартылып тұруы керек екенін қозғап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Интерактивті алаңшадағы ауқымды шараларды қамтыған жобалардың бірі – «Рухани қазына» кіші бағдарламасы. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет бөлімінің басшысы Асхат Тажаяқовтың айтуынша, бұл бағытта өңірімізде 39 жоба жүзеге асырылады екен. Соның 8-і Қазақстанның сакралды картасына енгізілген. «Табиғи байлық қорлары» жобасының да берері мол.
«Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев Мәжіліс депутатына «100 жаңа есім» жобасы шеңберінде қолға алынған жұмыстар жайлы айтып берді. Осы үлкен жоба аясында бүгінде облыстың «100 жаңа есімін» анықтау қолға алынып жатыр екен. Омархан Өксікбаев үздік жүздікке лайықты адамдардан іріктелуін, таңдаудың әділ өтуі қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты «Достық үйін» аралап көрді. 220 орындық мәжіліс залының келісім мен тұрақтылықтың ашық диалог алаңына айналарына сенім білдірді. Соңынан БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.

Есет Досалы
Суретті түсірген
Ақәділ рысмахан

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>