Айзере мен Айсезім Астанада қауышты

Неге екенін, немереміз Айзере өзі жақсы көретін «Қазақстан» шоколадын «Астана» деп атайды. Оның осынысының өзінен бас қаламызды бір көргісі келетінін байқау қиын емес. Онда барсам, «Астана» шоколадына бір тоятын шығармын деп ойлай ма, әлде…

Бала деген – періште, айтқаны айдай келіп, өткен жаз айында апасы екеуінің Астанаға жолы түсті. Ол біраздан бері Тараздағы «Әлем» балалар би студиясына барып жүр еді. «Салют талантов» жобасы аясында Мәскеуде өткен халықаралық сайысқа студияның бишілер тобы құрамында қатысып, бірінші орынды иеленіп, лауреат атанып қайтқаны да бар. Ал жазда 4-9 жас аралығындағы бүлдіршін бишілер бұрнағыдан да үлкен құраммен Бурабай курорты аймағында өтетін Халықаралық VI «Жазғы отшашу» байқау-фестиваліне жол тартқан. Көп өтпей, олардың тағы да топ жарып, жеңімпаздық тұғырына көтерілгенін естіп, білдік. Ең қуаныштысы, құрамында Айзереміз бар бүлдіршін бишілер тобы одан әрі «Салют талантов» жобасының Санкт-Петербургте өткен ақтық сайысында да бірінші орынды иеленіп, айды аспанға шығарып қайтқан еді. Қуаныш үстіне қуаныш дегеніңіз осы.
Айтпақшы, ұлым қызмет бабымен барып, келінім және кіші немерем Айсезім үшеуі пәтер жалдап, Астанада тұрып жатқан. Бірер қадам жердегі Бурабайдағы Айзере мен апасы екеуін жеңістерімен құттықтап қайтқан екен. Әсіресе, бір айға жуық уақыт бойы отбасын көрмей, ата-әжесін, әпкесін сарғая сағынумен жүрген небәрі екі жастағы Айсезімнің қуанышында шек болмапты. Сәби екеш сәби де отбасын алмай-бермей сүйеді екен-ау! «Отбасым, Отаным» деп лүпіл қағар сәби жүрегі қандай пәк, таза! Әйтеуір, үй іші түгелге жуық «көшіп» келгеніне мәз-мейрам болып, көңілі тасып, сол күні түнде балбырап тыныш ұйықтапты. Ертесіне барлығы Астананы аралап, бас шаһарымызды дүбірлетіп жатқан ЭКСПО көрмесіне де барған. Бәрінен де кішкентайлардың балмұздаққа мелдектеп тойғанын айтсаңызшы! Осылай үйдегілердің біраз күн «астаналық» болып күн кешкені бар. Ең бастысы, олар үлкен-кіші үшін арман болған ару қала, ай қаланың көрнекі орындарын құмардан шыға тамашалап қайтты ғой.
Былтырғы жаз осынысымен де ұзақ есте сақталатын болар, сірә!

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>