«Құлтемір» жұмсайтын күн жақын

«Құлтемір» жұмсайтын күн жақын

 Елімізде робототехника кенжелеп дамып жатқанымен, әлемде ғылым мен өндірісте кеңінен пайдаланылып отырғаны жасырын емес. Германиядағы өндірістік роботтарды шығаратын әлемдік деңгейдегі көшбасшы компаниясы «KUKA», Жапониядағы «Кawasaki Robotics», «FANUC», «OTC Daihen», «Panasonic» және АҚШ-тағы «Triton Manufacturing», «Kaman Corporation»-ның өзара бәсекелестігі – соның айғағы. 

Дегенмен, кейінгі кездері елімізде робототехниканы дамытуға басымдық беріле бастады. Әсіресе жастарды мектеп жасынан осы салаға бейімдеуге аса көңіл бөлінуде. Жуырда ғана облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданында «Робототехника – оқу үрдісінде» атты аудандық презентациялық семинардың өткізіліп, аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде «Робототехника» үйірмелері мен элективті курстарын ашу туралы мәселе көтерілді. Ол үшін аудандық қазынадан 6 миллион 474 мың 600 теңге бөлініп, оған 33 дана «Лего» роботтары сатып алыныпты. Оған қоса, ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен аудандағы мектептерде жаңаша бағытта түрлендірілген физика, химия, биология кабинеттері және лингофонды мультимедилық кабинет пен робототехника кабинеттерін жасақтау қолға алынып жатқан көрінеді.
Қолдау болса, қаржыландыру жүйелі жүргізілсе, маман тапшылығын жою мәселесі де шешімін табатыны анық. Себебі, бүгінгі күні еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінде, Назарбаев университетінде, енді міне, орта білім беретін мектептерде балалардың, жастардың бұл саланы игеруіне мүмкіндігінше барлық жағдай жасалып отыр. Мәселен, 2016 жылдың өзінде информатика пәнінен сабақ беретін 315 мұғалім «Робототехника» бойынша арнайы курстан өтіпті. Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Дархан Тәтібековтің айтуынша, алдағы уақытта аудандағы 11 мектепте робототехника үйірмелері ашылады екен.
– Бұл роботтар тек информатика пәні бойынша емес, одан бөлек, физика, математика және технология пәндерімен қатар қолданылуы керек. Қазіргі кезде біз 5 түрлі робот сатып алып отырмыз. Олардың алғашқысы – «Геробой». Ол екі дөңгелекте тепе-теңдікті еркін сақтап тұра алатын ерекше робот. Одан кейінгісі «күшік робот» деп аталады. Өз бетінше үріп, бірнеше функцияларды атқара алатын ол, ұзақ уақыт қолданылмай тұрса, ұйықтап қалады. Келесісі «түс ажырату роботы». Өзіне орнатылған арнайы құрылғы арқылы кез келген түсті ажыратып, әрқайсысын өз ұяшығына орналастыра алады. Яғни болашақта бұл роботты дамыта түссек, өндірісте қоқыстарды іріктеуге өз септігін тигізе алады деп ойлаймын. Бұдан бөлек «базалық роботымыз» бар. Оның ерекшелігі – оған қандай бағдарлама енгізгеніңізге қарай жұмыс істейтіндігінде. Ал соңғысы «роботтандырылған қол» деп аталады. Оның міндеті – кез келген затты уысымен көтеріп, қалаған орынға орналастыру. Ал ең қиыны – оларды бағдарламалау. Сондықтан оқушыларға роботпен жұмыс істеуді жастайынан үйретіп, алдағы уақытта өз беттерінше жаңа робот жасауды және оны өндірістік тәжірибеде қолдануды көздеп отырмыз, – дейді Дархан Рахымбердіұлы.
Расымен де роботтарды құрастыру және оларға қажетті бағдарламаларды енгізу – өте күрделі. Ал информатика робототехникадағы есептеулердің жартысын шешеді, сонымен қатар алгоритмдеу және бағдарламалауды оқытуда да оның пайдасы көп. Сондай-ақ негізгі алгоритмдік құрылымдарды және бағдарламалауды жеңілдетуде және жоғары сыныптарда оқитын оқушыларды мәтіндік бағдарламалау тілдерімен жұмыс жасауға, модельдеу үрдісін түсіндіруге, өздерінің жеке үлгілерін жасауға, берілетін және қабылдап алатын ақпараттарды рәсімдеуге, ақпараттық технологиялар құралдарын білім беру үрдісінде сауатты қолдануға, шығармашылық, оқытушылық және жобалық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Жалпы, білім беру мекемелерінде робототехниканың кең тараған түрі ол – «Lego Mindstorms» жиынтығы. Біз сөз қылып отырған роботтарда да осылар.
Шу ауданында ашылған робототехника үйірмесі бұдан бөлек Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарында және Тараз қаласында да ашу жоспарлануда. Облыс әкімдігі білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыс бойынша 31 мектепке 89 робот беріліпті. Оның 42-і жергілікті бюджет есебінен алынса, қалған 47 робот демеушілердің қолдауымен сатып алынған.
Осы мәліметтерге қарап отырып, робототехниканы дамытуға басымдық беруде Шу ауданы өзгелерге қарағанда оқ бойы озық тұрғанын байқауға болады. Дәлірек айтқанда, 89 роботтың 33-і Шу ауданына тиесілі болса, Тараз – 5, басқа аудандардан Жуалы – 1, Жамбыл – 9 және Талас – 6 дана алған. Сонымен қатар, өңіріміздегі мектеп-интернаттар да осындай роботтармен жұмыс істеуде. Дегенмен, жаңадан қолға алынған жүйе болғандықтан шығар, өңірімізде жас робототехниктер арасында жарыстар әлі ұйымдастырыла қойған жоқ. Облыстық білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығы директорының орынбасары Жібек Тайғараева ол алдағы уақыттың еншісіндегі жоспар екенін айтады. Бірақ, бәсеке жоқ жерде, көрсеткіш те жоғын ұмытпау керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек. Бұл жердегі негізгі фактор төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер» деген болатын. Міне, жоғарыда айтылған шаралардың барлығы алға қойылған осындай міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырудың алғашқы қадамдары десек болады.

Ерғали қартайған

Шу ауданы

P.S. Бүгінгі күннің талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Негізгі талап – оқушыларға ақпараттық білім беру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және оқушы ақпараттық әлеуетінің артуы мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу. Қалай десек те, робототехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және тәжірибелік тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді. Сонымен қатар жастарды ғылым, техника, физика, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандыратынын ескерсек, осы саланы дамытуға қолдау аса қажет.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>