Жарқын істер жалғасын табады

Жарқын істер жалғасын табады

Бейсенбі күні өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев Байзақ ауданында болып, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылу барысымен танысты.

Байзақ ауданы, Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылындағы «Мамбетова К» жеке кәсіпорны шұжық және нан өнімдерін өндіреді. Екі ауысымда жұмыс істейтін бұл кәсіпорында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысы Раушан Мәмбетованың айтуынша, қазір онда шұжық өнімдерінің – 60, нан өнімдерінің 4 түрі шығарылады екен.
Талас ауылынан өндірілетін тәтті тоқаштарға бүгінде өз облысымыздың әр ауданымен қатар, Алматы және Байқоңыр қалаларынан тапсырыс берушілер көп. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несиеге алып, нан пісіретін пешті іске қосқан кәсіпорында қазір еңбек өнімділігі де арта бастаған. Ең бастысы, мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Осындай жағымды жаңалықтардан хабардар болған сенаторлар кәсіпорын басшысының жұмыстарына табыс тіледі.
Парламент Сенатының депутаттары Көктал ауылында салынып жатқан май өңдеу цехына да арнайы атбасын бұрды. Бұл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, 74 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алған екен. Қазір онда жаңа құрылғыларды іске қосуға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өндіріс орны толық қуатында іске қосылса, 50 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жас кәсіпкер Болат Есенбаев сенаторларға осындай ауқымды жоспарлары барын жеткізіп, хабардар етті.
Ал өңіріміздегі жұмыс сапарын облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысудан бастаған Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан бейсенбі күні «Тараз – Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, жұмысшылармен кездесті. Мұндағы жұмыс барысын мәлімдеген бас инженер Шүкір Ахымов мекеменің қол жеткізген жетістіктерін де айтып өтті. Дегенмен, мұнда шешімін табуы тиіс бірқатар проблемалар бар екен. Соның бірі – көрші Қырғыз елімен шекаралас орналасқан «Киров» су қоймасын қоршап, сол жерге қуаттылығы жоғары бейнебақылау орнату мәселесі.

Бұл қоймаға судың мөлшерден тыс көп жиналатыны белгілі. Сондықтан, қауіпсіздік шараларының ескерілгені жөн. Сондай-ақ, аталған мекемеге су тазарту қондырғыларын орнату мәселесі де шешімін күтуде. Ол үшін облыстық бюджеттен бөлек, республикадан да қаржы қарастырылуы қажет көрінеді. Мекеме қызметкерлерінің осындай уәждерін тыңдаған Мәжіліс депутаты Құдайберген Төлепұлы бұл ұсыныстарды Парламент отырысында көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізетінін айтып, уәде берді. Сондай-ақ, ол «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамының ұжымымен де кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Жамбыл өңіріндегі жарқын істердің бірі емдік қасиеті бар кіші Ақкөл көлінен шығатын балшықты сауықтыру мақсатында қолдануға мүмкіндік беретін «Айша бибі» шипажайының ашылғаны еді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қолдауымен ашылған Жамбыл ауданындағы емдеу-сауықтыру мекемесіне арнайы барған Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға шипажай директорының орынбасары Хамиди Шаухаров ондағы жұмыс барысын таныстырды.
«Айша бибі» ашылғалы бері 4 айда онда 80 ардагер емделіп, демалған. Сауықтыру мекемесінің жұмысы жыл бойы үзілмейді екен. Қазірдің өзінде емделушілер көп. Шипажай алдағы уақытта аудан, ауылдарда тұратын еңбек ардагерлеріне де сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Мамандар Ақкөл көліндегі емдік қасиеті бар балшықтың қоры әлі жүздеген жылға жетеді деп болжауда.
– Осындай ғажайып шипажайдың Жамбыл жерінде ашылуы өте қуантарлық жағдай. Мынау Ақкөл көлінің балшығы – Әулиеата өңірінің халқына берілген үлкен олжа, несібе. Мұндағы әр ардагердің денсаулығының жақсаруына осы шипажайдың септігі тие беретініне сенімім зор, – дейді Бекболат Тілеухан.
Бұдан кейін Бекболат Тілеухан Тараздағы «Руханият» орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Орталықтың құрметті қонақтарға арналған естелік кітабына өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Парламент депутаттарының сапары алдағы күндерде кестеге сәйкес жалғасады.
Айдана ШОТБАСОВА,
журналист

Байзақ – Жамбыл

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>