«Ақпыз, қара, сарымыз,  ағайынбыз бәріміз!»

«Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз!»

бүгінде жүрегі дархан даладай кең, мейірім-шапағаты өзен суындай мөлдір жандар баршылық. Оларды көргенде жаның жадырап, жүрегің елжіреп кететіні шындық. Меркілік Ғалым мен Әлияның отбасына қарап сондай сезімді бастан кешіріп, сүйсіндік. Олар бүгінде өздерінен туған үш баламен қатар, сегіз баланы бауырына басып, тәрбиелеуде.

Иә, біз бақытын даладан емес, баладан іздеген елміз ғой. Десек те қазіргі таңда өз туған баласынан безген безбүйректерді де көріп, көңіл құлазып жүргені өтірік емес. Ал арамызда ана атану қуанышына ие бола алмай, арманда жүрген жандар қаншама?! Әлбетте, бұл екеуі екі түрлі ұғым. Қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерді түрі мен тіліне қарамай-ақ бауырына басып, өз балаларындай мейірім нұрын себезгілетіп жүрген ерлі-зайыпты Ғалым мен Әлияның ісі көпке үлгі. Аудандық жол полициясының инспекторы Ғалым Арыстанбаев пен жұбайы Әлия Кебегенова өз перзенттерімен қатар, сегіз бала асырап алып, көп балалы отбасы атанып отыр. Ең ғажабы да, қызығы да сол – асырап алған сегіз баланың әртүрлі ұлт өкілінен болғандығы. Олардың қатарында əзірбайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар да бар. Осыдан үш жыл бұрын осындай игі қадамға барған отбасы бүгінде «Балалы үй – базардың» күйін кешіп, арқа-жарқа болып, қуанышты күндерді бірге өткеруде. 

– Мен жанұямның осындай үлкен болғанын ертеден армандап келген едім. Міне, сол арманым орындалды деп нақты айта аламын. Жұбайым Әлия екеуміз бұл істе бір-бірімізді қолдап, демеу болдық. «Жанұялық типтегі балалар үйі» бағдарламасы туралы В.Савва балалар үйінің мұғалімі Фарида айтты. Әйеліммен кеңесіп, осындай жауапты шешім қабылдадық. Бес баланы асырап алу идеясы балалармен танысып жатқанда әйелімнің ойына келді. Алғашында бір баланы алуға барып, жасы әртүрлі бес баланы әкелдік. Олар бір балалар үйінен, әрі өзара тату болғандықтан, бөлгіміз келмеді. Кейін үш баланы «Үміт» бөбекжайынан асырап алдық. Қазір бұл ісімізге еш өкінбейміз. Шүкір, бүгінде барлығының дені сау, жағдайлары жақсы. Өзіміздің үш баламызды қосқанда, қазір барлығы он бір ұл-қызымыз бір-біріне бауыр, дос, жанашыр, – дейді 39 жастағы полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев. Полицей бала асырап алу туралы ойын айтқанда, туыстарының қатты таңғалғанын да жасырмады, кейбірі тіпті қарсы болыпты, бірақ қазір олар материалдық жағынан да, рухани жағынан да көмектерін аямайды екен.
Балалардың әр ұлттан екендігі олардың өзара қарым-қатынасына еш кедергі келтірмейді. Атап айтар болсақ, үш қыздың үлкені Зарина – әзірбайжан, ортаншысы Карина – қытай, Әсел – өзбек қызы, Гүлжан – қазақ, кішісі Алсу – татар. Ал балалардың үлкені Рафаэль – сыған, ортаншысы Алеша – орыс, Алим – ұйғыр. Балалар бір-біріне ұқсамағанымен, бәрі де бір тілде, яғни қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ мектебінде оқиды.
Негізінен балалар тəрбиесімен мамандығы бойынша педагог полицейдің жұбайы айналысады. Қазір ол жұмысын тастап, өзін толығымен отбасына арнап отыр. Ал Ғалым Арыстанбаев көп жылдар бойы Отанына адал қызмет етіп келеді. Айта кету керек, отбасындағы ауызбірліктің арқасында Арыстанбаевтар «Мерейлі отбасы» конкурсында бірінші орынға ие болған. Осы және балалардың өзге де жетістігі жайлы әңгімелеген отанасы Әлия барлық баласын бірдей жақсы көретінін жеткізді. Ол біз жоғарыда негізге алған ән жолдарындағыдай көңілі кең, жүрегі мейірімге толы ана екендігі көрініп тұр.
– Мен өте бақытты анамын. Балалардың барлығын өз баламдай көремін. Әрине, олар әртүрлі. Мінездері де әрқалай. Бірақ, біз бір-бірімізді таптық деп ойлаймын. Жолдасым екеуміз өте қуаныштымыз. Алғашында, өзіміздің үш ұлымыз болған соң, қыз асырап алсақ деп ниеттенгенбіз. Ақыры, ниетіміз еселеніп, көп балалы жанұя атандық. Кейде қайсысының өз балаң, ал қайсысының өз балаң емес екенін де ажырата алмай қалатын жағдай болады, – дейді Әлия ағынан жарылып.
Осындай игі ісінің арқасында өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өткен Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған полицей Ғалым Арыстанбаевтың отбасында ортақ Отан, ортақ үй, ортақ тәрбиеде бой түзеп, ержетіп келе жатқан перзенттер Тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар азаматтары болып өседі деп үміттенеміз. Жас отбасы өздерінің шағын балалар үйін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жанғазы Ахмет
Меркі ауданы.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>