Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер артады

Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер артады

2018 жыл есік қақты. Әр адам жаңа жылдан жақсы үміт күтеді. Мұндай игілікті істер әлеуметтік салада да көрініс табуда. Биылғы жылдың басынан барлық зейнеткерлердің зейнетақысы 8 пайызға, әлеуметтік төлемдер 6 пайызға көбейгені белгілі. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы белгілеген «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамға» сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңа түрі – жаңа нысандағы әлеуметтік көмек беріле бастады. Біз осы орайда әлеуметтік саланы қадағалайтын жауапты органдардың басшыларына хабарласқан едік.

Еңбек өтілі көп кісінің зейнетақысы да төмен болмайды

Әлімқұл Тұрысов, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы:
– 2018 жылдың қаңтарынан бастап барлық зейнеткерлердің зейнетақысының көлемі 8 пайызға, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға, мемлекеттік базалық әлеуметтік төлемдер көлемі 6 пайызға көбейіп отыр. Барлық қаражат көлемі есептеліп, бұл мәселені жүзеге асыруға дайын отырмыз.
Одан бөлек, тағы бір жаңалық бар. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау әдістемесін өзгерту көзделген. Базалық зейнетақы жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (58-63 жас) және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Бұл ретте әр адамның 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынатын болады. Бұған қоса, басқа әлеуметтік маңызы бар кезеңдер – үш жасқа дейінгі балаға күтім жасау, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау, дипломаттардың жұбайларының шетелде тұрғаны, әскери қызметшілердің, әлеуетті құрылымдар қызметшілерінің жұбайының жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ болған жерлерде, бірақ 10 жылдан көп емес уақыт тұрған кезеңдері қосылады.
Бұл ретте базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болған, мүлдем болмаған кісілерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы (15 мың 274 теңге) көлемінде тағайындалады. Ал 10 жылдан артық әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға ұлғаяды. Егер еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп болған жағдайда зейнеткердің базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасында (28 мың 284 теңге) есептеледі.
Базалық зейнетақы тағайындау әдістемесін өзгерту еңбек өтілі көп, бірақ төмен (немесе ең аз) зейнетақы мөлшерін алатын зейнеткерлердің мәселесін шешуге, оның мөлшерін анықтауға бірыңғай тәсілді белгілеуге, зейнетақы жүйесіне қатысуды және еңбек қатынастарын заңдастыруды ынталандыруға арналған.

Жұмысқа жарамды азаматқа масылдық жараспайды

Жорабек Баубеков, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы:
– Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы белгілеген «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамға» сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңа түрі – жаңа нысандағы әлеуметтік көмек беріле бастады. Ұлт Көшбасшысы бұл орайда масылдық психологияны жоюды көздеп отыр. Біздің облыста 2014 жылдан бері «Өрлеу» жобасы пилоттық жоба ретінде пайдаланылған.
Сонымен жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не? Осы кезге дейін отбасылық табысы күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан аспайтын азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа толмаған көп балалы (4-5 бала) отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы жеке-жеке төленіп келді. Енді осы үш төлемнің орнына тек қана жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек төленеді.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек – отбасының барлық мүшелерінің табыстарын есептей отырып, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтарға төленеді.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек – шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек – отбасында еңбекке қабілетті мүшелер бар болған жағдайда, оларды жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне тарта отырып, беріледі. Ол азаматтың өтініш жолдау арқылы басқа кәсіп бойынша курстардан өтуге құқығы бар. Бұл көмекке құжаттар 6 ай сайын өткізіледі. Егер ол азамат ұсынылған жұмыстан бірінші рет бас тартса, оған тиесілі көмектің 50 пайызы қысқарады, ал екінші рет бас тартқан жағдайда өзіне тиесілі жәрдемақының тағы 50 пайызы қысқарып, көмектен құр қалады. Бірақ отбасының басқа мүшелеріне тағайындалған көмек жалғаса береді.
Бұл атаулы әлеуметтік көмекті алған адам мемлекетіміздің қамқорлығын, қиын жағдайларға тап болған кісілерге қолдау бар екенін сезінуі тиіс. Сондай-ақ жұмысқа жарамды азаматтардың «алма піс, аузыма түс» деген психологиядан арылатын мезгіл жеткенін ұғынғандары жөн.

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
журналист.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>