Ардагерлер әрдайым құрметке лайық

Ардагерлер әрдайым құрметке лайық

 Жаңа жыл қарсаңында тараздық бірқатар соғыс және еңбек ардагерлері айрықша елеулі сый-құрметке ие болды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы теміржолшы Базарбай Бүрбаев та бар. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев оның отбасына арнайы барып қарт майдангерді жалпыхалықтық мерекемен құттықтап, «Арай-2» шағын ауданынан пәтер кілтін табыс етті. 

Сонау жылдары бозбала жасында ел мен жерді қорғау үшін қолына қару ұстап, от пен оқ кешіп, сұрапыл соғыс майданын бастан өткерген, жасы 93-ке толғанда өзіне мұндай сый-құрмет көрсетіледі деп те күтпеген қарияның қуаныштан жүзі бал-бұл жайнайды.
– Елбасының сарабдал саясаты қоғам өмірінің барлық саласына қозғау салумен келеді. Әсіресе құрылыс қарқын алып, қалалар мен елді мекендерде сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Мыңдаған қазақстандық баспаналы болды. Тек Тараз қаласында 2017 жылы 1200 азамат қоныс тойын тойлады. Жаңа жыл қарсаңында бірқатар қала тұрғындарына пәтерлер берілуде. Соның ішінде 5 соғыс және еңбек ардагері де бар. Сол пәтердің бірі – өзіңіздікі. Жаңа үйіңізге арналған жаңа теледидарымызды да ала келдік. Жаңа жылыңыз құтты болсын! – деген Кәрім Нәсбекұлы кешегі майдангер – бүгінгі ардагер, абыз қартқа пәтер кілті мен оның құжаттарын, гүл шоқтары, себет толы жеміс-жидек, тәтті тағамдар түріндегі Жаңа жылдық сый-тартуын да қоса ұсынды.
Тоқсанның төріне шыққан қарт майдангерді Жаңа жылмен құттықтаушылар қатарында қала әкімі Рүстем Дәулет, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Еркінбек Солтыбаев, Алдияр Түсіпов қатарлы азаматтар болды. «Жасымды сыйлап, еңбегімді елеп-ескеріп, осындай қуаныш сыйлаған Елбасымызға, облыс пен қала басшыларына айтар алғысым шексіз» деп тебірене толқи сөйлеген қария: «Е, Құдайым оңдасын, қайда барсаң, жол болсын, не тілесең сол болсын! Өмірде бақытты болыңдар, өсіңдер, өніңдер!» – деп ақ батасын берді.
Базарбай қария сонау 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы шекарада жасақталған 393-атқыштар полкі құрамында минометші болған екен. Манчжурия, Мугден, Харбин тағы басқа да қалаларды азат етуге атсалысыпты. Үлкен Хинган тауында өткен ауыр шайқасқа да қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі мен қайсарлығы үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталыпты. Манчжуриядан елге 1947 жылы бір-ақ оралған. Бейбіт өмірде де ел экономикасы өсуіне аянбай өзіндік үлесін қосып, 1947 жылдан 1988 жылға дейін Жамбыл локомотив депосында машинист болып еңбек етіпті. «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері. Өмір жолында небір қиыншылық пен жоқшылықты, ашаршылықты да көрген қария бүгінде өзінің еңбегінің жемісіне бөленіп, бес ұл, екі қызынан тараған 15 немере, 13 шөбересінің арасында әдемі қариялық шағын өткеруде екен.
Бұдан кейінгі әңгіме Бүрбаевтар әулеті қуанышқа орай жайған мерекелік дастархан үстінде одан әрі жалғасты.
Осы күні, сондай-ақ аталған «Арай-2» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтерге тараздық Ұлы Отан соғысының ардагері Тиморян Шаңғараев та ие болды. Жаңа пәтердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов ардагер қарияның үйіне арнайы барып табыстап, Жаңа жылмен құттықтады. Тараздық және бір ҰОС ардагері, Солтүстік Кавказ майданындағы ең ауыр шайқастардың бел ортасында болған Балтабай Сатувалдиевтің отбасында болған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке өңір басшысы атынан сый-сияпат жасады.
Айта кету керек, биыл жалпы облыс бойынша 320 мың шаршы метр тұрғын үй алқаптары соғылды. Бұл дегеніміз – былтырғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Бұл тәуелсіздік жылдары аймақтың жеткен ең жоғары жетістіктерінің бірі ретінде бағалануда.

Баймаханбет Ахмет

Суретті түсірген
Виктор барбаш

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>