Сұлужан салған ән қандай!

Сұлужан салған ән қандай!

«Сұлужанның өзі де, әні де сұлу».  Бұл белгілі өнер жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің жерлесіміз, дәстүрлі әнші Сұлужан Әбенованың өнеріне берген биік бағасы. Иә, Сұлужан шын мәнінде де нағыз талант иесі. Бүгінде ойын-сауыққа құрылған жеңіл-желпі даңғаза музыканың, дарынсыз орындаушылардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен шағында Сұлужандай әншілер сауатты тыңдармандар үшін қашан да қадірлі, бағалы. 

Қаршадайынан қазақтың қара домбырасын серік етіп, ұлттық музыканың қайнарынан қанып ішкен Сұлужан Әбенова Шу ауданының тумасы. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» мамандығы бойынша түлегі атанған дарынды қыз он бес жылдан бері облыстық филармонияның әншісі болып еңбек етіп келеді. Бір кездері ағасы Марғұлан Әбенов екеуінің дуеті, олар шырқаған есті әндер де көпшіліктің есінде. Ал жеке орындаушы ретінде тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып жүрген әнші халық әндерін және халық композиторларының шығармаларын нақышына келтіріп орындап, шеберлігімен көзге түсіп келеді. Сонау 2002 жылы облыстық «Алатау» жастар ән-би ансамбліне қабылданған ол талантымен талай биіктерден көрініп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, К.Әзірбаев атындағы «Шырқа дауысым» конкурсының 2-орын жүлдегері, Түркия Республикасында өткен Халықаралық «А1уі§а» фестивалінің лауреаты, облыс әкімінің шығармашылық жастарға арналған жүлдесінің иегері, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер байқауының І орын иегері және Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына арналған «Рухы Дәнеш жаңғырады, ұрпағы арнап ән салады» атты Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты атанған. Сондай-ақ халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» конкурсының дипломанты С.Әбенова 2009 жылы «Жолың болсын, жолаушы» атты шығармашылық концертін беріп, көпшіліктің қошеметіне бөленген.
Биылғы жылы «Қазақстан» ұлттық арнасының ұйымдастыруымен өткен «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасында «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Жарты жылға созылып, 3 мыңдай қатысушыны қамтыған жобадан дараланып, жеңімпаздар қатарынан көрінген жерлесіміздің жетістігі барша жамбылдықтардың мерейін арттырғаны сөзсіз.
– Мен қандай биікке жетсем де қасиетті туған өңірімнің, жерлестерімнің, халқымның ықыласының, қолдауының арқасы деп білемін. Алдағы уақытта да мәнді, мағыналы әндерді шырқап, тыңдармандарымның жүрегіне жол табуға тырысамын. Арманыма келер болсам, дәстүрлі ән мектебін ашып, балаларды мектеп жасынан дәстүрлі өнерге бейімдегім келеді. Сондай-ақ өзімнің жеке шығармашылық кешімді берсем деген ниетім бар, – дейді С.Әбенова.
Халықаралық, республикалық байқау, фестивальдерде облыс намысын абыройлы қорғап, өнерімен өңірдің мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Сұлужанды жуырда облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы құттықтап, ақшалай (500 мың теңге) сый-сияпат жасады. Яғни тауық жылын табысты өткерген жерлесімізді жамбылдықтардың «Жыл әншісі» десек, артық айтпағандық.

Жанғазы АХМЕТ

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>