Жаңа жыл құтты болсын!

Жаңа жыл құтты болсын!

Құрметті жамбылдықтар!
Баршаңызды Ұлы Дала елінің төріне шыққалы отырған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – жүріп өткен жылға лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын, адамзат баласына рухани серпіліс беретін, жарқын өмірге жол сілтейтін, сенімге серік болатын айтулы мереке.
Жыл сайын біз оны үкілі үмітпен, ізгі тілекпен қарсы алып, толайым табысқа ұласқан сән-салтанатымен шығарып саламыз.
2017 жыл да еліміз үшін берекелі әрі жемісті жыл болды. Тарих жылнамасына кетіп бара жатқан жыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында көрініс тапқан Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алып, қоғамдық санаға серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тарихи мақаласымен жарасымды жалғасын тапты. Даму мен өркендеуді көздеген Ұлт жоспарының екінші жылын аса зор табыспен аяқтадық.
Осы жылы елдігіміздің айшығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл, ал Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Еңселі елордамызда Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтті. Еліміз Азия мемлекеттерінің арасынан Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін бастады. Сондай-ақ, 2017 жылы Астана қаласында бүкіл әлем көз тіккен «ЕХРО-2017» халықаралық айшықты көрмесі өтті. Әлемнің 115 мемлекеті қатысып, 4 миллионнан астам турист тамашалаған көрме егемен еліміздің атын шартарапқа паш етті.
Ал өткен жыл қасиетті Әулиеата өңірінде де айтулы оқиғаларға толы болды. Оның ішінде, Азияның V Агрохимиялық форумы, «ANCIENT TARAZ-2017» халықаралық туристік форумы, «Ұлы дала өркениеті» халықаралық конгресі өткізілді. Өтіп бара жатқан жылы өндірісіміз өркендеп, түрлі салалар бойынша игі өзгерістерге қол жеткіздік. Жаңа мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Жүздеген облыс тұрғындары жаңа пәтерде Жаңа жылды қарсы алатын болды. Агроөнеркәсіп кешені жылды табысты аяқтады. Сондай-ақ, мәдени-рухани саладағы жаңа ізденістер де нәтижелі болды. Облыс спортшылары әлемдік жарыстарда топ жарып, егемен еліміздің намысын абыроймен қорғап қайтты.
Осындай игі істердің барлығы Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесі екені баршаға аян.
Құрметті жерлестер!
Татулығы мен ынтымағы жарасқан көп ұлтты облысымыздың әрбір тұрғынына туған өлкемізді өркендету мен гүлдендіру жолындағы ерен еңбектері мен рухы биік сүйіспеншіліктері үшін алғысымды жеткізгім келеді. Өйткені, біз, осыншама толағай табысқа жұдырық болып жұмыла жұмыс атқаруымыздың арқасында қол жеткіздік.
Жаңа жыл жаңа жеңістер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын. Ойлаған ойларымыз орындалып, татулық пен достық нығайып, қоғамда өзара әлеуметтік берік сенім орнықсын. Өйткені, біз әр жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша келе жатқан жаңа жылдан жақсылық пен қуаныш, бақыт пен мерекелік салтанат күтеріміз белгілі.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ашық аспан, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын!
Жаңа жылда баршамызға сәттілік серік болсын!
Елімізде балалардың шат күлкісі естілсін.
Жаңа жыл құтты болсын, ардақты ағайын!

Кәрім Көкірекбаев,
Жамбыл облысының әкімі.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>