Жаңғыруға бастаған жыл

Жаңғыруға бастаған жыл

Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдың соңғы жұмыс күнінде облыс әкімдігінде өңірлік комиссия отырысы өтіп, онда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының облысымызда орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі, комиссия төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелерімен қатар, аудан әкімдері, басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жыл бойы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Ағымдағы жылы мақала жарияланғалы өңірімізде оны насихаттап, жүзеге асыру мақсатында түрлі форматта 6500-ден астам іс-шара өткізілген. Оның ішінде Тараз қаласы (578), Қордай ауданы (425) көш бастап тұр. Ал бұл бағытта ең аз іс-шара ұйымдастырған Т. Рысқұлов (196) пен Сарысу ауданы (205) екен. Басқарма басшысының айтуынша, кей аудандар мүлдем басқа жиындарды да «Рухани жаңғыруға қатысты өтті» деп есеп беруді әдетке айналдырыпты. Бұл бағытта аз іс-шара өткізген кейбір аудан әкімдері оның санына емес, сапасына қарай жұмыс істеп жатқандықтарын айтып ақталды. Алайда облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы 500, 600-ге жуық іс-шараны ұйымдастырып, өткізе білген аудандардың жұмысын жоққа шығармау керектігін, санына да, сапасына да баса мән бере отырып жұмыс істеу қажеттігін қадап айтты.
Аталмыш тақырыпта республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-тарда барлығы 7961 материал жарияланыпты. Оның ішінде Жамбыл мен Т. Рысқұлов аудандық басылымдарында жарияланған материалдар саны аз. Ең көбі Тараз қаласы мен Сарысу, Жуалы аудандарының еншісінде.
Жалпы, жыл басынан бері 353 миллион теңгеге 22 жоба жүзеге асқан. Реестрге енген 82 жоба мен келер жылға жоспарланған іс-шараларға барлығы 4 974 010,0 миллион теңге қаралыпты.
Кәрім Нәсбекұлы басқарма, аудан әкімдіктері тарапынан жұмыс әлі де ширатуды қажет ететіндігін айтты.
Келесі кезекте аталмыш тақырыпта есеп берген облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова басқарма бастамасымен атқарылған 8 негізгі жобаға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Облыс басшысы басқарма басшысына тарихы тереңнен сыр тартқан Жамбыл жерінің туристік кластеріне баса мән беріп, негізгі жұмысты осы бағытта атқару қажет екендігін ескертті.
Мұнан соң ТИГУ мен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректорлары Ерболат Саурықов пен Махметғали Сарыбеков жоғары оқу орындарында рухани жаңғыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі келер жылы комиссия қарауына жобаларды ұсынуды, жоғары оқу орындары мен мектептерде мақаланы түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жетілдіруді тапсырды.
Суретті түсірген
Ерлан Омаров.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>