Жаңа пәтердің кілті табыс етілді

Жаңа пәтердің кілті табыс етілді

Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Бердібаев жаңа жыл қарсаңында үлкен қуанышқа кенелді. оған Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй алқабынан жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешенінен жаңа  пәтер берілді. Ардагерге  тұрмыстық-әлеуметтік  қолайлы  жағдай  жасалған  бір бөлмелі пәтердің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің тікелей өзі барып табыс етті. Жаңа жыл қарсаңында қуанышқа бөленіп, қоныс тойын тойлаған қарияның отбасы облыс басшылығына алғыс жаудырып, ақ дастархан жайды. Пәтер иесін құттықтап, ізгі тілек-ниетін жеткізген Бекболат Серікбекұлы бейбіт өмір кешіп, берекеге кенеліп жүргеніміз кешегі майдангерлер – бүгінгі ардагерлердің, Елбасының сындарлы саясатының арқасы екендігін, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсетіле де беретінін  атап өтті. 

 Қарияны жаңа қонысымен құттықтап барған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне жан-жақты қамқорлық жасап, құрметтеумен жүретін облыс басшылығына алғыс айтып, қоғамдық жұмыстарда айрықша белсенділігімен, беделімен танылған ардагердің бұл сый-құрметке әбден лайықты екенін атап өтіп, әлі де тұғырынан таймай, көп жасай беруіне тілектестігін жеткізді.

Бүгінде 96 жасқа толып отырған М. Бердібаев Жуалы ауданының Қоңыртөбе ауылында дүниеге келген екен. Соғыс басталған жылы әскер қатарына алынып, 1942 жылы Сталинградты азат ету шайқасына қатысқан. 1943 жылы Белоруссияда, одан кейін Прибалтика флотында минометші болыпты. 1945 жылы жаралы болуына байланысты елге оралған екен.
Соғыстан кейін араға 4 жыл салып аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Бурный МТС-інде директордың орынбасары, 1963 жылы училище директоры, 1979 жылы ауданда жаңадан ашылған ересектерге арналған мектептің директоры қызметтерін атқарады. Ол еңбек жолын да осы мектептегі қызметімен тәмамдап, зейнетке шыққан.
Қарт майдангер Ұлы Отан соғысының І-ІІ дәрежелі орденімен, «Қызыл жұлдыз», «Добрата спасет мир» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
Өнегелі өмірдің үлгісі болған Мұсахан Бердібаев – 1 ұл, 6 қыздың әкесі. Олардан 18 немере мен 29 шөбере сүйіп, мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп келе жатқан ақсақал өзіне көрсетілген бұл сый-құрмет үшін разылығын білдіріп, «Баршаларыңа менің жасымды берсін! Ел-жұртымыз аман болсын!» деген ақ батасын берді.

Қарлығаш Есбергенова
Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>