Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

Жемісті 

жетпіс жыл

2P8A0985

ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы, актер, драматург Әлібек Әмзеұлы жемісті жетпіс жасқа толып отыр. Өнер иесінің мерейтойы облыстық қазақ драма театрында салтанатты түрде аталып өтті.
Сахнаға көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мерейтой иесінің ұзақ жылдар бойы еткен елеулі еңбегін, өңір мәдениетін, театр өнерін дамытуға қосқан елеулі зор үлесін атап өтіп, жемісті жетпіс жасымен құттықтады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтау хатын тапсырды.
«Құрметті Әлібек Әмзеұлы. Сізді мерейлі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өнер – халықтың өшпес байлығы, сарқылмас асыл мұрасы. Бүтін бір ұлттың болмысы, парасат пайымы сол өнермен сабақтасып жатады. Сіз саналы ғұмырыңызды өнерді өркендетуге, мәдениет пен көркемөнердің қамқоршысы, іздеушісі болуға арнап келесіз. Еңбек жолыңызды өңіріміздегі өнердің қара шаңырағы қазақ драма театрында актер болып бастап, сол өнер ордасын басқарып, театрдың шығармашылық жағынан қарыштап дамып, алға басуына барынша күш салдыңыз. Ұзақ жылдар бойы облыс әкімдігі мәдениет басқармасына басшылық жасадыңыз. Ширек ғасырдан астам уақыт облыс мәдениетінің көркеюіне, талапты өнерпаздардың бүкіл елімізге танылуына сіздің қосқан үлесіңіз зор…» делінген құттықтау хатта.
Облыс әкімінің орынбасарлары Ерқанат Манжуов пен Тимур Жанке де ізгі ниеттерін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, ықыластарын жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған құттықтау хаты оқылып, кеш иесінің мерейін асыра түсті.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Әлібек Әмзеұлының еңбек жылдары мен өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев қала әкімі Рүстем Дәулеттің ізгі лебізін жеткізіп, өзінің жүрекжарды тілегін арнады.
Бұдан соң мерейтой иесі Әлібек Әмзеұлы сөз алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
Қодар көрген қорлық

Мерейтой өнер иесінің «Қор болған Қодар-ай!» атты фантасмогориялық спектаклімен жалғасты. Режиссер Қуандық Қасымов сахналаған қойылымның басталуы ә дегеннен-ақ көрерменді селт еткізіп, сендіре түсті.
«Тірі жүрсең, ел қарғасын, Қодар!
Жер басып жүрсең, жер қарғасын, Қодар!
Су сұрай барсаң, көл қарғасын, Қодар!
Өле қалсаң, көр қарғасын, Қодар!»
– деген суық қарғыстың ащы үні жаңғырып, көрерменді күрсіндіріп, зал ішін күңірентіп жібергені шындық. Бұл Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қозы мен Баянның аналары Мақпал мен Күнікейдің Қодарға деген қарғысы екені белгілі. Ал қойылымда бұл ащы сөздер режиссердің шешімімен бір топ аналардың аузымен айтылғаны қарғыстың өткірлігін еселей түсті. Өне бойды осып өтетін зарлы үн қойылым барысында қайталанып беріліп отырғаны жүйелі қарғыс күнәһардың қыр-соңынан қалмайтынының, сөздің киесі бар екенін сезіндіріп тұрғандай болды.
Шығармада ғашығына қолы жетпей, күнәға батып, арманда өткен Қодар өз Баянын іздеп бүгінгі кезеңге өтіп кетеді. Қойылымдағы оқиғалардың шиеленісуі сол тұстан бастау алды десек, қателеспейміз. Ескі ғасырдағы зұлымдығы үшін жаңа заманның Баяндарынан кешірім сұрағысы келген күнәһар ғашық ғасырлар арасындағы алшақтыққа аһ ұрып, өзгеріске өкініш білдірумен болады. Себебі, оның іздеп, тапқан Баяндары бірі қайыршы, бірі жезөкше, бірі мансапқұмар арсыз, енді бірі нәзіктігін жоғалтқан еркекшора кейіпте кездеседі. Өз ғашығының бойындағы асыл қасиеттерді бүгінгі бұрымдылардан көре алмайтынына көзі жеткен Қодар тіпті қорланып, қападан құсаланады. Әр Баянмен жүздесуі шым-шытырық оқиғалармен өрбіді. Қойылымның шарықтау шегінде үзілуге шақ қалған үміт қайта жалғанып, әлі дүниеге келмеген сәбиін Баяндай нәзік әрі ақылды етіп өсіруге серт берген жас келіншектің сөзі көпшілік көңілін демеп, күрсіністен арылтты. Қодар образын сомдаған талантты актер Кенен Ақүрпековтің шеберлігі көрермендерді сүйсінтсе, өзге де бейнелерді сәтті сомдаған театр актерлерінің еңбегі еш кетпеді. Оны жұртшылықтың толассыз қошеметінен байқадық.
Осындай ерекше жанрда қалам тербеп, өткен заман мен бүгінгі күнді шебер астастыра білген автор өз пьесасы арқылы екі кезеңнің әттеген-айларын, жан сыздатар олқылықтарын сенімді суреттей білген десек, артық айтпағандық.

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>