Жауапсыздық жарға жығады

Т. Рысқұлов ауданында бірқатар лауазым иелері Мемлекеттік қызмет істері туралы заңнаманың және әдеп кодексі талаптарын бұзып, өрескел қателік жасаған. Мәселен, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұржан Алкереев бөлімге бас маманды жұмысқа қабылдарда заң талабын сақтамаған. Осы үшін аудан басшысы бөлім басшысына ескерту беріпті. Ал Ақбұлақ ауылдық округі әкімі Е. Құлманов жетекші маманның міндетін атқаруды бұрын сыбайлас жемқорлық әрекетке жол берген қызметкерге жүктеген. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, аудандық соттың шешімімен ауыл әкіміне 100 айлық есептік көрсеткіш түрінде айыппұл салынып, жетекші маман қызметінен босатылған.

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев осы жайттарды мәлімдеп, әдеп кодексі талаптарын сақтамаған қызметшілерге қолданылған тәртіптік шаралар туралы баяндады. Солардың қатарында өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамай, бақылауды әлсіреткендері үшін сөгіс алған аудан әкімі аппараты персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Руслан Оразхан, қатаң сөгіс арқалаған осы бөлімшенің бас маманы Ғалым Жұматаев бар. Асқар Санатұлы алдағы уақытта барлық лауазым иелерінің жұмысына қатаң қадағалау жүргізіп, жұмысты оң жолға қоятынын айтты.
Әдеп жөніндегі кеңесте облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Талас ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Садықбековтің үстінен тәртіптік іс қозғағаны мәлім болды. Оның салғырттығынан Қаратау қаласындағы Дулатов, Ақкөл ауылындағы Абай және Тоқтарбаев көшелерін орташа жөндеуге техникалық негіздемелер және жұмыс жобасы жасалмаған, тек сметалық есеп жасаумен шектелген. Сонымен қатар Ақкөл ауылындағы Абай көшесін орташа жөндеуге бөлінген 21 миллион 732 мың теңгені бірыңғай ұйымдастырушыға ұсынбай, өзі басқаратын мекеме арқылы өткізген.
Жиында белгілі болғаны – заңсыздықтарға жол бергендер басқа да мекемелерде де бар екен. Мәселен, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы азаматтарға жүргізуші куәліктерін беруде және басқа да қызмет түрлерінде олқылықтарға жол берген. Ал Тараз қаласы жер қатынастары бөлімінде де қызмет алушыларға қызмет көрсету кезінде заң бұзған. Сондай-ақ Қордай ауданындағы Ауқатты ауылдық округінің әкімі Данияр Қарымсақов, Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Еркебай Мырзақұлов та тәртіп бұзушылыққа жол беріпті.
Жиын соңында Әдеп кеңесінің мүшелері облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Жүнісбеков пен Тараз қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбековке ескерту беру, өзгелерге қызметіне толық сәйкес емес деген шешім шығарды.

Есет ДОСАЛЫ

 

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>