Жамбылдық дзюдошылар жарап тұр

Ақтөбе қаласында өткен дзюдо күресінен ересектер арасындағы ел чемпионаты жамбылдық спортшылар үшін табысты аяқталды. Төрт күнге созылған дуы басым додада біздің облыстан 19 саңлақ қатысып, жарыс көрігін қыздырды.
Қазақ күресінде жасындай жарқырап, сан мәрте жанкүйерлерін қуантқан 90 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Дәулетхан Жақып дзюдо күресінде де өзінің еншісі бар екенін дәлелдеп берді. Қарсыластарының барлығынан айласын асырған Дәулетхан (бапкері Пархат Қылышбаев) алтыннан алқа тағынып, мерейімізді тасытты. Белдесу сайын қарқынын үдете түскен сайыпқыранның күресу мәнері көз сүйсінткені сөзсіз. Бұл салмақтың күміс жүлдесі де жамбылдық спортшының еншісінде кетті. Мұрат Әшімов жаттықтыратын Айбол Айтбек күміс медальді қанжығасына байлап, қуанышымызды еселеді.
Айтулы аламанда өзге де сайыпқырандарымыз татамиде тамаша өнер көрсетіп, облыс намысын абыроймен қорғады. Атап айтсақ, 81 келі салмақ дәрежесінде белдескен Азиз Қалқаманұлына қола жүлде бұйырды. Рахымжан Қожатаевтың шәкірті алтынға таласатын спортшылар санатынан болатын. Бәлкім, Азизге сәттілік серік болмаған шығар. Ең бастысы ол ел біріншілігінен құр алақан қайтқан жоқ.
Жігіттеріміздің жеңісті жорығын аруларымыз да жалғады. Шыны керек, ел біріншілігіндегі әйелдер додасы да тартысты жағдайда өтті. Арулар бәсекесінде ақтық сында сүрінген Абылай Бошқайдың шәкірті, 52 келідегі Жадыра Әміртаева күміс медальмен күптелді. Сондай-ақ, 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Гаухар Дүкенбай үздік үштіктен көрінді.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>