Халықтық қалыптан аспаған…

Халықтық қалыптан аспаған…

«Ұлы дала ұлағаттары» туралы ой-толғам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліне деген жүрекжарды сөзін айтудан ешуақытта тартынған емес. Бұл оның жан дүниесінің халқының бақыты жолында ашықтығын білдірсе, сонымен қатар көпті өзіне үйіріп, ішкі бірлікті, ынтымақты бекіте түсетін ерекше қасиеті екені белгілі.
Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегі де көпті осындай жақсы әсерге бөледі. Мұнда Елбасы халқымен еркін сырласты, елдік, ұлттық мәселені көтерді, ел келешегі қайтсе жарқын болады деген келелі ойды қозғады.
Емен-жарқын сырласу, ой толғау үлгісінде қалам тартылған туынды да Мемлекет басшысы қайраткер тұлға мен туған жердің ақ адал перзенті арасын бір арнаға тоғыстырып жібергендей. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығының өміршеңдік сипаты көрінеді. Адамның бақыты да, бағы да туған халқына адал қызмет жасай алуда екен ғой деген ойға келесің. Туған еліңнің алдында жүзіңнің жарқын болуы, оның ұлттық мұраты мен алға ілгерілеуі жолында аянбай еңбек етуің, ақ адал еңбегіңнің бағасын халықтың білуі мен бағалауы мың бақыт екен.
«Өткен күндердің жылнамасы да адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің араласқаның, сан қилы сын сағаттарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі-баршасы жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі» дейді автор толғанып.
Шындығы сол. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең бір қиын-қыстау жылдарда елді шатқаяқтатып алмай, талай ауыртпалықтарды еңсеріп, бүтіндігін сақтап, бүгінгі қалыптасқан мемлекетке дейінгі жету кезеңі – айтар ауызға жеңіл болғанмен, нағыз парасаттылық пен ұстамды саясаттың нәтижесі болатын. Бұл – Елбасы мен халықтың бір-біріне сенімінің, бірлігінің жолы болды. Туындымен таныса отырып, жаның сүйсінетін тағы бір жай – Елбасы осындай тарихи уақыттың басында тұрып, талай шешуші кезеңде парасаттылық танытқанмен, өзін халықтан жоғары қоймайды. Кешегі сындарлы кезеңді жеңіп шығып, артқа тастауды халықтың ата-баба рухымен қанына сіңген тамаша қасиеттерінің жеңісі мен жемісі деп біледі.
«Осынау ширек ғасыр ғана тәуелсіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кештік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық. Бұл тұрғыдан келгенде, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы алдағы күнге алып баратын туымыз, ұранымыз әрі құралымыз болды. Біз жалпыұлттық мақсатқа жұдырықтай жұмылып, бірігіп, бірлесіп ұмтылдық. Жаңа дәуірдің болмыс-бітімін ұлттық салт-дәстүріміздің аясында заманауи сын-тегеуріндерге бейімдедік, мемлекет болып қалыптасудың өзіндік өрнегін тауып, мектебін қалыптастырдық. Қазақта «Мен бітірдім дегенше, ел бітірді десейші» деген даналық сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасын жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру ісінде жалпыұлттық тұтастық, халықтық қолдау, қоғамдық тұрақтылық нәтижесінде жүзеге асырдық», – дейді Елбасы халықтың асыл қасиетін алдыға тартып.
Жалпыұлттық осындай бірлікті, тегеурінді істі айта отырып, ата-бабаның ғасырлық аманатымен ұштасқан жеке бастың қуанышын да ол халықтан жасырмайды. Алдында ғана халықты, оның ішінде әсіресе теңдікті аңсаған намысты жастарды қан қақсатып өткен Желтоқсан көтерілісі, одан кейінгі қыспақшыл, қуғынды колбиндік кезең мен СССР секілді алып державаның жалп етуінен кейін – Тәуелсіздік таңы атты дегенде, қарапайым халықтың оны бірден қабылдай алмағаны анық. Өйткені, қоғамның асты-үстіне түсіп, онда қалыптасқан шаруашылық қарым-қатынастың өзгеруі алғашқы жылдары үлкен күйзелісті, тоқыраулы кезді алдыға тосты. Халықтың жағдайының соншалықты жеңіл болмағанына куә – өзіміз. Тәуелсіздіктің шын бағасын түсіну құлдық санадан арылудан басталатынын халық уақыт өте келе сезінді.
Тарихта мәңгі сақталып қалар сол уақыттың жүрекжарды қуанышын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» туындысында ерекше мазмұнда сипаттайды. Автор өзін халықпен бірге қатар алып отырады. Иә, ол да Алатаудың бауырына қоныс тепкен шағын ғана Шамалған ауылында алғаш мектепке барған. Аяулы ұстаздарынан алған бағалары жанын шуаққа бөлеген. Бастауыш сыныптың баласы болса да, ойыннан гөрі ойды көбірек қуған. Тезірек ер жетуді аңсаған. Күндіз-түні белін бір жазбай тіршілік кешетін анасына, таңмен таласа оянып, қас қарая үйге әрең оралатын әкесіне тезірек қолғанат болуды армандаған. Әр бала арманына асықпай ма? Ол да солай өскен. Жастайынан жігерлі, намысты болған.
Бала күнінен халықтың жақсы қасиеттері мен дәстүр-салтын бойына сіңіріп ер жетіпті. Өлең сөзге жақын болған. Халықтың осы әдемі дәстүрі кейін оның болашағына кең жол ашқан секілді. Өлеңге жақын болу – сөз киесін ұғыну. Ал Жамбыл жәкем бастаған өлең сөзде қаншама халық тарихы мен ұлағаты, тасқын судай бой бермеген намысы мен жігер-қуаты жатты.
Елбасы әлі күнге дейін сол ішкі құштарлығынан айнымағанын жазады. «Мектепте жүрген кездегі өлеңге деген әуесқойлық өмірде менің ішкі жан дүниемнің бір бөлшегі секілденіп, әлі күнге күміс сәулесін құйып тұрғандай сезінемін. Ұлы даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрінеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап, бағзы бабалардың баянды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың».
Басқа-басқа, Елбасының туған жеріне, халқына деген патриоттық сезімінің бастауын осы бір жан шындығынан аңдағандай боласың. Ұлы даланы, туған халқын сүю, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жақсы дәстүр-салтын бойына сіңіріп құрметтеу, діліне, тіліне адалдық, толассыз, тоқтаусыз еңбек – шындап келгенде, әрбір қазаққа, қазақстандыққа ой салғандай шын үлгі.
Ұлы дала тарихына көз салғанда, жасампаз салт-дәстүрі алдымен ойына оралады. «Ұлы даланың ұландары ұлағатты тарихын ерлікпен жазған», «Еңбек – өмірдің ұстазы», «Ұрпағы бар елдің болашағы зор. Сәби сезім арманшыл құштарлыққа негіз болады. Бала бейнесін жоғалтпаған адам адалдықтан адаспайды. Халық та сондай» – дейді ой теңізін кешіп.
Туындыда жанды ширатар, болашаққа сеніміңді арттырар ұлттық рухты шыңдайтын сөздердің айтылуы – маңызды сипат. Рухы мықты халық – жеңімпаз. Рухы әлсіз халықтың болашағы бұлыңғыр. «Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз», «Біз – жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкіліміз» дейді тағы да тарихи шындыққа көз жүгіртіп.
Осыншалықты парасат-пайымымен әлемдік биікке көтерілген оның өзі де халқына арқа сүйейді. Халқының өзіне деген сенімінен қуат-күш алады. Бұл – өмірдің талқысынан «елім, халқым» деп шыңдалып толысқан, биіктеген ер тұлғаның пайымы, халық алдындағы шынайы сыры.
«Ұлы даланың ұлағаттары» туындысын оқығанда, Елбасының шын көңілімен, таза ниетімен халқына жақындай түскенін аңғарасың. Текетірескен саясаттың кейбір тұстарында халқына арқа сүйеп батыра да, тартына да айтатын тұстары бар болар, бәлкім. Бірақ елдің басты мүддесінен ол ешуақытта айныған емес. «…Арқамда тұрған Алаштың мүддесін көздеп тіл қатамын» деуі шындық.
Кітаптан ойға түйер сыр мол. Шағын мақалада бәрін айтып шығу мүмкін емес. Туындыдан ел мүддесін арқалаған жанның өмір жолы жеңіл болмайтынын аңғарасың. Ал ел алдындағы жауаптылық… сансыз мәрте жоғары.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>