Бір үйде – мың бөдене

Бала кезімізде бөденені кейбір ағайындар сән үшін арнайы торға салып сайратып қоятынын, ал қораздарын төбелестіріп қызыққа бататынын еститінбіз. Алайда мыңдап өсіріп, осы істі кәсіпке айнал-дырғанды естіген де, көрген де емеспіз.
Жергілікті кәсіпкер Жолдасбек Баһадырұлы «бөдене бизнесімен» айналыса бастапты дегенде, онымен тезірек тілдесуге асыққанмын. Көп өтпей бұл істің де сәті түскен.
Сөйтсек, ол ұялы телефоннан Астана қаласында мамандығына сай жұмыс істеп жүрген бір жігіттің демалысқа ауылына келіп, ойлана келе бөдене асырауды қолға алғанын оқып, танысып, өзі де осы іске тәуекел етіпті. Алғашында Алматы қаласына барып бар-жоғы отыз ғана бөдене сатып әкеледі. Бөдене өсірудің қыр-сырын мүмкін болғанынша кітаптардан, газет-журналдардан, анықтамалардан іздеп тауып оқыпты. Бір жағынан жасы келген әке-шешесіне қамқорлық керек екенін де ойлап, бөдене сияқты әдемі құс өсірумен шындап айналыса бастайды.

Автоматты түрде іске қосылып тұратын желдеткішті де, күн суық кезде қалыпты температура ұстап тұратын, өзі қосылып, өзі өшіп тұратын электрлі жылыту қондырғысын, екі инкубатор сатып алады. Соның көмегімен он жеті күнде екі жүз балапан шығарған.

Бүгінгі таңда аумағы 25 шаршы метр ғана болатын шағын орында мың бөдене «сайрап» әуендетіп тұр. Жолдасбек әрбір торға 4-5 қоразымен 30-50 бөдене ұстап, күніне 600-700 жұмыртқа алып, оны Алматы, Тараз қалаларына апарып, нақты келісімшарт арқылы біреуін 18 теңгеден, ал етінің бір килосын 2800 теңгеден өткеріп, едәуір пайда тауып та отыр екен.
– Бұл бір қызық кәсіп болды, – дейді Жолдасбектің әкесі Баһадыр қария. – Ескі қораны үлкейтіп бөдене ұстайтын жай жасадық. Балам Алматы облысы, Іле ауданындағы арнайы жем дайындайтын зауыттан бір килосын 150 теңгеден құрамында ондаған дәрумен бар, дәрісі де қосылған қоспа жем алып келеді. Инкубаторды да толық қуатында іске қостық.
Қарияның айтқан сөзінен ұққанымыз, жұмыртқадан шыққан балапан бармақтың басындай ғана болады екен, бірақ тез жетіліп, екі айда өзі де жұмыртқалай бастайды екен. Олар екі жыл ғана жұмыртқалайды. Одан соң етке өткізу қажет болады. Бөдененің жұмыртқасының да, етінің де қуаты мол әрі көптеген ауруға, атап айтқанда асқазан, бүйрек, бауыр ауруларына таптырмас ем көрінеді. Ал айтулы мейрамханалар деликатес асы ретінде әртүрлі салаттың дәмін, сәнін кіргізу үшін жұмыртқаны да келісім бойынша үзбей, тіптен мыңдап алып кетеді екен. «Егер келісімді орындамасаңыз айыппұл да төлейсіз» дейді кәсіпкердің әкесі.
«Әдізбаев» жеке кәсіпкерлігі бүгінде бөдененің «Манжурский», «Фароон», «Эстонский», «Техас», «Смокинг» түрлерін өсіруде. Жоғарыда айтқанымыздай, 5-6 бөдененің еті бір кило тартады. Бағасы да олқы емес. Кәсіп бар. Таңсық өнімге сұраныс та тоқтаусыз түсуде.Табыс та еселеп артып отыр. Отбасылық бизнес дегеніңіз, міне, осы. Ендеше, бұл іске білек сыбана кірісейік, ағайын!

Меркі ауданы.

Серік құралбай,
«Ақ жол».

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>