Өңірдің туристік әлеуеті де, мүмкіндігі де мол

IMG_0949 IMG_0768 IMG_0743Өткен сенбіде өңірімізде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды -инновациялық дамыту басқармасы жанындағы «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан туристік қауымдастығының қолдауымен «ANCIENT TARAZ – 2017» халықаралық туристік форум-көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл жиын халықаралық деңгейдегі ой, пікір, ұсыныс, тәжірибелермен алмасу тұғырнамасына да айналады деп күтілуде. Алдын ала белгілі болғанындай, форум жұмысына жалпы саны 350-ге жуық адам – Қытай, Германия, Ресей, Корея, Малайзия, Қырғыз, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен туризм саласына қатысы бар бизнестік құрылымдарының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қазақстандық және халықаралық туристік қауымдастықтардың, аймақтық басқармалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер атсалысты. Шетелдік меймандар үшін жоғары кәсіби біліктілікке ие 6 синхронды аудармашы, 10 мәтіндік аудармашы және 30-ға жуық волонтер жұмысқа тартылды.

Жалпы, туризм әлемдік экономикада басты рөл атқаратыны белгілі. Бүкіләлемдік туристік ұйымның деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициясының 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әр- бір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен. Бұл саланың «түтінсіз зауыт» аталуы да жайдан- жай емес. Көптеген елдер бір ғана осы саланың өзінен қыруар пайда тауып отыр.

Бізде де туризм елдің тұтас өңірлерінің экономикасына белсенді ықпал ете алады.
Елімізде 2030 жылға дейінгі туризмді дамыту стратегиясы жасалған. Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарламасында да ол басымдыққа ие сала ретінде танылып отыр.Оның ішінде облыстың туристік кластерін дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасының жобасы әзірленуі де қуанарлық жетістік екені анық. Әулиеата өңірінде де ішкі және сыртқы туризмді дамытудың алғышарттары іс жүзінде бар, себебі аймақтың табиғи және рекреационды ресурстар, мәдени, тарихи сәулет және археологиялық ескерткіштері мол. Әрі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне кент орындарымен де танымал. Саланы дамыту үшін туристік нысандардың инфрақұрылымын жоғары сапалық деңгейге көтерудің де маңызы зор.
Аталған форумның алғашқы күні қонақ үй бизнесі мәселесіне арналды. Бұл күні «Жамбыл» қонақ үйі кешенінде отельерлер үйірмесінің мәжілісі өтіп, онда Қазақстан қонақ үйлері мен мейрамханалары қауымдастығының вице-президенті Наталья Сергеенкова еліміздің туристік және қонақ үй нарығының қазіргі ахуалы мен даму келешегі жөнінде тарата айтып берді. Жалпы, қонақ үй бизнесіндегі түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары, Тараз қаласының мейманханаларындағы маркетингтік саясат басты әңгіме арқауы болды. Соңынан халықаралық сарапшылардың ХІІІ-ІХ ғасырлардағы Төрткүл сарай кешеніне саяхаты ұйымдастырылды.
Форумның екінші күні «Баласағұн» орталық концерт залының фоесінде «Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат» фестиваліне қатысушылар мен форум делегаттары үшін Тараз қаласына шолу-саяхат, сондай-ақ, жамбылдық туристік компаниялар мен фирмалардың, қонақ үйлердің, шипажайлар мен мейрамханалардың жалпы таныстырылымы, фото суреттер мен кәдесыйлар көрмелері ұйымдастырылып, флэш-моб байқауы өткізілді. Сала қызметкерлерінің тақырыптық шеберлік сыныптарына қатысып, жалпы құрам қызметінің сапасын арттыру жолдары, экологиялық туризмді дамытудың негіздемелік ұстанымдары, стандарттары, заманауи туристік өнімді қалыптастыру мен сатудың технологиялық тәсілдері туралы таным көкжиектерін кеңейтуіне де мүмкіндік жасалды.
Жалпы іс-шараның өтуі барысы жөнінде Жамбыл туристік индустриясы қауымдастығының директоры Валерия Батуева бізге біраз мәлімет берді.
– Қауымдастық бүгінде ішкі және сыртқы туризммен айналысатын 20-дан астам жергілікті жердегі туристік фирмалардың басын қосып отыр. Өңірімізде туристік кластерді қалыптастырып, дамытумен байланысты басқа да қызмет көрсету түрлерімен айналысатындары бар. Форумның басты мақсаты – Жамбыл туризмінің танымалдылығын арттыру болып отыр. Біздің өңіріміз арқылы Ұлы Жібек жолының ауқымды бөлігі өтеді. Бүгінде өңір туризмі өзінің даму кезеңіне де аяқ басты. Бұған биыл елімізде халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесінің өтуі, сондай-ақ, 2017 жыл Қытайдың Қазақстандағы жылы болып жариялануы едәуір ықпалын тигізді. Ендігі жерде біз олармен туризм саласында бірлесе жұмыс істеуді бастаймыз. Осы жолы жалпы еліміз, оның ішінде біздің облысымыз бен Қытай туроператорлары арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде. Қордаланған мәселелер оң шешімін тауып, саланың қарыштап дамуы үшін өңірімізге шетел саяхатшылары көптеп келуін ұдайы назарымызда ұстайтын боламыз, – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, «Baiterek Travel Center» ЖШС Жуалы ауданының аумағындағы тау бөктерінде «Көксай» тау шаңғысымен сырғанауға арналған демалыс аймағын салуды қолға алған. Жуырда осынау жобаның таныстырылымы өтпек. Осылайша шетелдік туристердің бір-екі күнге ғана келмей, апталап, айлап жатып қызықтап, тамашалайтын нысандардың қатарын көбейту қауымдастықтың басты ұстанымына да айналып отыр екен. Ұлы Жібек жолының жаңғырған заманауи нұсқасы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында жатқан, Қордайдан Жуалы ауданына дейінгі аралықтағы Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгені белгілі. Бүгінгі күні Ақыртасқа барар жол салынды. Қалған төрт қалашыққа, өңірдегі басқа да тарихи-мәдени ескерткіш орындарына да осындай жол салынатын болады. Міне, осылай өңір туризмі желісін кеңге жая түспек.
«Тараз профсоюз турист» туристік фирмасының директоры Жангелді Сағымбекұлы да ой, пікірімен бөлісіп: «Бүгін өңірімізде ауқымды шара өтуде. Алға қойылған ең әуелгі мақсат – облыста ішкі туризмді дамыту. Соған сәйкес әлемдік нарықта белсенді бәсекелестік қабілетке ие қытайлық туристік операторлармен облысымыздың бірлесе жұмыс істеуін әбден құптаймыз. Оларға біз де өз өнімдерімізді таныстырудамыз. Біздің фирмамыз туристік нарықта он жылдай жұмыс істеуде. Иелігіміздегі «Setra» автобусының көмегімен «Астана – III мыңжылдықтың қаласы» атты арнайы жоба аясында Астананың көрнекі орындарына, Бурабай курортты аймағына Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалалары тұрғындарының бес күндік саяхаттарын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, биыл ЭКСПО-ға келген 1,5 мыңға жуық туриске қызмет көрсеттік. Туристік форумды ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Сөз жоқ, мұның жемісін жейміз, алға қойған мақсатқа жетеміз деп ойлаймын», – деді ағынан жарылып.
Ал кеше «Арай Плаза» ғимаратының «Bronze» залында форумның ресми ашылуы салтанаты өтіп, онда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Кәрім Нәсбекұлы облыс аумағынан өтетін Ұлы Жібек жолы бойында, сондай-ақ, басқа да аумақтарда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер саны 3365-ті құрайтынын, 44 туристік фирма, 150 қонақ үй, 1 киіз үй қалашығы, 8 демалыс аймағы, 10 балалар сауықтыру лагері, батпақпен және минералды сумен емдейтін 5 санаторлы-курорттық сауықтыру орны жұмыс істейтінін, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында 8 сервистік кешен тұрғызылғанын, жоғары дамыған туризм индустриясын құру үшін «Қаралма» тау шаңғысы базасы, «Көксай» киіз үй қалашығы, «Тау самалы», «Балқаш-Нұрсая» және «Шәушен» базалары секілді ірі инвестициялық жобалар әзірленгенін атап өте келе:
– Бүгінгі шара біздің аймағымыздың мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға десек, асыра айтқандық емес. Осынау кең ауқымды шара қоғам және мәдениет қайраткерлерінің, туроператорлардың, инвесторлар мен болашақ туристердің назарын Әулиеата өңіріндегі бірегей тарихи-мәдени құндылықтарға аударары сөзсіз. Туризм индустриясының өкілдерін, салалас ведомстволардың мамандарын, сондай-ақ, шетелдік сарапшыларды өзара біріктіріп, оларға біздің аймағымыздағы туризмді жетілдірудің өзекті бағыттарын талқылауға және облысымыздың туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы – әсем табиғи ландшафттарды, қайталанбас тарихи-мәдени мұраларымызды, флора мен фаунаның алуан түрлілігін байланыстыратын ерекше аймақ. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген, әйгілі Жібек жолы бойында 5 мемлекеттік табиғи қорық пен 5 мәдениет ескерткіштерінің орналасуы аймақты көптеген туристер үшін тартымды ете түседі. Сондықтан, туристік инфрақұрылымды жетілдіру мәселесімен қатар оңтүстік аймақтың бірегей туристік өнімін алға бастыру қажет. Осыған орай өтіп жатқан форум ерекше маңызға ие. Форум біздің аймақтың туризмге қолайлы аумақ екендігі жөнінде жағымды пікір қалыптастыра алатынына күмәніміз жоқ. Бірегей тарих және архитектура ескерткіштері, музейлер мен ғибадатханалар, ұлттық салт-дәстүрдің ерекшеліктері – біздің аймақтың сақтап, жетілдіруге міндетті, қонақтар мен болашақ туристерге көрсететін орасан зор қорымыз. Осы мақсаттарға жетудегі тиімді құрал – туризмнің алуан түрлілігі.
2015 жылы біздің облысымызда Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы кең ауқымды аталып өтті. Керей және Жәнібек хандар қалыптастырған Қазақ хандығы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет болған. Осы ұлы күнді мерекелеу бір аспан астында өмір сүретін барлық қазақстандықтардың бірлігінің куәсі болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанды жаңғыртудың үшінші – қоғамдық сананы рухани жаңғырту кезеңі басталғанын жария еткені белгілі. Осыған байланысты «Қазақстанның 100 киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша еліміздің қасиетті жерлерінің картасы әзірленіп, оған біздің облысымыздан «Қарахан», «Айша бибі», «Бабаджа Хатун», «Тектұрмас», «Байзақ батыр» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» ғибадатханасы және «Ақыртас» сарай-кешені секілді 8 тарихи-мәдени нысан енгізілген-ді.
Тараз қаласының орталық бөлігінде 20 гектар аумақта орналасқан «Ежелгі Тараз» жобасын жүзеге асыру басты басымдыққа да ие. Мұнда ежелгі шығыс стиліндегі біртектес нысандар ансамблін құру жоспарлануда. «Ежелгі Тараздан бүгінгі күнге дейін» жобасын жүзеге асыру туристер санын жылына 100 мыңнан – 300 мыңға дейін, үш есе ұлғайтуға мүмкіндік береді әрі өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуында оң серпін туғызатын болады.
Өңірімізде туристік инфрақұрылымды, мейманханалар желісін, көлік инфрақұрылымын, қызмет көрсету салаларын жетілдіру бойынша қарқынды жұмыс атқарылуда. Туризмнің дәстүрлі түрлерімен қатар облыста танымдық, сауық-сайран, этникалық, атты-спорттық, экологиялық және экстремальды туризм дамып келеді. Туристерге өңіріміз бойынша саяхаттаудың көптеген бағыттары ұсынылады. Бүгінгі форум қызықты кездесулер, мағыналы пікірталастар және маңызды қарым-қатынастармен есте қалып, болашағы бар пікірлер, құнды шешімдер, ынталар, жаңа жобалар мен жүзеге асыру тетіктерінің алға басатындығына сенімдімін. Форумға қатысушыларға шын жүректен келісім, түсіністік және өзара сыйластық рухындағы конструктивтік сұхбат, ішкі және кіріс туризмді жетілдіру бағыттарында тиімді әрекеттестік, жемісті және нәтижелі жұмыс, жаңа ашылымдар, келісімдер тілеймін, – деп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін ҚР-дағы ГФР төтенше және өкілетті елшісі Мафаэль Рольф «Жібек жолына – Германияның көзқарасы», ҚХР туризм академиясының президенті Бин Дай «Қытай туристінің Ұлы Жібек жолындағы портреті», «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм саласы комитетінің төрайымы Роза Асанбаева «Өңірлік туристік өнім өндіруді дамыту – ел жетістігінің негізі» тақырыптарында баяндама жасап, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикаларындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Пиккат Криста, ҚР БҰҰ даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов құттықтау лебіздерін жеткізді.
Жиын соңынан облыс әкімдігі мен Украина белсенді және экологиялық туризм ассоциациясы басқармасы, Түркияның Анталия гидтері, Әзірбайжан республикасының туристік қауымдастықтары арасындағы әріптестік ықпалдастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.
Облыс әкімі, сондай-ақ ҚР-дағы ГФР төтенше және өкілетті елшісі Мафаэль Рольф пен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикаларындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Пиккат Кристамен кездесіп, облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырып, туризмді дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде Германия тарапы облыстың химия өнеркәсібі жұмыстарына қызығушылық танытып, әріптестік қарым-қатынас жасасу жөнінде ұсыныс білдірді.
Осынау халықаралық іс-шара аясында отандық және қытайлық туристік операторларға арналған баспасөз турлары өткізілуімен өңіріміздегі туризм саласын қалай аяғынан тұрғызуға болатыны біршама айқындала түскендей болды.
Форумның «Рухани жаңғыру: қасиетті география», «Қазақстан туристік дестинациясы: шындық, перспектива және қауіп-қатерлер», «Ұлы Жібек жолының мүмкіндіктері: трансшекаралық ынтымақтастық» аталатын пленарлық сессияларында сан тараптан – алыс және жақын шет- елдерден келген сарапшы мамандар жалпы елімізде, оның ішінде өңірімізде туристік кластерді қалай қалыптастырып, дамытуға болатыны жөніндегі ой-толғамдарымен бөлісті. Жамбыл облысының ішкі және сыртқы туризмінің даму бағдарлары тұрғысындағы пікірталас барысында ортаға салынған ой, пікір, ұсыныстар мол болды.
Форум осы күні облыс орталығындағы «Бақ сарайы» мейрамханасында облыс әкімінің атынан кешкі ас ұйымдастырылып, қытайлық және отандық туристік операторларға арналған «Тараз Fashion day» сән үлгілері көрсетілімі ұсынылуымен түйінделді.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Баймаханбет ахмет,
«Ақ жол».

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>