«Ақ жол» – беделді басылым

«Ақ жол» газетін мен ес білгелі оқып келемін. Сол кезден бастап ол санамызда облыстың ең беделді, белді басылымы ретінде сақталып қалған. Меніңше, басылым сол бедел биігінен әлі де түспей келе жатыр.
Күнделікті жаңалық, ақпараттардан басқа, арнайы мақалалар мен арнаулы беттер де оқырман көңілінен шығып келеді. Әсіресе, ұзақ уақыттан бері өте тартымды болып беріліп келе жатқан арнаулы беттерден көптеген ой түюге болады.
Мысалы, «Шөкеңнің шошаласы», «Маздақ», «Айша бибі», «Оқырман отауы», «Тылсым» сияқты арнайы беттер көптеген тың мағлұматтарға қанықтырды. Алдағы уақытта газеттің шығармашылық ұжымы осы секілді тың идеялар мен тақырыптарға толы тағы да жаңа жобаларды дүниеге әкеледі деген сенімдемін.
Сондай-ақ, газеттің көркемдік безендірілуі де оқырмандар үшін жағымды, тартымды екенін атап өту керек. Оқырманды өзіне баурап алатындай көрінеді. Газетте жарияланатын материалдар тым ұзақ емес, қысқа және нұсқа, оқуға өте ыңғайлы. Осынысымен де оқырмандар үшін қолайлы деп ойлаймын.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, өңір халқының ой-пікірін жеткізуде «Ақ жол» өз міндетін мінсіз атқарып келе жатқан бірден-бір газет. Өйткені, басылымның қай нөміріне үңілсеңіз де, облысымыздың барлық аудандарынан түрлі ақпарлар беріліп, тұрғындарының әр сала бойынша білдірген пікірлері жарияланып жатады.
Бір ойшылдың: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітеді» деген сөзін естуім бар еді. Ғасырлық шежіресі бар «Ақ жолға» қарап отырып, осы пікірдің растығына көзің жеткендей. Өйткені, газет қоғаммен бірге жасасып келе жатыр. Меніңше, «қоғам тірлігінің тамыры», өңір тынысы тереңдеген сайын, «Ақ жол» да қанатын кеңге жая береді.
Сондықтан, әр дәуірдің үні болған, бүгінгі жаңалықтардың жаршысы – «Ақ жолға» жазылуды ұмытпайық, ағайын!

Нұрмахан Тілегенов,
зейнеткер.

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>