Ел үшін туған қайран ер

мемлекет және Қоғам қайраткері Қарымбай Қошмамбетовтің туғанына – 120 жыл

«Туады ерлер, ел үшін
Өлмейді ісі мәңгілік,
Өшпейді абзал есімдер.
Ұрпаққа жетіп мәңгілік
Кетпейді естен асыл ер», –
деп ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы, тындырған ісі – біз үшін үлгі, өнегелі шежіре, тағылымды тарих. «Ел ерімен еңселі» дейді дана халқымыз. Елім деп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат, халық мұндай асыл ұлдарын аңызға айналдырып, өшпес істерін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. Бүкіл бір елдің қасиетін өз бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, қадір тұтқан халқымыздың ондай ұлдары аз емес десек, белгілі революционер – қоғам қайраткері, жерлесеміз Қарымбай Қошмамбетов де сондай ел үшін туған ерлердің қатарынан еді.
Без-имени-9
Без-имени-6Қамшының сабындай келте 33-ақ жыл ғұмыр кешіп, өнегелі өмір сүріп, артына үлгілі із қалдырып кеткен Қарымбай Қошмамбетовті елі, жерлестері, ұрпақтары ешқашан ұмытпақ емес.
Бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына жататын Сырдария облысы, Әулиеата уезі, Қарабастау болысына қарайтын Билікөлдің батыс жағалауында дүниеге келген тұлғаның туғанына биыл 120 жыл толып отыр.
Тарихтың дауылды толқынында, тар жол – тайғақ кешуде ел жүгін арқалап, аянбай еңбек етіп, капиталистік қоғамнан социалистік қоғамға өткен аласапыран бұлғақ заманда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қиыннан қисын тауып, ел-жұртының амандығын сақтау қара нардай күші бар, әдіс айлалы ісі бар азаматтардың ғана қолынан келгені даусыз. Қаратаудың ақсұңқары атанған Қарымбай Қошмамбетов те сол бір тұста жалынды жігерімен көзге түсіп, халықтың қамы үшін бар ынта-шынтасымен елеулі еңбек еткендердің қатарынан еді.
Әкесі Қошмамбеттің өзінше сауаттылығы және орта деңгейлі шаруашылығының болуы жас Қарымбайды оқытуға сеп болды. Жастайынан қазақ батырларының ерлігімен, билерінің даналығымен, ақын-жырауларының тапқырлығымен сусындаған Қарымбай бала қырандай қайратты тұғын. Әрі аталары Баян мен Қатпа батыр жанкештілігі, өз заманының ауыздыға сөз бермес Балта ақынның тапқырлығы да өз кезегінде Қарымбайдың рухы өр, тәні бекем азамат болуына септесті.
…Қарымбай Қошмамбетұлы 1914-1917 жылдар аралығында Әулиеатадағы орыс-бұратана мектебін үздік бағамен бітіреді. Әулиеатадағы сол кездегі жоғары бастауыш училищесіне қабылданған ол күндіз оқып, кешке жүн өңдеу фабрикасында жұмыс істейді. Уақыт өткен сайын саяси-әлеуметтік әділетсіздіктерді көріп, революциялық көзқарасы қалыптаса бастайды. Тұрар Рысқұлұлы, Қабылбек Сарымолдаұлы сияқты кемеңгерлермен жолдас болып, 1917 жылы Ақпан буржуазиялық революциясынан кейін Әулиеатада құрылған «Қазақ жастарының революциялық одағына» мүше әрі оның белсендісі болады. Жергілікті халық өкілдерінен мұсылмандар кеңесін құру жөніндегі хатшысы болып сайланады және бұл ұйымды уездік кеңеске қосуға көп еңбек сіңіреді. 1917 жылы Қазан социалистік революциясы жеңісінен кейін орнаған Кеңес үкіметінің Әулиеатадағы белсендісі болады. Уездік атқару комитеті төрағасының әкімшілік жөніндегі орынбасары, 1921 жылдан бастап милиция, төтенше комиссия органдарына басшылық жасайды. Әулиеатада қызыл әскер ротасын құруға және оған қазақтарды көптеп тартуға ықпал етеді. Сол сияқты мұсылмандар ротасын, 4-ші Әулиеата полкін құрады. Оларды азық-түлік, мініс көліктермен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. 1922 жылы халық арасында танымал болған Қарымбай Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.
Ол ашыққан халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық асханалар, балалар үйі мен интернаттар ашуды ұйымдастырды. Қамыққан халықты аман сақтап қалу үшін қолдағы бар мүмкіншілікті жасаған ол халыққа білім беру, кеңестік құрылысты дамыту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұйымдастыруда да белсенділік танытқан. 1923 жылы Түркістан компартиясы Сырдария облыстық комитеті Қарымбайды Қазалы уездік қалалық партия комитетіне жауапты хатшы етіп сайлайды. Ол жерде жергілікті партия ұйымдарының, Қосшы одағының жұмысын жандандыруда және қазақ жастарын партия, кеңес жұмыстарына тартуда көп еңбек сіңіреді. 1924 жылы Түркістан өлкелік атқару комитетіне мүшелікке сайланады. Қ.Қошмамбетов кәмпескелеу кезінде өңірдегі отбасылардың күнкөрісіне, аштыққа ұшырап қырылып кетпеуіне себепші боларлық кішігірім мал қалдыруды қарастырған. Ол бұл әрекеті үшін жаңа өкіметтің солақай басшылары басынан сипамайтынын, қауіпті қадам жасап отырғанын білсе де, елдің жайына көп алаңдаған.
Осы тұрғыда ой тербеген тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Сәбит Баубеков тұлға туралы мақаласында Қарымбайдың кәмпескеленетін байлардың тізіміне үңіліп, Жамбыл ауданы Қостөбе ауылындағы Төлек болыстың жағдайымен барып танысқанын айтады.
– Болыстың сәулеті жарасқан тірлігін көріп, жағдайымен танысқан ол қиялға беріліп: «Болашақта елімде осындай тіршілігін жүргізетін, қарауындағы елге шапағатын аямайтын дәулеттілер көбейсе, елде тоқшылық орнап бақытты ғұмыр кешсе, өз істерін осылай жүргізетін мамандар көп болса, ел дәулеті артып мықты мемлекет құрар едік. Шіркін, менің туыстарым да (таршылықты көріп өскен) осылай өмір сүрсе! «Жекжат болатын ел екен», – деп таңдай қағады. Жаратқан ием тілеуін қабыл алса керек, өзі өмірден өткен соң баласы Әнуар сол әулетпен құдандалы болып Күлән Қошмамбетовтер әулетіне келін болып түседі. Атасы армандағандай заман туып, ұрпағы соның қиялындағыдай сәулетті де, дәулетті ғымыр кешуде, – дейді Сәбит Жұмабайұлы. Сондай-ақ, ол 1937 жылы «Халық жауларын» тазалау нәубеті Қошмамбетовтердің жанұясына да жеңіл болмағанын жазады. Жары Ақшайды басқа қайраткерлердің отбасындағыдай «Алжирге» айдамаса да, жылдар бойы НКВД сұраққа алып қинаған. Тек Ақшайдың ағасы Сатыбалдыны «Тұрар Рысқұловты білемін», – дегені үшін ғана 10 жылға қамапты.
Қарымбай 1926-1928 жылдары Қазақ АКСР-нің Орал губерниясы Совет атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейді. Қазіргі Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарының экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосады. 1927 жылы советтердің IV жалпықазақстандық съезінде Қазақ АКСР орталық атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ал 1928 жылы мүшесі болып сайланады. 1928 жылдың ақпанында республикалық жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберілді. Осындай тынымсыз, демалыссыз күндердің бірінде қатты суықта Алматы ауруханасына түсіп, дерті дендеп 1930 жылдың 9 қарашасында бұл фәниден өтті.
«Бар болғаны 33 жыл ғана өмір сүрген ол ел үшін қаншама жұмыс атқарған десеңізші. Революция, азамат соғысы, жергілікті ұлт өкілдерінен партия, кеңес жұмыстарына кадр дайындау, аш халықты тойындыру, жетім балалар үйін ашу, сауатсыздықпен күрес, қазақ тілінде іс жүргізу, жер-су реформасына қатысу, қазақтардан әскери құрамын құру, милиция жұмысын жандандыру, «Қосшы одағына» басшылық, ұжымдастыру және тағы басқа көптеген игі істердің ұйымдастырушысы болды. Ардақты азаматтың осы қысқа ғұмырында аямай халқы үшін жанкешті жұмыс жасауы кейінгі біздерді толғандырмай қоймайды. Қарымбайдың ізгілікті ісі бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Қарымбай Қошмамбетұлы аты Алматы облысы Қарасай ауданындағы, облысымыздың Жуалы ауданындағы мектептерге беріліп, 1957 жылы қазіргі Тараз қаласының орталық саябағында мүсіні қойылды. Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Сейітқазы Меңдешев сияқты азаматтармен сыйлас, сырлас болған Қарымбай Қошмамбетұлын жаңадан жазылған «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізсек деген ұсыныс бар» – дейді өз сөзінде тарихшы-өлкетанушы Әмірхан Мырзайұлы.
Айта кету керек, Қарымбайдың революциялық қызметіне қоса өнерге де бейімі болған. Суырып салма ақын ретінде талай-талай жыр сайысына қатысып жүлдегер, жеңімпаз атанғанын және халық әндерін құйқылжыта орындағанын екінің бірі біле бермейді. Оның 1919 жылы Әулиеата қаласының Төрткүл көшесіндегі Ақыбай Қалымбетов деген кісінің үйінде Пісте есімді ақын келіншекпен айтысы бұл сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Оның талантына тәнті болған Пісте ақын тосылғанын мойындағанмен, Қарымбай ерге тән жомарттықпен жеңісті қарсыласына байлап, астындағы қара жорғасын сыйлап кетеді.
Қалай десек те, Қарымбай Қошмамбетов елім деп соққан жүрегімен аз ғана ғұмырында талай-талай қайраткерлік іс-әрекеттер жасап кетті. «Жыланнан жылан, қыраннан қыран туады» дейді. Иә, расында да бүгін Қошмамбетовтер әулеті қиындықты жеңе білген, атасынан қалған тектіліктің, еңбексүйгіштігінің, елжандылығының арқасында аяқтарына нық тұрған мәуелі бәйтерекке айналған. Қарымбайдан туған Әнуар, Мұрат есімді екі перзентінен бүгінде саналы ұрпақ тарап, олар ел игілігі жолында түрлі салада жемісті қызмет етуде.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

 

Алатаудай өр еді

Халқым дер бізде хас ұл көп,
Отан деп соққан жүрегі.
Тектіден туар асыл тек,
Қарымбай соның бірі еді.

Ел қамын ойлап жасынан
Күрескен сондай бар ма жан?
Қуатын бойда тасыған,
Ел менен жерге арнаған.

Аянбастан тер төккен.
Елім деген ер екен.
Отаны үшін серт еткен,
Әу бастан орның төр екен.
Қылыш ед құйған құрыштан,
Ел болу еді арманы.
Әділетсіздікпен ұрысқан,
Елінің болды құрбаны.

Елім деп өткен ер еді,
Жасынан болған алғыр жан.
Алатаудай өр еді,
Өнегелі ісі жаңғырған.

Ардақты аты жатталар,
Ұрпақтың болып ұраны.
Еңбегі есте сақталар,
Қаратаудың қыраны.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>