Ағайын – татулықта, көрші – келісімде өркен жаяды

Сансызбай
Жорабеков,
облыстық ардагерлер ұйымы кеңесі төрағасының
орынбасары.

 Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаевтың біздің мемлекетімізге қарата айтылған шындыққа жанаспайтын, байыбына бармай, қызуқандылықпен жасалған мәлімдемесін естіп, біраз даурығысып қалғаны рас. «Ауылы аралас, қойы қоралас», қашаннан бір-бірін ағайын тұтқан екі елдің арасына мұндай жік салып, алауыздық туғызудың астарында, бәлкім, біз білмейтін қандай да бір мән бар шығар. Бірақ, қалай болғанда да, көршінің тарапына ғайбат айтып, тіпті оның кемшілігі болған күнде де әшкере ету – құптарлық іс емес.

Қырғыз басшысының бұл әрекетін сол елде болып жатқан сайлауалды саяси науқанның шиеленісе түскен сәтінде еріксіз қызуқандылыққа бой алдыруы деп түсінген ләзім шығар. Әйтпесе, «жалған дос көзіне мақтар, сырт айналып, сойылын баптар» дегендей, екі елдің арасында жалған достық пен көзбояушылық әрекет болмауы тиіс. Бұл мәселеге байланысты еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев арнайы мәлімдеме жасап: «Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген аспектілеріне қатысты орынсыз әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мәлімдеме жасады. Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың бұлжымас бағытын растай отырып, Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатта жасалған жауапсыз, арандатушылыққа толы және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс… Қырғызстан Президенті А.Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтемін» деді.
Яғни, Атамбаев айтты екен деп, екі ел араздасып, жауласып жатса, оның соңы кім-кімді де ұшпаққа шығармайтыны анық. Қырғыз басшысының сөзі тек өзінің саяси мақсат-мүддесіне орай айтылғанын ескере отырып, біздің мемлекеттің билігінде отырған азаматтардың сабырмен, ақылмен шешім қабылдағаны еліміздің шын мәнінде байыпты, байсалды, демократиялық жолмен дамып келе жатқанын көрсетсе керек.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>