Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің МӘЛІМДЕМЕСІ

Ағымдағы жылдың 7 қазанында Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген аспектілеріне қатысты орынсыз əрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мəлімдеме жасады.
Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың бұлжымас бағытын растай отырып, Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатта жасалған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Осыған байланысты мен қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуы туралы дереу хабардар етуді жөн деп шештім.
Тəуелсіздік жылдары біздің экономикамыз 20 есе өсті.
B.A2012 жылы Қазақстан əлемнің бəсекеге қабілетті 50 ең озық экономикасының қатарына кірді.
Елімізде қуатты ұлттық бизнес жасалды. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстан 35-ші орын алады. Бүгінде 1,3 млн кәсіпкерлік құрылымдары ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді.
Тек соңғы он жылда Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында автокөліктер, локомотивтер, вагондар, тікұшақтар және басқа да көптеген өнімдер шығаратын мыңнан астам жаңа өндірістер салынды. Біздің елімізде бұған дейін ешқашан өндірілмеген өнімдердің 500 жаңа түрін шығару игерілді.
Қазақстанның көлік инфрақұрылымы да кең ауқымда жаңғыртылуда. 25 жылдың ішінде 10 мың шақырымнан астам автожол салынды жəне қайта жөнделді. Таяу жылдары бұған қоса ұзындығы 8000 шақырымнан асатын автокөлік жолдарының желісі жаңғыртылатын болады.
Біз ұзындығы 2800 км болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Транс континенталдық магистралінің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық.
2,5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол салынды.
Ақтау теңіз портының инфрақұрылымы кешенді жаңғыртылды, жаңадан Құрық теңіз паромды порты салынды. Каспийдегі теңіз порттарының жалпы өткізу қуаты 26 млн тоннаға дейін ұлғайды. Жыл сайын жаңа əуежайлар мен темір жол вокзалдары іске қосылуда.
Қазақстан тəуелсіздік жылдары 120 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 1,1 млн-нан астам қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз етті.
Тек 2017 жылдың 8 айында ғана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6,9 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 18,3 мың жеке үй салынды. 61 мыңнан астам қазақстандық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты.
Тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамуда. Тек осы жылдың өзінде 10,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Елімізде əлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамуда. 1,3 мыңнан астам жаңа ауруханалар мен емханалар, 500 жаңа балабақша жəне 1,4 мың мектеп салынды.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған«Болашақ» бағдарламасы бойынша 12,5 мыңнан астам еліміздің жас азаматтары 35 елдің 200 ең озық әлемдік жоғары оқу орындарында білім алды.

Жыл сайын орташа есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары құрылады.
Соңғы 15 жылда орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астам көбейді.
Халықаралық зейнетақы және әлеу­меттік қорлар қауымдастығының ресми мәліметі бойынша зейнетақылар­дың ең төменгі және орташа мөлшері Қырғызстанға қарағанда сәйкесінше 5 және 3 есе жоғары.
Біздің елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылға дейін артты.
Көрсетілетін қызметтер тарифтеріне келсек, бүгінгі таңда Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілері мен тұтыну­шылардың мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуді ескере отырып, негізгі қорларды жаңартуға және жаңғыртуға бағытталған жаңа модель іске асырылуда. Бұл ретте, су электр стансалары өндіретін электр энергиясына тарифтер жерасты қазбаларын пайдалану арқылы алынатын энергия көздерінен төмен екені айқын.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарын іске асыра отырып, біз жаңа Астанамызды салдық. Астананың дамуына 50 млрд АҚШ долларынан астам инвес­тициялар тартылды. Қазіргі таңда Астана тұрғындарының саны 1 млн адамнан асты.
Биыл Астанада бүкіл ТМД елдерінің ішінде алғаш рет «Болашақтың энергия­сы» Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілді. Оған 115-тен астам мемлекетпен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені өткізу кезінде 4 миллионға жуық ту­ристер келді.
Мемлекеттің экономикалық қуатының, тұрақтылығының, қолайлы инвестициялық ахуалының арқасында ірі трансұлттық кор­порациялар Қазақстан экономикасының барлық секторларында жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд АҚШ долларын құрады.
2000 жылы Елбасы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық қорын құрды. Бүгінгі таңда Ұлттық қор мен Қазақстанның ал­тын-валюта қорының жалпы көлемі 91 млрд АҚШ долларына жуық.
Экономиканың тұрақты дамуы, елдің ІЖӨ өсімі Қазақстанға әріптес елдерге барлық көмек түрлерін көрсетуге мүмкін­дік береді.
Қазақстан Республикасы 1997 жылдың 8 сәуіріндегі Мәңгілік достық туралы шартпен 2003 жылдың 25 желтоқсанындағы Одақтық қарым-қатынастар шарты аясын­да Қырғыз Республикасымен бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудың жүйелі саясатын жүргізіп келеді.
Осы жылдар бойы Қазақстан, әсіресе, күрделі кезеңдерде қырғыз халқымен бірге болды, Қырғызстан басшылығының өтініштеріне түсіністікпен қарады, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде барынша ықпалын тигізді және энер­гия таратушыларды, азық-түлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларды жет­кізуді қоса алғанда, елеулі гуманитарлық көмегін көрсетті.
Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі аясында Қазақстан Республикасының Президенті 100 млн АҚШ доллары көлемінде техникалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде Техникалық көмек көрсету туралы келісімді Қазақстан Республика­сының Парламенті ратификациялады.
Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша 20 млн-нан аса АҚШ доллары бөлінді, Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін 2 мектеп салынды.
Қырғызстан экономикасына қа­зақстандық инвестициялар көлемі 820 млн АҚШ долларын құрады. Осының нәтижесінде мыңдаған қырғызстандықтар жұмыс орындарымен қамтылды.
Инвестициялар көлемі бұдан да көбі­рек болуы мүмкін еді, бірақ оның өсімін қазақстандық кәсіпкерлерге қатысты қо­лайсыз инвестициялық ахуал тежеп отыр.
Қазақстанда 125 мың еңбек мигранттары тіркеліп, тұрып жатыр. Сонымен қоса, олар толық көлемде біздің мемле­кетіміздің әлеуметтік және медициналық кепілдіктерімен қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың ұстаным­дарының арқасында қазіргі кезде Қыр­ғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің бюджеттері арасындағы импорттық кедендік салықтардан түсетін түсім­дерді бөлудегі үлесі 1,9 пайызын құрайды. Бұл ЕАЭО қосылған сәтінен бастап Қырғыз Республикасының бюджетіне түсімдердің күрт өсуіне әкелді.
2016 жылы түсімдер 187,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне дейінгі көрсеткіштерінен 3 есе көп.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы темір жол көлігі қызметтеріне, тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, қолжетімділікті реттеу тәртібін қолдану туралы Келісім­ге сәйкес, Қырғыз Республикасы 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап бірыңғай­ланған темір жол тарифін қолданады, бұл Қырғыз Республикасының қосылуы тура­лы Келісімде көзделген мерзімнен 8 айға ерте. Тарифті мерзімінен бұрын қолдану кезеңінде Қазақстанның шығындары 49 млн-ға жуық АҚШ долларын құрады, бұл сәйкесінше Қырғызстан экономикасы үшін тиімді болып табылады.
Қырғызстандық тараптың ЕАЭО та­лаптарына сәйкес санитарлық, ветери­нарлық және фитосанитарлық жүйелерді негіздеу бойынша міндеттемелер қабыл­дағанын айта кеткен жөн, бұл міндет­теме әлі күнге дейін орындалған жоқ. Бұл қазақстандық нарық пен жалпы интеграциялық бірігу үшін қатерлер ту­дырады. Осыған қарамастан, қазақстан­дық тарап қырғызстандық ауыл ша­руашылығы өнімдерінің қазақстандық нарыққа қолжетімділігін және оның Қазақ­стан аумағы арқылы транзитін жеңілдетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдады.
Қазақстан аумағы бойынша Қырғызстаннан Ресейге тасымалданатын тауарлар тізімі едәуір артып, 100 тауарлар тобына дейін жетті.
100 млн АҚШ доллары көлеміндегі техникалық көмек аясында қазақстандық қаражат есебінен ветеринарлық және фитосанитарлық-карантиндік бекеттер жарақтандырылады, карантиндік және ветеринарлық зертханалар, ветеринарлық препараттарды тіркеу және сертификаттау орталығы салынып, жабдықталады.
Қазақстан Республикасының кеден органдары Қырғыз Республикасына қытай тауарларының импортының күрт артуын және Қырғыз Республикасынан Қазақстанға сәйкесінше осындай тауарлар тасымалының көбейіп отырғанын тіркеді, бұл кедендік әкімшілендірудің тиімсіздігін көрсетеді. Соған қарамастан, қазақстандық тарап қырғыз тауарларына қандай да бір шектеу шараларын қолданып отырған жоқ.
Орын алып отырған Қытай тауарларының реэкспорты фактілеріне қара­мастан, қырғыз тауарларының тасымал­дану еркіндігін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан қабылдаған міндеттемелер толық көлемде қамтамасыз етіліп отыр. ЕАЭО мүше мемлекеттердің шамаланған шығындары шамамен 100 млн АҚШ дол­ларын құрайды, ал Қазақстанның ҚҚС бойынша шығындары 155,8 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Сонымен қоса, біз Қырғызстан үшін маңызды бірқатар тауарларға (мұнай және мұнай өнімдері, қара және түсті метал­дар сынықтары, жануарлардың терілері мен жүндері т.с.с.) Қырғызстан аума­ғынан реэкспорты фактілерінің бізге мәлім болғанына қарамастан, экспорттық кеден салықтарын қолданбаймыз.
Жоғарыда аталғанның барлығы біздің елдеріміздің екіжақты ынтымақтастығы аспектілерінің толық тізімін қамти ал­майды.
Сөз соңында Қырғызстан Президенті А.Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әрекідік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтемін.

(«Егемен Қазақстан»,
10 қазан, 2017 жыл).

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>