Жаныма жалау болған басылым

Алдияр
Түсіпов,
Жамбыл облысының,
Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы.

«Ақ жол» газеті – облыс жұртшылығына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де танылған, өзіндік бай тарихы мен нақты бағыт-бағдары бар байсалды басылым.
Мен сонау 1973 жылы еңбек жолымды «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болудан бастаған кезде «Еңбек туы» аталған басылым еңбекші халықтың тыныс-тіршілігін жазып, қарапайым халықпен, елмен етене басылым екенін аңғартқан еді.
Кейін де «Ақ жолдан» қол үзген емеспін. Ел егемендігінің алғашқы жылдарында менің маңдайыма Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы, көп ұзамай қаланың тұңғыш әкімі болу жазылған екен. Сол қиын-қыстау заманда да елді бірлік пен берекеге шақырып, идеологиялық ауқымды жұмыс істеген байырғы басылымымыз, бүгінгі «Ақ жол» тағы да жанымызға жалау болды.
Бүгінде өзінің абырой биігінде тұрған облыстың бас басылымы шын мәніндегі жаңалықтың, жаңашылдық пен жақсылықтың жаршысы болып отыр. Оған мысал ретінде Елбасы ұсынған барлық бағдарламалар мен бастамаларға ақпараттық қолдау көрсетуде бұл газет көш бастап тұр. Осы ретте, әсіресе Президентіміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясын Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау, сол бағыттардағы жұмыстарға жұртшылықты жұмылдырудағы «Ақ жолдың» атқарып жатқан жұмысы орасан. Сондай-ақ, бүгінде қызу талқыға түсіп жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесі, білім, денсаулық сақтау салаларындағы жаңа реформалар, әлеуметтік мәселелер, барлығы да «Ақ жолдың» назарынан тыс қалған емес.
Басылымның адам жанына жақындай түсіп, халықтың әдеби, мәдени өміріне ерекше ден қойып отырғанын да аңғару қиын емес. Ал мұндай маңызды мәселелерде редакция ұжымы қоғам қайраткерлерінен бастап, қарапайым халыққа дейінгі оқырмандардың пікірімен санасып, тығыз байланыс орнатып отыр. Әсіресе, облыс ардагерлерінің үнемі ұсыныс-пікір, талап-тілегіне құлақ асып, ақылдасып отырған аға басылымды барлығымыз құрметтейміз. Еліміздегі және облысымыздағы игі істерге байланысты ақсақалдардың пікірін біліп, соларға газет бетінде сөз беріп отыруы – газет басшылығының көрегендігі.
Ендеше, елмен бірге жасасып келе жатқан абыройлы газет – «Ақ жолға» жазылайық, ағайын!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>