«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына 10 мыңға жуық шабақ жіберілді

Өңірдің өзен, көлдеріндегі бұрынғы жылдары жойылып кетуге шақ қалған көксерке, табан,  тұқы және сазан балықтарын  соңғы кездері қайта көбейту жұмыстары қолға алынуда.

Балық та байлық. Бұл тұрғыда «Боранды» шаруа қожалығы өз аумағындағы Теріс өзенінде балықтың көбеюіне он екі жылдан бері елеулі үлесін қосумен келеді. «Боран-дылықтар» былтыр «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына 10 мыңға тарта сазан, табан, тұқы, көксерке және дөңмаңдай шабақтарын жіберген-ді. Олар бұл игілікті істі биыл да жалғастырып отыр.
Шабақтар мұнда Жамбыл ауданы, Гродикова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығынан жеткізілді. Олардың шына-шақтайының өзі кәдімгідей қара жонданып қалған екен, жүк көлігіне тиелген бөшкеден шыпырлай төгіліп, өзеннің тұңғиығына қарай жапатармағай жүзіп бара жатты.

Бөшке түбінде қалғанын қожалық жұмысшылары шелектеп өзенге әкеліп төгумен болды. Уақ өскіндердің айдында еркін жүзіп кетуін бақылау мақсатымен келген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Асамбеков өңірімізде 105 су айдыны бар екенін айтты. Бүгінде оның 98-іне шабақ жіберу қызу жүргізілуде екен.

– Біз өзенде өсірілер балық түрлері мен санының тепе-теңдігін сақтауды діттейміз. Азайып бара жатқандарының қатарын жылма-жыл толықтырып отыруға күш салудамыз. Әлбетте, оларды күзде, су қоймасы суға жаңа тола бастаған кезде жібереміз. Өйткені, қолда өсірілген ғой, «жаңа қоныстарына» тез сіңісіп, бейімделіп кетсе дейміз, – дейді Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев.
Ол «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының кезінде негізінен егін шаруашылығын дамытуға арналып салынғаны ауданда балық өсіру ісінің желісін кеңге жаюына кедергі келтіріп отырғанын да жасырмады. Егістік алқаптарына су босатылған тұста біраз балық сумен ағып кетеді. Бұл, әрине, балық өсірушілер үшін тиімді емес. Бүгінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, Үкімет назарына ұсынып отырған көрінеді. Алдағы уақытта мәселе оң шешімін тауып жатса, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы балыққа толғалы тұр дейді мамандар.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>