Азиада тарихындағы алғашқы алтын

Шахматшы аруларымыз тұңғыш рет Азия ойындарында топ жарды

Шахматшы аруларымыз тарих парақтарына түзету енгізді. Бұған дейін бұрымдыларымыз командалық сында сары құрлық ойындарында топ жарып көрмеген болатын. Әлемдік сындарда атой салып жүрген шахматшыларымыз қашан Азияда өздерінің мықтылығын мойындатады деп жүретінбіз. Ол сәт те ұзақ күттірген жоқ. Енді міне, байрақты бәсекелерде сан мәрте қанжығалары майланып жүрген Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік бастаған аруларымыз сол олқылықтың орнын толтырып, Түрікменстан астанасы – Ашхабадта өтіп жатқан Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды.
Талайды көрген, тәжірибелері әбден толысқан Динара мен Жансая Азия ойындарында әр қадамын жеті рет өлшеп, бір рет басты. Өйткені, қателесуге болмайды. Ең басты меже – алтын жүлде. Оған аруларымыздың шеберлігі де, шыдам­дылығы да жететіні сөзсіз. Солай болды да.
Ақтық сында Қытай қыздарына қарсы ойнаған қандастарымыз жеңістің туын желбірете білді. Алдымен Го Циге қарсы әдемі тактика құра білген Динара Сәдуақасова қарсыласымен тең түсіп, ұпай бөлісті. Ұлттық құраманың қоржынына шешуші ұпайды Жансая Әбдімәлік салды. Ван Цзюэге қарсы керемет ойын үлгісін көрсете білген Жансая қарсыласын әбден тығырыққа тіреді. Нәтижесінде тәжірибелі қытай қызы қателіктерге бой алдырып, Жансая жеңіс тойын тойлады. Осылайша Қазақстан құрамасы жарқын жеңіске қол жеткізіп, ел мерейін тасытты. Сонымен қатар, жекелей сында жарысқа араласқан Динара Сәдуақасова да жүлдеден қалыс қалған жоқ. Ол классикалық шахматтан олжалы болды. Динараға бұйырғаны – қола медаль.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>