Қаламгерге құрмет Жуалыдан басталды

О, Жуалы, Жуалы,
Тұла бойың келісім.
Туа салған Шерхандар,
Елі үшін, жері үшін, –
деген жыр шумақтарымен басталған «Халқының Қызыл жебесі» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияда ең алдымен жазушының өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Мәдениет үйінің кіре берісіндегі кең зал Алаштың ардағы Шерхан Мұртазаның кітаптарына арналған көрмемен ерекшеленді.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысын Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет жүргізіп отырды.
Алдымен аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа сөз берілді. Аудан басшысы өз сөзін конференция қонақтарына және жазушыны ардақтап келген жиналған көпшілікке алғыс айтудан бастады. Мұнан соң Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерді қадір тұту қажеттігі айтылғаны, бұл тұрғыда өскен өлкесінің табиғаты мен адамдарының мінездерінен бүтін бір шығармаларында пейзаж, галерея жасаған Халық жазушысы Шерхан Мұртаза баршаға үлгі екенін сөз етті.

IMG_7898 IMG_7926«Қойнауы құтқа толы, ырысты-ынтымағы жарасқан, жұлдызы биік Жуалы – генералдар мен батырлардың, жазушы-ақындардың елі. Осындай топырақтың төл перзенті Шерхан Мұртаза – арлы, айбарлы есім. Ол сонау бір жылдары ұлт баспасөзінің ұстынына айналған ірі басылымдарды асқан көрегендікпен басқаруымен қатар, суреткер жазушы ретінде де өзін қалыптастырды. Біз күллі қазақтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртазамен мақтанамыз. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің және Жуалы ауданы әкімдігінің қолдауымен Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» атты кітабы жарық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі отыр. Баршаңызды осы кітаптың жарық көруімен және жерлесіміз Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Жазушы тойы жалғаса берсін», – деді Бақтияр Көпбосынов.

Мұнан соң Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бұл туындыға Халық жазушысының Тәуелсіздігіміздің қалыптасу жылдарында еліміздің бас газетінде жарияланған сұхбаттары, мақала, эсселері, ой-толғаныстары, көсемсөздері топтастырылыпты.
Келесі кезекте сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жазушының 60 жылдық мерейтойы жер жәннаты Жуалыда дүркіреп өткенін, сол кезде Қазақстан Жазушылар одағы мен қазақтың қабырғалы қаламгерлері көшіп келгендей болғанын еске алып, жұлдызы жарық Жуалыдан әлі де талай таланттар шығатынына тоқталды. Сондай-ақ, жазушының туған күніне орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен облыстан жасақталған делегация Шерхан Мұртазаның Алматыдағы үйіне барып, арнайы құттықтайтынын, жазушымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесіп қайтуды жоспарлап отырғанын айтып өтті.
Ал жазушы, драматург Елен Әлімжан мерейтой иесінің халық бағалайтын, ерекше құрметтейтін қасиеттеріне тоқталып, Шерхан Мұртазаның қалың оқырмандарына, көпшілікке арқа сүйегенін, қажет жерінде басын бәйгеге тігіп, қайсарлыққа, батылдыққа барғанын, сондықтан үлкен абыройға ие екенін атап өтті. «Шерағаңның кім екенін халық түсінетін сияқты. Оны халық жақсы көрді. Себебі ол кісі – әділ, турашыл, еңбеккеш болды. Ұлтын сүйді. «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқарғанда облыстық филиалдарға қазақ тілін қастерлейтін, жазушы-ақындардан басшы тағайындады. Сол үшін оған қарсылық көрсеткендер, ұлтшыл деп айыптағандар ұшырасты.
Шерхан шығармаларында туған жер табиғаты, ата-баба рухы, кейіпкердің суреті қатар өріліп отырады. Сондықтан оқылымды, тартымды. Шераға қай газетті басқарса да, оның таралымы өсіп, ұлғайып шыға келетін. Қазақ журналистикасында Шерхандай ұзақ еңбек еткен, басшылық жасаған ешкім жоқ», – деді Е. Әлімжан.
Мұнан соң жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйледі.
– Бүгін батырлар, ақындар, диқандар елінде өтіп жатқан осынау жиын үшін алғыс айтқым келеді. Ал енді негізгі тақырыпқа ауыссақ, Шерағаның қасында көп жүрдік. Сапарда, отырыстарда бірге болдық. Шерхан шығармашылығы –
үлкен ғибрат. Еліне, жеріне деген адалдығынан, қайсарлығынан, қайрат­керлігінен үйренеріміз көп.
Шерханның шығарма­шылығы аудармадан басталған. Мәскеуге келген ЦК-нің сол кездегі бірінші хатшысы Шаяхметовке кіріп, «Студентпін. Жәрдем беретін ешкім жоқ. Болашақта әдебиетпен айналысқым келеді. Сондықтан баспадан бір аударма кітап алып берсеңіз, сонымен шұғылданар едім. Өз қаражатымды өзім табар едім» дейді. Содан Шерағаңа баспадан хат келеді. Онда «Біздің жоспарымызда башқұрттың жазушысы Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» деген кітабы бар. Соның бір тарауын аударып беріп жібер. Жараса шарт жасасамыз, жарамаса өкпелемейсің» деп жазылған екен. Шерағаңның аудармасы баспаға ұнап, шартқа отырады.
Шерағаның: «Әлемнің талай елін араладым. Бірақ түсіме үнемі Жуалы кіреді. Ақсай, Көксай кіреді» – деуі туған өлкеге адалдық емес пе? Шерхан Мұртазаның 70 жылдығы қарсаңында Талапты ауылында жазушының бауыры Батырхан көкемнің шарбағында отырып, Шерағаңнан ұзақ сұхбат алғаным бар. Егжей-тегжейлі сұрадым сонда. Жазушының жан жүрегін, қарапайымдылығын тани түстім.
Шераға әлемі таңға дейін айтылса да таусылмайды. Бүгінгі конференция жұмысына табыс тілеймін. Шерхан суреттеген тау, таулы өлке аман болсын! – деді жазушы шәкірті.
Мұнан соң Тараз инновациялық -гуманитарлық университетіндегі «Шерхантану» орталығының директоры Айнұр Кембаева Шерхандай қаһарман жазушыны ардақтау өте өзекті іс екенін, 2009 жылы Шераға мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында аталмыш орталық құрылғанын, оны облыстағы белгілі қаламгерлер қолдап, қуаттап отырғанын айтты. Жазушының құрметіне түрлі мүшайра, байқаулар өткізу, ғылыми жобалар жазу қалыптасқанына, Шерағаның 80 жылдығына орай 5 томдық топтамалар жинағы шығарылса, 85 жылдығына орай ол 10 томға ұлғайып отырғанына тоқталып өтті. Жазушының жаңадан жарық көрген «Сояу» повесін, «Бір кем дүниесін» тілге тиек етті.
Сондай-ақ, жиында ТИГУ-дің доценті Қаракөз Тамабаева, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің деканы Айсұлу Тұрарова сөз алып, мерейтой иесінің жазушылық, қайраткерлік қырына ғылыми тұрғыдан тоқталып, оның ұлттық парламентаризмді қалыптастырудағы депутаттық болмысына биік баға берді. Шерханның «Мидың сәулесі – сана, жазушы – санаға сәуле түсіруші» деген қанатты сөзінен-ақ жазушының биік деңгейі аңғарылатынын айтты.
Жиын соңында Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» кітабы оқырмандарға таратылды. Осылайша, Жуалы жерінде өткен тау тұлғалы Шерағаңның шығармашылығына арналған жиынның көпшілікке берер тағылымы мол болды.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>