Бөгде ғаламшарлықтардың Шу өңіріндегі шарапаты шын ба?

Қазақ хандығының туы тігілген киелі Шу өңірінің Бәйдібек ауылында туып өскеніммен, ағайын-туыстардың шақыруымен көптеген жылдар Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында отбасыммен қоңыртөбел тірлік кешкен едім. Ата-анасымен бірге жұмыс істегендіктен әйгілі Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті жете танитынмын. Жас боздақты жалған жалалардан ақтап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолдарында оның рухын қастерлеуге байланысты шараларды (Қайраттың өзінің балғын балалық шағын өткізген 8 жылдық білім алған аудан орталығы – Төле би ауылында) жалғастыруға арнайы көшіп келуге тура келді. 1998 жылдың жазына қарай қолжетімді бағаға үй таңдап, жүктерімізді автокөлікке тиеп, ертеңіне жолға шығамыз деп, соңғы қоналқыда жатқанбыз. Таңға жуық марқұм әкем аян беріп: «Келіскен үйіңді қанша бағаға болсын сатып алғын, ол аумақ жердің кіндігіне орналасқан. Түбі жаман болмайсың» деп, көңілімді көтеріп-ақ жіберген болатын…
Расында да жолымыз болып, Халық Қаһарманының рухын әспеттеуге байланысты айтарлықтай шаралар өткізуге қол жеткізуіме Жаратқан Иеміз шапағатын тигізген шығар.
Жақында сәтін салып, бұрынырақта прокуратура саласында ұзақ уақыт қызмет еткен Төле би ауылының тұрғыны Мұратхан Нүсіповпен танысудың реті келді. Жанымыздағы замандасымыз Нұрлыхан Бердиев деген азамат: «Мәке, «аспандағы достарыңнан» хабар алып тұрасың ба?» деп, айтып қалғаны. Алғашында «қалжыңдасып тұр ма?» деп ұққаныммен, Нұрлыханнан «Мұраттан қандай достарды сұрадың» деп қызыға білгім келгенде «Маған сенбесеңіз, өзінен сұраңыз» дегені.
Орайы келгенде кейіпкеріме кездесудің сәті түсіп, өзімді қызықтырған сауалымды қойдым.
– Басымнан өткізген сол бір сәттерді жақын адамдарыма айтсам, маған сеніңкіремей, қылжаққа айналдыра бастағандықтан, көпшілікке жариялай бермейтінмін. Бұл оқиға осыдан 5 жылдай бұрын орын алған болатын. 2012 жылы Мойынқұм ауданында айтарлықтай жол апатына ұшырап, омыртқам үш жерден сынып, ауруханаға жатып қалдым. Біраз ем-дом қабылдағанмен нәтиже шамалы болғандықтан, Шу қалалық ауруханасына ауыстырылғанымда оташы дәрігерлер құлан-таза айығып, тұрып кетуге әлі де бір жылдай уақыт керек екендігін айтты. Дертімнің аса ауырлығын ескеріп, ақ халаттылар жансақтау бөлмесіне жатқызған. Бір күні кешкі 9-дар шамасында ұйытқып, қатты жел тұрғандай болып терезе ашылып кетіп, үстерінде суға сүңгушілер киетін киім іспеттес, бірақ алтын жалатқандай киімдермен қолдарында ерекше құралдары бар, біреуі ескілеу сияқты, беттері бүркеулі үш адам кіріп келді. Сол сәтте мен маужырап ұйықтап кеткендей халде ары қарай кино көріп жатқандай болдым. Бөлменің жан-жағы сап-сары алтынмен көмкерілгендей, өзім болсам, жерден бір метрдей биіктікке қалқып, қабырға бойымен ақырын ғана айналып жүрмін. Бір бұрышқа келген сайын денем қатты ауырады. Әлгілер үндемейді, бірақ өзім сөйлесем қазақ тілінде жауап қатады. Аң-таң күйде таңырқап жүргенімде келесі күні кешкі дәл сол уақытта желдетіп, борандата қолдарына бір-бір аппақ сүйек-қабырғасын ұстаған ақ киімді үш адам кіріп келеді. Қолдарындағы қабырғаларды қайрақпен егеген сайын менің сай-сүйегім сырқырап ауыра бастайды. Маған өздерінше ем-дом жасағандығы білінумен болды. Қарап жатпай: «Маған да үйретпейсіңдер ме?» десем, үн-түнсіз келіскендей, бастарын изейді. Таңғаларлығы, өткен күні де, келесі күні де екі күн қатарынан кешкі тоғызда келетін «қонақтар» бір сағаттай маған көңіл бөліп, тұп-тура 22:00-де қайтып кетумен болды…
Сөйтіп, «дәрігерлердің бір жылдан кейін ғана жүріп кетесің» дегеніне қарамастан уақыт өткен сайын сауығып, тіптен үйге шыға салысымен травматолог Қ.Сафаров салып берген гипсті де аралап алып тастап, алты айға жетпей айығып, емін-еркін жүріп кеттім. Арнайы медициналық (томография) аспабымен тексерілгенде омыртқам теп-тегіс, сәл көрінер-көрінбес сызатпен ғана біткен екен. Осы таңғажайып оқиға туралы жұбайым Мейраш: «Досың Бөгетбекке айтып қойып жүрме, ол мазақтап, күліп жүрер» деген еді, – деп Мұратхан Нүсіпов көптен еш жанға айтылмай жүрген таңғаларлық сырын ақтарып салды.
Жиырма жылдай ертеректе әкем Жұмәділ Отарбайұлының таңға жуық маған айтқан «аяны» Мұратхан Әбләлімұлының басынан өткізген тылсымды – оқиғамен үйлесіп туып-өскен өңіріміздің қасиетті де киелі мекен екендігін дәлелдеп тұрғандай көрінеді қазірде.

Мәкен Уақтегі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Төле би ауылы,
Шу ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>