Аңызға айналған абыз

Кеше Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты театр және кино өнерінің жарық жұлдызы Асанәлі Әшімов 80 жылдық мерейтойына орай туған жері Әулиеата топырағына келіп, жерлестерімен жүздесіп, құрметке бөленді. Қазақ өнерінің абызы мен аңызына айналған тұлғаны жамбылдықтар зор қошеметпен қарсы алды.
Өнер тарланы алдымен Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгіме тиегін тарқатты. Келелі кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды.

IMG_3089 IMG_3184 IMG_3264 IMG_3524 IMG_3601Ерқанат Нұрбапаұлы тұлғаны сексен жылдық мерейтойымен және жуырда ғана Мемлекет басшысының өзі тапсырған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен құттықтап, өнердегі орнының биіктігін бағалап, тілектес екендігін жеткізді. Өз кезегінде Асанәлі Әшімов те туған жерінің қадір-қасиеті жайында сөз етті.
– Бұл өмірдегі менің әрбір жетістігім тек өзімнің жеткен биігім емес. Оның әрқайсысында туған жерімнің қасиетті топырағынан бойыма сіңген болмысы, сіздердей тілеулес елдің, достарымның қолпашы, құрметі жатыр. Жалпы, актерлік өнер – жеке шауып бәйге алатын жарыс емес. Ансамбльдік еңбек қой бәрі. Көп әріптестеріңмен бірге сахнада образ жасай отырып, өзіңді көрсетуің керек. Осындайда еске түседі, бұрындары, алпыс, жетпіс жылдық мерейтойларда осында Әзірбайжан бастап, Ақселеу қоштап, бір топ жора-жолдастармен келіп едік. Міне, бүгін олар арамызда жоқ. Солардың көзі боп, өкілі боп біз қалдық. Солардың орнын жоқтатпау – бізге міндет.
Жалпы, Жамбыл өңірі тегін жер емес қой. Баукеңдей батыр шыққан, қаншама талантты қаламгерлер қанат қаққан өлке екені баршаға мәлім. Біз де мұнда келгенде қонақ болып емес, осы елдің баласы едік деп келеміз. Сонау бір кездері осында туып, ер жетіп, қанат қаққанымызды, сондағы туған елдің мойнымызға артқан үмітін сезініп келеміз. Сол сенімді ақтағандай болсақ, сіздердің үделеріңізден шыққандай болсақ іштей марқайып, қуанып қаламыз.
Елге әр келген сайын, аноу Сарысуға барар жолда қырға көтерілген бойда кіндік қаным тамған ауылымның шеті көрінген сайын жүрегім дүрсілдеп, толқып кетемін. Қанша құмды, шөлді жер болса да, сол туған өлкем маған ел мақтап жүретін Швейцарияңыздан мың есе артық. Шөп шауып өскен ауылдың қара баласымыз. Перзент ретінде осы елге аянбай қызмет ету – борышымыз. Қаншаға келсек те, елдің, халықтың алдында есеп беріп тұру – біздің парызымыз, – деп мерейтой иесі ағынан жарылды.
Келесі кезекте сөз алған жазушы, драматург Елен Әлімжан Еңбек Ерінің өнердегі биік орны туралы әңгімеледі.
– Бүгін Қазақ өнерінің деңгейі қандай десек, осы Асекеңдерді біз мақтанышпен көрсете аламыз. Өйткені, бұлар өздеріне дейінгі қазақ кино және театр өнері майталмандарының сара жолын жалғастырып, одан әрі биікке көтерді. Олардың берік қып қалаған іргетасын зәулім ғимарат етіп, шатырын жаба білді. Асекеңнің кинода да, театр сахнасында да сомдаған кез-келген образы – халықтың жүрегінде. Әсіресе, «Қыз Жібектегі» Бекежан рөлі оны тым биікке көтерді. Ең жағымсыз кейіпкерді ойнай жүріп көрерменнің ең сүйікті кейіпкеріне айналу – актердің шынайы таланты мен шеберлігінің арқасы екендігі даусыз, – дей келе, Елен Әлімжан өнер корифейінің әрбір шыққан белесі жерлестері үшін де зор мақтаныш екенін тілге тиек етті.
Бұдан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рақымжанова, «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген, айтыскер ақын, аталмыш «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков және басқалар тұлға туралы тағылымды ойларын ортаға салып, өнер тарланының қашанда мерейі асқақ, мәртебесі биік болып жүре беруіне тілеулестік білдірді.
Кездесу соңында Асанәлі Әшімов жиналғандарға ақ тілегін айтып, жазушы Қали Сәрсенбайдың жуырда шыққан «Абыз-Аңыз» атты кітабын тарту етті. «Тұлғатану» сериясымен жарық көрген кітапта данқты өнер иесінің шығармашылығы, суреткерлік болмыс-бітімі, адами қалпы, өмірлік ұстанымдары баяндалып, ол туралы эсселер, толғамдар, сұхбаттар да беріліпті.
Осы күні түс ауа тараздықтар облыстық қазақ драма театрына қарай ағылды. Онда Асанәлі Әшімовтың сексен жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Өнер үшін жаратылған жанды қауым орындарынан тік тұрып, қошеметпен қарсы алғаны айтулы актердің мерейін тіпті еселей түсті. Қалың көпшілікпен бірге өнер кешін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та тамашалады.
Жиналғандарға алдымен Еңбек Ерінің 80 жылдық мерейтойына арнап түсірілген «Сыр тұнған Айсберг» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде актердің өмірі мен шығармашылығы қатар өріліп берілген. Тіршіліктің сан қилы белестері, қиындықтары мен қызығы, үміт пен сенім, қажыр мен қайрат – жүріп өткен өмір жолының баспалдақтарының барлығы да көрерменнің көз алдынан тізбектеле өтті. Аталмыш фильм өнерден бағын тапса да, өмірдің қатал сынына тап болған актердің бар болмысын ашқан.
Көрерменге ұсынылған деректі фильм көптің көзіне жас үйірді. Күлдіріп те, жігерлендіріп те алатын тұстары жоқ емес. Қарт Алатау мен аңыз адамды салыстырып басталған деректі фильм жұртшылықтың жүрегін баурап алды. Расымен де Алатау қандай биік болса, абыз ақсақал да соншалықты асқақ, абыройлы. Иә, өмір оған қуанышы мен қайғысын теңдей бөліп берді. Өмірінің өзі – театр, драма, комедия, трагедия.Актердің өзі сомдаған кейіпкерлерінің тағдыры оның өмір ме дерсің. Бойындағы талантының арқасында өнер әлеміне еркін енген әртістің студенттік сәтінен танымал болуына дейінгі аралық анық суреттелген. Деректі фильмнен соң шағын концерттік бағдарламаға кезек беріліп, халық әндері әуелеп, күй төгілді.
Бұдан соң туған жерге табан тіреген тұлғаны облыстық қазақ және орыс драма театры ұжымының әртістері шағын композиция арқылы сахнаға шақырды. Театр мен кино өнерінің ақтаңгері, сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесін мерейлі сексен жасымен өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев құттықтап, ілтипатын білдірді.
– Сізді қазақ театр және кино өнерінің абызы деп мақтанышпен айтамыз. Туған жеріңіз Жамбыл жұртшылығының сізге деген ықыласы, құрметі әрқашан бөлек. Қасиетті туған топырақтың киесі дарып, талантыңыздың арқасында самғау биікке шықтыңыз. Сол өнердегі өрелі еңбегіңіздің өтеуі ретінде жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады. Ол барша халықтың сізге деген сүйіспеншілігі, қошеметі еді. Бұл – барша қазақ өнерінің жұлдызы жанған күн, әсіресе, Жамбыл өңірінің мерейі тасыған күн болды десем, артық айтпаймын. Өйткені, жайсаң жерлестеріңіз қашанда сізбен бірге, сізге тілектес. Өнердегі жұлдызыңыз бұрынғыдан да жарық жана берсін. Мерейіңіз артып, ырысыңыз таси берсін! – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Сондай-ақ, жазушы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, «Асанәлі Әшімов» орталығының директоры Талғат Сұлтангереев тағы басқалар сахнаға көтеріліп, ақжарма тілектерін арнады. Өнер тарланының ұлы кішкентай Асанәлі асқар тау әкесіне арнап жазған жалынды жырын оқып, әсем ән жолдады. Мерейтойға арнайы келген өнер иесінің жанұясы сахнаға көтеріліп, қалың көпшілікке тағзым етті.
Мерейтой салтанаты ақ дастархан жайылған «Сәтті» мейрамханасында жалғасып, онда облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы мерейтой иесіне барша жамбылдықтар атынан жол талғамайтын су жаңа көліктің кілтін тапсырып, қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Иә, расында да көзі тірісінде аңызға айналған Асанәлінің бар ғұмыры өнерге арналды. Өнер өлімнен құтқарды, өнер өкініш пен өксіктен сақтады. Бүгінде абыз қарт абырой мен атақтың асқар биігінде десек, туған жеріне келіп бір жасап қалған Еңбек Ерінің сексен жылдығына арналған мерейтойлық шаралар туған өңірі – Сарысу ауданында жалғасты. Ол туралы газетіміздің алдағы санында хабарлайтын боламыз.

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан,
Алтынбек Қартабай.

Жанғазы ахмет,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>