Ағылшынша оқып жүр…

Жаңа оқу жылының басты жаңалықтарының бірі – мектепте бірқатар пәндердің таңдау курстарының ағылшын тілінде оқытылатыны болып отыр. Қазір кейбір мектептерде ағылшын тілінде сабақ берудің кестесі бекітілуде. Жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін үйрену курстарында оқытылып жатыр.
Тіл үйреніп, біліктілігін арттыруға педагогтар да ынталы. Себебі, биыл сабақты ағылшынша беретін мұғалімдердің айлық жалақысына қосымша үстемеақы қосылатын болды.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін жаппай және жедел үйренуі керектігін педагогтар айқын түсініп отыр. Басты талап – физика, химия, биология, информатика пәндерінің ұстаздарының В1-Intermediate, B2-Upper-Intermediate немесе C1-C2-Advanced деңгейлері бойынша APTIS, IELTS, TOEFL сертификаттарының болуы.

Иә, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Үкіметтегі баспасөз мәслихатынан соң БАҚ өкілдеріне егер мұғалім дайындықтан өтіп, ағылшын тілін меңгеріп, жоғары сыныптарда, мәселен, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізсе, қосымша ақы төленетінін айтқан еді. Оның айтуынша, бұл сома базалық лауазымдық қызметақысының 200 пайызын құрайтын көрінеді. Яғни жалақысына 35 мың теңгедей қосылады.
Осы мәлімдемені нақтылай түсу үшін біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатыроваға хабарласқан едік. Жәмила Елеуқызы педагогтардың еңбекақы төлемдеріне өзгерістер енгізілгенін, жаңа жүйе бойынша төлемақы қыркүйектен бастап төленетінін айтты.
– Жалпы, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2019-2020 оқу жылынан бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшуіміз керек. Біз үш тілде білім беруге дайындық ретінде биыл облыстағы 55 мектепте 5-8-сыныптарда физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша элективті курстарды ағылшын тілінде оқытудың пилоттық режімін енгіздік. Осы курстарды жүргізетін мұғалімдердің білім деңгейі талапқа сай келсе, жалақыларына үстемеақы қосылады. Бюджет тарапынан қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, еңбекақы төлемдері туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы да бар. Яғни, ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің базалық жалақысына қосымша төлем жасалады, – дейді Жәмила Бекбатырова.
Рас, ұстаздарды тіл үйренуге ынталандырған бұйрықта В1-Intermediate, B2-Upper-Intermediate немесе C1-C2-Advanced деңгейлеріне сәйкес APTIS, IELTS, TOEFL жүйелері бойынша тест тапсырғаны туралы сертификаты бар және тілдік деңгейі пәндерді ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндік беретін диплом қосымшасы бар, физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ жүргізетін мемлекеттік білім беру мекемелері мұғалімдерінің базалық еңбекақысына 200 пайыз көлемде қосымша төленетіні нақты көрсетілген екен. Бұл жаңалық үш тілде білім беру үдерісіне көшуді жылдамдата түсері анық. Қазірдің өзінде тіл білуге ұмтылған ұстаздар көп.
Тараз қаласында үш тілде білім беруге көшу кезеңдерінде белгіленген жоспарға сай осы оқу жылында 26 мектептің 39 сертификаты бар ұстаз элективті курстарды ағылшын тілінде оқытудың пилоттық жобасын бастайды екен. Қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрәк Жинақбаеваның сөзіне сүйенсек, биыл жаратылыстану бағытындағы 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту бағдарламасы бойынша химия, физика, биология, информатика пәндерінің 37 мұғалімі біліктілігін арттырған. Сонымен қатар, 152-сі ағылшын тілін үйрену курсына жіберіліпті.
Негізі біздің өңіріміз үшін үш тілде білім беру тәжірибесі таңсық емес. Бұған дейін облыстағы 3 мамандандырылған мектепте жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылып келген. Ал жаңа оқу жылында Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында үш тілді білім беру бойынша эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылыпты.
Облыстық білім басқармасының мамандары бұл шаралар «Үш тілде білім берудің 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасын» жүзеге асыру мақсатында қолға алынғанын айтады. «Ұлт жоспарының 79-қадамында көрсетілгендей, жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу үшін 7 мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесін таратуды қолға алдық. Министрлік бекіткен кестеге сәйкес, педагогтарды арнайы курстарға оқуға жіберіп жатырмыз. Былтыр физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 45 педагог ағылшын тіліндегі оқыту курстарынан өтсе, 2017 жылы – 851, 2018 жылы – 819, 2019 жылы – 815 педагогті тіл үйренуге оқуға жібереміз деп жоспарлап отырмыз», – дейді Жәмила Елеуқызы.
Үш тілде оқытудың пайдасы көп екендігіне – дарынды ұл-қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаттарының, облыстық үш тілде білім беретін білім ошағы шәкірттерінің жетістіктері дәлел. Осыны ескерген сала басшылары оқушылардың каникулы кезінде аталған мектеп-интернатта тіл үйрену курстарын ұйымдастырған болатын. Дерекке сүйенсек, жазғы мектепте 6-7- сыныптардың 3 мыңға жуық оқушысы ағылшын тілін үйреніпті.

Түйін: Елімізде 2019 жылдан бастап үш тілде білім беру жүйесі енгізіледі. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76-қадамында көрсетілгендей, тек жоғары сыныптарда үш тілде оқытылады. Оларға 4 пән беріледі. Соның ішінен оқушылар екі сабақты таңдап алуға құқылы. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Таңдау оқушының болашақ мамандығына байланысты болмақ.

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

One comment

  1. Сəлеметсіздер ме?! Осы аталған курсы өз қалаулары бойынша география мұғалімдері оқуға болама

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>