Жамбылдан шыққан жұлдыз

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованы қабылдап, пәтер кілтін тапсырды

    IMG_2685ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада болгар қызы Милена Колеваны ұтып, WIBA,WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған Фируза Шарипованы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Қазақ арулары арасынан жеңіл салмақтың ауыр жүгін арқалап, кәсіпқой бокста тұңғыш чемпион атанған Фируза Шариповаға екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырған облыс әкімі: «Қазақ қыздары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Фирузаны біз мақтан тұтамыз. Жамбыл жері киелі өңір. Бокс, күрес, дзюдо болсын, кез келген спорт түрінің саңлақтар бізден көптеп шыққан. Олимпиада ойындары мен өзге де байрақты бәсекелерде атой салған Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Елдос Сметов, Зүлфия Ғабидуллина, Олжас Сәттібаев сынды саңлақтардың дара жолы жастарға үлгі. Олардың жеңісті жорығын Токио Олимпиадасында өзге де жастарымыз жалғаса деген үміт бар. Фируза, біз саған үлкен сенім артамыз. Алар асуларың көп болсын. Сен Таразда қалуың керек»,-деп ізгі тілегін арнады. Өз кезегінде Фируза облыс әкімі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Облыс әкімінің қабылдауына Фирузамен бірге алғашқы бапкері Феликс Цой, чемпион қыздың менеджері Сергей Завилейский де келді. Сергей Завилейскийдің айтуынша, Фируза алдағы жекпе-жектерінің бірін Таразда өткізуді қалап отыр екен. Қаржылық қолдау болса, чемпионның командасы құп алуға әзір. Сондай-ақ, менеджер Фирузадан үлкен бизнес жоба жасау ісін де қолға алыпты. Басты мақсаты Фирузаны екі салмақта әлем чемпионы ету екенін де тіліне тиек етті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

фото Ақәділ Рысмахан

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>