Бейнет түбі – зейнет

Талас ауданының әкімі болат рысмендиев зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды

Кеше Талас ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан активінің жиналысы өтті. Оған қала және аудан елді мекендерінің өкілдері, ардагерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме, кәсіпорын, ұйым жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Актив жиынында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиевтің зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босату туралы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің шешімін жария етіп, бұл міндетті уақытша атқару аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжановқа жүктелетінін мәлім етті.
– Өздеріңіз білесіздер, – деді аймақ басшысы, – Болат Рысмендиев Талас ауданында үш жыл, үш ай қызмет етті. Елбасының, Үкіметтің алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда іскерлік көрсетті. Осы жылдар ішінде Қаратау қаласында натрий цианидін өндіретін, цемент шығаратын, мәрмәр ұнтағын әзірлейтін зауыттар іске қосылды. Сондай-ақ, аудандағы елді мекендерде мектептер мен медициналық пункттер салынып, халық игілігіне ұсынылды.

Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 бағдарламасына сәйкес қалада спорт кешені, аудандық емхана сияқты ірі нысандар салынып, тек соңғы екі жылда 37 көше жөнделді. Қала тұрғындары газбен толық қамтылып, әрбір үйге ауызсу жеткізілді. Сондай-ақ, көшелердің, жолдардың бойы гүлзарлармен көмкерілді.
Ол басқарған жылдары халықтың әл-ауқаты артты. Әрі әкім ретінде мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсетті.
Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы Б. Рысмендиевке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын және бағалы сыйлық табыстап, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тіледі.
Болат Рысмендиев өзінің қызметіне жоғары баға бергеніне ризалығын білдіріп, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда өзімен түсіністікте, білек біріктіре еңбек еткен аудан халқына, мәслихат депутаттарына, ардагерлерге шын жүректен алғыс айтты. Бір өзінен 59 Еңбек Ері, екі Кеңес Одағының батыры шыққан Талас ауданының болашағының бұдан да зор екендігіне сенетіндігін жеткізді. Қаратау қаласы алдағы уақытта еліміздегі ең әсем қала болатындығын атап көрсетті.
– Бірлігі мығым, ұлттық салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған таластықтар менің жүрегімде мәңгі қалады, – деді ол.
Актив жиынында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Әсемов ауданның бұрынғы әкімінің іскерлігіне талай мәрте көзі жеткендігін атап көрсетсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Көлбайұлы оның соңғы үш жылда атқарған қызметіне оң бағасын берді. Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Тәжібеков ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртуда ерекше көмек көрсеткені үшін облыс әкімі К.Көкірекбаевқа алғысын жеткізіп, халықтың мұң-мұқтажына әркез мұқият қарап, нағыз басшының үлгісін көрсеткені үшін Б.Рысмендиевке батасын берді. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Б.Құлекеев Қаратау қаласындағы оң өзгерістердің Б. Рысмендиевтің тұсында жасалынғанын атап көрсетті.
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімі К.Көкірекбаев аудан халқының ауызбіршілігіне разылығын аймақта алдағы уақытта да өркенді өзгерістердің жалғасатынын нық сеніммен айтты.

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Сәулембай әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>