Назарбаев ЭКСПО-ны жабық деп жариялады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-ның жабылу салтанатында сөз сөйлеп, көрмені қорытындылады.

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жоғары деңгейде және зор табыспен өткенін мақтанышпен айтқым келеді, – деді ол. – Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан ЭКСПО шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдығы мен туристердің танымын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонажайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемніңғ тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көргенін тілге тиек етті. «Олардың үштен екі бөлігі – жастар мен оқушылар. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын қырық-елу мың адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады, яғни әрбір алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді. ЭКСПО-ның ең танымал орталығы – Қазақстанның павильоны – «Нұр Әлем» сферасын бүкіл әлем білетін болды. Көрме басталғалы бері бұл аймаққа 1 миллион 300 мың адам кіріп-шықты. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты. «Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде ЭКСПО құрылысына архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер атсалысты. Әсіресе жас волонтерлер – 4500 жастарымыз қатысып, осы жерде жұмыс істеп, көп шетелдіктерге қаламызды көрсетті. Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Баршаларыңызға айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын. Көрмені басқаруды тапсырған компанияға, оның басшысы Есімов мырзаға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатқа келіп отырған мемлекет және үкімет басшыларына, Халықаралық көрме бюросына және барлық қонақтарға ерекше рахметімді айтқым келеді. Астана әрқашан өздеріңізді ыстық ықыласпен, аса құрметпенен қарсы алып отырады. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Жасасын Қазақстан!», деп лебіз білдірді Президент. Мерекелік жабылу салтанаты «МузАРТ» тобының, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Лада Қысықова қатарлы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертпен жалғасты.

Асхат РАЙҚҰЛ, “Егемен Қазақстан”

Фото: Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

ақпарат көзі egemen.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>