Әкім Оқушылар орталығын да ұмытқан жоқ

Заманға қарай талғам да өзгерді. Қазір бұрынғыдай емес, барған мекеменің алдымен қандай ғимаратқа қоныс тепкенін қарайтын болдық. Өйткені, соңғы жылдарда қалада да, ауылда да сәулеті келіскен нысандар көптеп бой көтерді. Ал кейбір ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп жаңғыртылып жатыр. Соның бірі – облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталық.
IMG_6289 IMG_6279Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. 10 сәуірде құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігер компания – «Бірлік – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біраз істі еңсеріп тастапты. Бастапқыда нысанда 150 адам еңбек етіпті. Біз барған сәтте де жұмысшылар қарасының аз емес екенін байқадық.
«Бірлік – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға прорабы Саят Қалдыбеков жұмыстың 90 пайызы еңсерілгенін айтады. Тындырымды тірлігімен өзгеге үлгі болып жүрген бригадир Әбілқайыр Ералиев, дәнекерлеуші Нұржан Қаңтарбаев, жұмысшы Максим Кирилов сынды мамандары бар, мекеменің ішкі-сыртқы сылақ, безендіру жұмыстары сәтті жүзеге асыпты. Енді ауланы көгеріштендіру, абаттандыру жұмыстары, бірқатар бөлмелердің ішкі сылағы қалған екен. Аға прораб оны қыркүйек айының соңына дейін бітіреміз деп отыр.

Аталған орталықтың директоры Шариякүл Қашқынова ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенге әсіресе, ата-аналар мен оқушылар қатты қуанып жүргенін айтты. «Бұл оқушылар үшін үлкен сыйлық болды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев дарынды жастарға осылай қолдау көрсетіп отыр. Өнер үйреніп, білім алып, саналы азамат болып қалыптасқан кезде біздің шәкірттеріміз де осы қамқорлықтың өтеуін елге адал қызмет етіп қайтаратынына сенімдімін. Қазір орталықта жұмыс істейтін 21 үйірмеге 1600 бала тартылған. Олардың арасында республикалық, халықаралық өнер байқауларында топ жарып жүргендері аз емес. Әсіресе, вокалдық ән орындау, айтыс өнері бойынша жақсы көрсеткіштеріміз бар болатын. Енді табысымыз да арта түседі деп ойлаймын. Мердігер компания «Бірлік – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де үлкен алғысымды білдіремін, – дейді Шариякүл Көпжасарқызы.

Бұрын осы бір атауы да шұбалаңқы, облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың ғимараты көзге қораш көрінетін. Қазір сәулеті көз тартатын ғимараттың біріне айналды. Енді осы мекеменің затына сай, атын да өзгертіп, ірі қалалардағыдай «Оқушылар сарайы» деп атасақ дұрыс болар еді.

Тараз қаласы.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>