Ел еңсесі экспортпен көтеріледі

Ұлттық экономика министрлігінің, «Кazakhinvest» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктердің қолдауымен «ZoodeI» компаниясы «Қазақстан тауарларын сыртқы нарықтарға шығаруға көмектесу» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстарда бизнес-семинарлар өткізуде.
Экспорттық операциялар желісін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жергілікті экспортты ілгерілетудің жаңа құралдарын ұсыну мақсатында биылғы 31 шілдеде Атырау қаласынан бастауын алып, өңірлерде өткізіліп жатқан «Иә, сен экспорттай аласың!» атты шара 7 қыркүйек күні Өскемен қаласында өзінің мәресіне жетеді деп күтілуде. Келер жылғы роуд-шоу да еліміздің шығыс өңіріндегі осы өндірісті қалада өтетін көрінеді.
Тараз қаласындағы «Арай Плаза» бизнес орталығында кәсіпкерлік құрылымдарының басшылары мен өкілдері, кәсіпорын жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер қатысуымен өткен семинарды ««Кazakhinvest» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өңірлік директоры Рамазан Ибраймов ашып, аталған шараның мақсатымен таныстырды. Үлкен экран арқылы слайд көмегімен баяндама жасалды. Одан әрі облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Руслан Рақымбаев және «ZoodeI» компаниясының сауда жөніндегі директоры өнімді экспорттау барысындағы мүмкіндіктер туралы кеңінен әңгімелеп берді. Семинарға қатысушылар, сондай-ақ, ТМД және Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркия, Қытай, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан басқа да елдердің нарығына шығуға арналған жаңа онлайн құрал туралы ақпаратпен таныстырылды. Бұл құрал – экспорт және орта-шағын бизнесті дамыту бойынша толық қызмет беретін «ZoodeI. Com» халықаралық В2В сауда алаңы. Оқыту, маркетинг, сауда серіктестіктерін анықтау, логистика, қауіпсіз төлем жасау, көп тілді контент, тендерлерге қатысу секілді қызмет түрлерін ұйымдастыруды үйлестіреді.
Бизнес-семинар барысында облыстың 2016 жылдың соңындағы сыртқы сауда айналымы 535,9 миллион АҚШ долларын құрап, 2015 жылға қарағанда 8,1, ал облыстың экспорт көлемі 54,7 пайызға артқаны мәлім болды. Бұған керісінше импорт көлемі біршама азая түскен. «Арай Плаза» ғимаратынан ашылған инвесторлар мен кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы аясында кеңес беру және сервистік қолдау көрсету орталығынан бұл тұрғыда жан-жақты ақпарат алуға болатыны да атап өтілді.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтардың барлығына да нақты жауаптар қайтарылды.

Амангелді Әбіл,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>