«Шалқар» Қожалығының өз ірі өндіріс орны болады

Т. Рысқұлов ауданында аяғына нық тұрған бірқатар шаруа қожалықтары көп салалы өндіріс орындарын құру үшін елеулі игілікті шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Солардың бірі – Құлан ауылдық округіне қарасты «Шалқар» шаруа қожалығы. Агроқұрылымның 12670 гектар егістігі тау бөктеріне орналасқан. Оның 450 гектары суармалы. Қожалық элиталы арпа-бидай тұқымын өсіруге байланысты жыл сайын аудан бойынша жоғары өнім алып келеді. Тұқымның дені аудан агроқұрылымдарына, қалғаны облыс аумағына өткеріледі. Үстіміздегі жылы олар өздерінде өсірілген 6900 гектар күздік, 4000 гектар жаздық арпаның әр гектарынан орта есеппен 28 центнерден дән жинаған. Жыл сайын 300 гектарға жуық алқапқа мақсары өсіреді. «Шалқарда» мақсары дәнін өңдейтін шағын цех бар. Биыл олар оның әр гектарынан 5,5 центнерден өнім алуда. Өздерінің өнімін өңдеген соң аудандағы өзге қожалықтардан шикізат қабылдайтын болады.

Агроқұрылым өзінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты көңіл бөлуде. Соңғы үш жылда 55 миллион теңгеге өз қаржыларына және лизингке көптеген қуатты техника сатып алған. Қазір мұнда егін жинайтын 18 комбайн, 11 «К-700» тракторы және 8 «Камаз» автомобилі бар. «Шалқар» шаруа қожалығының жетекшісі Шалқар Төкеев келешекте мал шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Осы мақсатта еліміздің солтүстік облыстарынан қазақтың «Ақбас», «Қарала» және «Қызылала» тұқымдас 450 бас сауын сиыр, сондай-ақ 1000-ға жуық өгізшелер сатып әкелген. Келешекте осында салынатын мал бордақылау кешенінде 1000 бас өгізше бордақыланады және 200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы құрылады. Ш.Төкеев 680 миллион теңге өз қаржысына үлкен 3 қоражай салуда. Олардың қасында мүйізді ірі қараны қолдан ұрықтандыратын пункт және мал сою алаңы бой көтереді. Қазір 3 қоражайдың құрылысы аяқталып келеді.

Кешеннің қасында артезиян құдығы қазылған. Қажетті инфрақұрылымның бәрі бар. Қазір мұнда 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Жазда олардың қатары 100 ден асады. Мал бордақылау және тауарлы сүт фермасының құрылысы толық аяқталып, іске кіріскен кезде жаңа тұрақты 60 жұмыс орны ашылады. Барлық ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай сойылатын ірі-қара малдың етін келешекте экспортқа шығару көзделуде. Осында өндірілетін сүтті өңдеп, дайын өнім шығару да жоспарда бар. Көп салалы шаруашылық келешекте өздерінде асыл тұқымды мал өсіріп, оны облыс аумағына өткермек.
Іс тетігін қашанда мамандар шешеді. Сондықтан да еңбек адамдарының алаңсыз әрі өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ш.Төкеев өткен жылдың қорытындысында ерекше еңбегімен көзге түсіп жүргендерді ынталандыру мақсатында екі механизаторға екі үй сатып алып берген. Сондай-ақ, екі жұмысшысына шетелдік автокөліктер сыйлаған.

Әлдибек ТУҒАНБАЕВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі.

Т. Рысқұлов ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>