Алманияда атой салған сайыпқыран

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Әбілхан Аманқұл туған жеріне оралды

Без-имени-3Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған жамбылдық саңлақ Әбілхан Аманқұл туған жеріне оралды. Талай мықтының бетін қайтарған сайыпқыран Әбілхан мен бапкері Нұрлан Ақүрпековты облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жерлестері «Әулиеата» әуежайында ыстық ықыласпен қарсы алды.
«Құрметті жанкүйерлер, Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев сынды еліміздің атын әлемге әйгілеген өрендердің ізін жалғап, жеңіс эстафетасын қолға алған Әбілхан інімізді облыс әкімі атынан шын жүрегіммен құттықтаймын! Толайым табысқа қол жеткізу жолында аянбай еңбегін сіңірген ата-анасына, алғашқы бапкері Тұрлыбек Көпжасаровқа, жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке шексіз алғысымды білдіремін. Әлі алда талай байрақты бәсеке тұр. Әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкте желбіретеді деп сенеміз, саған, Әбілхан! Биік асуларды бағындыра бер!», – деді Ерқанат Нұрбапаұлы өз сөзінде. Бұдан соң сөз алған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бірінші проректоры Асқар Абдуалы шәкірттерінің жеңісіне ризашылығын білдіріп, Әбілханның грантқа ауысқанын хабарлады. Жамбылдық жампоздың жеңісті жорығы университет түлектері үшін үлкен серпін болатынын сөз етті.
Кейіннен спорт ардагері Әмірхан Төлен сөз алып, боксшыны жеңісімен құттықтады. Бұдан соң Әбілхан Аманқұлдың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков жанкүйерлерге деген алғысын айтып, алда тұрған айтулы аламандарда да шәкіртінің биіктерден көрінуге бар күшін салатынын жеткізді. Облыс басшылығына, спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтарға ризашылық сезімін білдірді. Соңынан сөз алған Әбілхан да жерлестерінің қолдауын сезінгенін тіліне тиек етіп, сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбектенетініне сендірді.

Кәсіпқой бокста «Қазақ» лақап атымен танылған Қанат Ислам ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында 9 қыркүйек күні Астана төрінде канадалық Брэндон Хукпен жұдырықтасатыны белгілі. Кәсіби мансабында жеңіліс таппаған қос боксшының шайқасын жұртшылық асыға тосып отыр.
Бірінші орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Қанат Ислам күні бүгінге дейін 24 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, Брэндон Хук 18 жекпе-жегінде де жеңіс тойын тойлаған. Boxrec.com сайтының рейтингінде 25-орынға орналасқан қазақстандық боксшы 21-орынға жайғасқан Хукты жеңсе, бірнеше саты тағы жоғарылайтыны белгілі. Сондықтан отандасымыздың аянып қалмасы анық. Жекпе-жекте Қанатқа тиесілі WBO NABO, WBA intercontinental белбеулері сарапқа салынады.
Бүгінде Астана төрінде жаттығу жасап жүрген канадалық боксшы Қазақстанға Қанат Исламды нокаутпен жеңу үшін келгенін ашық айтып отыр. Сондай-ақ, ол қазақ боксшыларынан тек Геннадий Головкинді білетінін алға тартыпты. Өз кезегінде Қанат Ислам баспасөз мәслихатында сөз алып, кездесуге тас-түйін дайын екенін сөз етті.
«Бұл менің елімдегі екінші шайқасым. Жанкүйерлер қызу қолдау білдіреді деген ойдамын. Спортшы кез келген қарсыласқа бар ынта-шынтасымен дайындық жұмыстарын жүргізеді. Барлық жағдайға дайын болады. Мен үшін жекпе-жектің елордамыз Астанада өтетіні үлкен жауапкершілік жүгін жүктейді. Жанкүйерлерімді жарқын жеңісіммен қуантқым келеді», – дейді Қанаттың өзі. Қос боксшы бетпе-бет кездесіп те үлгерді. Біз Қанаттың жеңіске жететініне шүбә келтірмейміз. Алға, Қазақ! Бұл күні өзге де қазақстандық боксшылар шаршы алаңға көтеріледі. Олардың қатарында жамбылдық жампоздар Жанқош Тұраров пен Нұрсұлтан Жаңабаев та бар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>