Әбілхан – әлемнің күміс жүлдегері!

Гамбургте өткен әлем чемпионатында ұлттық
құрама 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде иеленді

Алманияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Жаһан назары ауған аламанда жамбылдық жампоз, 75 келі салмақ дәрежесіндегі үмітіміз Әбілхан Аманқұл күміс жүлде иеленіп, жанкүйерлерін қуантты. Ширек финалда 3 жыл бойы жеңілістің дәмін татпаған, Олимпиада және әлем чемпионы, әйгілі кубалық былғары қолғап шебері Арлен Кардон Лопесті ұтқанда Әбілханға чемпиондықтың ауылы жақындай түсті. Жартылай финалда сайыпқыранымыз Рио Олимпиадасында Жәнібек Әлімханұлының кеткен есесін қайтарып, әзірбайжандық (бұрынғы қазақстандық) Камран Шахсуварлыны жеңді. Жерлесіміз ақтық сында Украина елінің боксшысы Александр Хижнякпен қолғап түйістірді. Қос боксшы рингте аянып қалған жоқ. Десе де, Украина елі сенім артқан Александр Хижняктың жеңіске деген талпынысы мен жігері ерекше болды. Нәтижесінде төрешілер украин боксшысын жеңімпаз деп таныды.

Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан сайыпқыранымыз үшін күміс жүлде тақияға тар келмейді. Оның үстіне бүкіләлемдік бокс сериясында кубалық Арлен Кардон Лопеске кеткен есесін Гамбургтегі шаршы алаңда қайтарған Әбілхан алдағы уақытта Хижнякты да жеңетініне сеніміміз мол.

56 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Қайрат Ералиев ерледі. Жартылай финалда ағылшын өрені Питер Макгрейлден айласын асырған Қайрат ақтық сында да аянып қалған жоқ. Ақтық сында америкалық Дюк Роганмен қолғап түйістірген отандасымыз қарсыласынан айласын асырып, ел мерейін тасытты. Жалғыз алтын жүлдені қоржынымызға салды. Финалға берілген жолдаманы камерундық Арсен Фокумен сарапқа салған аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, жарқын жеңіске қол жеткізгенімен, финалда әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовке есе жіберіп, күміс жүлдені мойнына ілді. 49 келі салмақ дәрежесіндегі Жомарт Ержан мен 69 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіповке қола медаль бұйырды. Жомарт кубалық Иоанис Аргилагосқа ұтылса, Абылайхан жартылай финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовқа жол берді. 91 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те қола жүлдені қанағат тұтты. Кубалық Эрисланди Савонмен жұдырықтасқан Василий қарсыласын жеңе алмады. Өз кезегінде Савон Риода кеткен есесін қайтара білді.
Гамбургтегі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 5 алтын, 2 күміс медаль еншілеген Куба боксшылары жалпыкомандалық есепте көш тізгінін қолға алса, 1 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізген Өзбекстан құрамасы екінші орынды, 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені қоржынға салған Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді.

Табиғат абаилдаев,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>