Дара дауыс иесі

тыңдармандарын ән қанатында тербетті

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және Қазақстан жастар Одағы сыйлығының лауреаты, әнші  Нұрғали Нүсіпжанұлы биыл мерейлі  жасқа толды. Осыған орай әнші еліміздің барлық өңірлерін аралап, жеке концертін беріп, тыңдармандарымен жүздесуді мақсат етіпті.

Қазақ сахнасында алпыс жылдан астам уақыт бойы өз талантымен дараланып жүрген талғампаз әнші тарихы терең Таразға да келіп, тыңдармандарымен қауышты. Облыстық қазақ драма театрында өткен өнер иесінің «Армандастар, замандастар қайда екен!» атты ән кешіне жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Қазақтың маңдайына біткен талантты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің, вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың көзін көріп, әндерін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген дара дауыс иесі кеш барысында өзінің репертуарындағы байырғы әндерімен қоса жаңа шығармаларды да әуелете шырқап, тыңдармандарды ән қанатында тербетті. Ол орындаған ескі әрі есті әуендерді көпшілік қосыла айтып, ерекше бір күй кешті. «Өз елім», «Теріскей», «Саржайлау», «Куә бол», «Армандастар», «Мұңайма» және өзге де көптеген халық арасында танымал әндерді шарықтата шырқағанда жиналғандардың ықыласында шек болмады.
Ән кешіне облыстық филармонияның әншілері Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев сынды бірқатар әншілер атсалысып, ағаларының ақ батасын алды. Кеш соңында облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Жарқынқызы мен облыстық қазақ драма театры директорының орынбасары Қанат Ағаділов Нұрғали Нүсіпжанұлына қазақы дəстүр бойынша шапан жауып, сый-сияпат жасады. Басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Кеш иесінің өзі де киелі Әулиеата өңіріне, екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз шаһарына деген құрметін білдіріп, жамбылдық әнсүйер қауымға деген алғысын жеткізді.
Тараздық жұртшылықтың атынан əн дүлдүліне зор құрмет ретінде облыс əкімінің ықылас гүлі табысталды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>