Ортағасыр шындығын жеткізген шырағдандар

Шырағдан – әдетте бөлмені немесе белгілі бір жерді жарықтандыру үшін қолданылады. Алайда, осы бір заттың өз құндылығы, қасиеті, қолданылу тәсілі бар екендігін біле бермейміз.
Шырағдандар өте ертеден бері қолданылып келеді, оған дәлел ретінде археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі кезеңді сипаттайтын шырағдандарды айта аламыз. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған сондай шырағдандардың бет-бедеріне, пішіндеріне қарап түрлі мәліметке қанығуға болады. Әсіресе, онда қоладан және қыштан жасалған шырағдандарды жиі кездестіресіз. Әрқайсысының жасалу техникасы, пішіні, өрнектері әртүрлі болып келеді.
Ортағасырлық қолөнершілер қандай да бір бұйымды жасау үшін оған өзіндік болмысын, табиғатын, қолтаңбасын, ерекшелеп беруге тырысқаны байқалады. Солардың ішінде ең құнды, ерекше шырақтар туралы айтсақ. Киіз үй пішінді шырағдан 1964 жылы ежелгі Тараз қаласынан, бұрынғы көк базардың орнынан табылып, музей қорына тапсырылған. ІХ-Х ғасырларға жататын ол шырағданда киіз үйдің барлық белгілері: тұрпаты, есігі, ораған жібі, түтін шығаратын тесігі де жасалған. Күйдірілген саздан жасалған бұл шырақ, қала тұрғындарының өз отауының отын сақтауға негізделген діни белгі болып есептеледі.
Аспалы сегіз тұмсықты (пілтелі) шам да ерекше көңіл аудартады. ХІV ғасырға жататын бұл жәдігер бұрынғы көк базардан табылып, музей қорына тапсырылған.
Айта кету керек, кішігірім шырақтар тұрмыста, жарықтандыруға жиі қолданылған. ІХ-ХІІ ғасырларға жататын музей қорындағы бұл жәдігерлер әр жерлерден, мәселен төменгі Барысхан қалашығының қазба жұмысы кезінде, бұрынғы көк базар аймағында, аудандарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Ортағасырдағы қыш шырақтар тәртіп бойынша бір түсті сырмен: жасыл, сары, қоңыр, қызыл түсте көмкерілген.
Сондай-ақ, Х-ХІІІ ғасырға жататын төрт немесе бес пілтелі қола шырақтар да сол маңнан табылған. Қола шырақтарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдаланған, себебі жасалу техникасына қарай құны да бағалы болған деген болжам бар. Бұл шырақтар аңдық стильде жасалған, тұтқалары аңның құйрығы, табандары аңның тұяқтарын еске түсіреді. Өрнектері өте нәзік жасалған, жұқа ойылған.
Ал тұғырлы қола шырақтар діни салттар мен тұрмыста қолданылған. Олар бірнеше бөліктен тұрады. Барлық бөлігі безендіріліп, өрнектермен, араб әріптерімен жазылған жазулары діни және мейірбанды сипаттармен әшекейленген. Биіктігі 1 метрге дейінгі шырақтар сарайларға, бай үйлерге, мешіттерге көрік беріп тұрғандығы сөзсіз. Бұл бұйымдардың қолданылған мерзімі ХІ-ХІІІ ғасырлардың басына тұспа-тұс келеді.
Шырақтар әлемі алуан түрлі, оның пішінінен, өрнегі мен әшекей мәнерінен, көркемдік талғамның дамуы мен діни түсініктің бейнесін, жергілікті және сырттан әкелінгенін, тарихтың әр түрлі кезеңдерінде халықтар мен мәдениеттің байланысын, үлгілерін көруге болады.

Жұлдыз Алманқұлова,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>