Ақыртастың жолы саяхатқа шақырады

Облысымыздың ел туризмін дамытуға елеулі үлес қоса алатын әлеуеті бар. Себебі ол – тарихи жәдігерлердің ордасы. Олардың арасында ең көрнектісі – таңғажайып құпиясымен ерекшеленетін көне ескерткіш – Ақыртас кешені. Заманалар мұрасы сақталған кешен – тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың ортақ құндылығы. Сондықтан, өңірімізге табан тіреген шетелдік туристер алдымен әр тасы сыр бүккен Ақыртасты көргісі келеді. Дегенмен, егемендік алғаннан күні бүгінге дейін ол ескерткішке апаратын жеті шақырым жол жазда шаңы бұрқырап, қыста қары үйіліп, көктем-күзде балшыққа шыланып жататын. Бұл жайт алдымен жамбылдықтардың жанына қатты бататын. Бұл мәселеге біздің басылым да бейжай қарай алмады. Жаздық. Халықтың тілегін жеткіздік. Жауап күттік.

Мәселен, өткен жылы қазан айының алтысындағы газетіміздің №116 санында «Ақыртасқа апаратын жол қашан жөнделеді?» десек, биыл сәуірдің бірінші жұлдызындағы басылымның №35 санында «Жыр» болған 7 шақырымдық жол» атты мақала жариялап, аталмыш мәселені тағы қозғаған болатынбыз. 

Елімізде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндіктен, бұл мәселені жеделдету қажет болатын. Өйткені Елордаға келген шетелдік меймандар біздің тарихи өңірге де табан тіреуі әбден мүмкін. Осылайша, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен облыстық бюджеттен 354 миллион 575 мың теңге бөлініп, көктем шығып, жауын-шашын тоқтай салысымен, құрылысшылар жол төсеу жұмысына дереу кірісіп кеткен-ді. «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмысты қолға алып, автогрейдер, асфальт тегістейтін каток, асфальт төсегіш сынды қажетті техникалары мен құрал-саймандарын түгел сайлап, жалпақ даланы жарып өтетін заманауи жол сала бастаған. Мердігер компанияның өкілі Юлия Капустинаның айтуынша, құрылысты жүргізуге 45 шақты құрылысшы қатысқан. «Жеті шақырымға сапалы жол салу үшін алты жарым ай уақыт кетті. Бұл тарихи-мәдени ескерткіш маңызды нысан. Сондықтан құрылысты уақтында аяқтауға, мінсіз орындауға барынша тырыстық. Жұмысты ойдағыдай аяқтап, жүзеге асырдық», – дейді ол.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Ақыртас кешені арасындағы ойлы-қырлы жол осылайша тақтайдай тегіс асфальтқа айналды. Енді кез келген қонағымызды тарихи нысанға ертіп апарарда бет-жүзіміз ашық болатыны қуантады. Қазір онда саяхатшылар емін-еркін келе бастаған, көліктер зулап жүріп жатыр. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Тәкен Молдақынов: «Бүгінде кешенге бірлі-жарымды шетелдіктер келіп, тамыры терең тарихымыздың бөлшегі болған ескерткішті қызыға тамашалауда. Туристер легі ЭКСПО көрмесінен кейін де бітіп қалмайды. Оның үстіне біздің болашақ ұрпақ – жастар тарихты білуі қажет. Ескерткіштерді тануы тиіс. Сондықтан бұл жаңа жол алдымен өзіміз үшін қажет», – дейді.
Көптен бері көкейде жүрген түйткілдің түйіні тарқатылып, жол салынды. Оны біз де барып, өз көзімізбен көріп, сипатына сүйсіндік. Бірақ, көңілге сыймаған бір жайт бар. Ол – асфальттің малдың қиынан аяқ алып жүргісіз болып жатқаны. Жап-жаңа жолды туристерге көрсетеміз деп жүргенде, төрт түліктің тұяғы таптап, ластап жатқаны расында ыңғайсыздық тудырып тұр. Ақыртас орналасқан Ақшолақ ауылы Байзақ ауданына қарайды. Сондықтан байзақтықтар осы келеңсіздікті реттейді деген үміттеміз.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>