Еңбек жасақтары ел ішінде жүр

Сонау бір Қазақстанда алғаш студенттік құрылыс жасақтары құрылған 1969 жылдан бері қалыптасқан үрдіс – «еңбек семестрінің» 1 маусымнан басталып, тамызда аяқталатыны. Құрылысшы жастар биыл да бұл «дәстүрден» жаңылған жоқ. Маусым айында белгіленген құрылыс нысанына аттанып, білек сыбана еңбек еткен жас құрылысшылар қазір табан ақы, маңдай терімен тапқан табыстарына сабаққа керекті құрал-жабдықтар алып, жаңа оқу жылына дайындалып жатыр.
Табан ақы, маңдай тер деп текке қозғап отырған жоқпыз. Сонау бір тоқырау кезеңінде жастарды еңбекке тәрбиелеу мәселесі ұмыт қалып, соның салдарымен әлі де күресіп жатқанымыз жасырын емес. Абайша айтсақ, көйлегі көктік, жұмысы жоқтық жастарды аздырып, жүгенсіз кеткен еді. Ешқандай іске қыры жоқ сол буында масылдық психология басым болғаны да шындық. Сондықтан, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауында жастар жасақтарын құру туралы нақты міндет жүктеп, осы бір үрдісті қайта жаңғыртты. Осылайша, 2005 жылдан бастап студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының жұмысы жанданған болатын.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы – жазғы демалыста студенттерді жұмыспен қамтып, табыс табуына жәрдемдесуге мүдделі тараптың бірі. Басқарма басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша, биылғы жазғы еңбек маусымында студенттік құрылыс жасағына 145 студент тартылыпты. Ал 12 жылда алты мыңға жуық жас құрылысшы еңбек еткен.
– Еңбекші жастар Тараз қаласы мен Байзақ, Талас аудандарында жүргізіліп жатқан 10 құрылыс нысанына жұмысқа жіберілді. Жұмыс берушілер қатарында «Агроспецстрой», «Тараз Құрылыс Инвест», «Қаратау құрылыс – 2030», «Бағжай», «Керуен Сервис», «Ақ пейнет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және тағы басқа компаниялар бар. Студенттерге 50 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленді. Барлық нысандарда олар арнайы жатын орындар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жастардың жұмыстан бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылды, – дейді басқарма басшысы.
Жас «жауынгерлер» Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлер мен орта мектептің, жасөспірімдерді бейімдеу орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына тартылған. Ал Байзақ, Талас аудандарына аттанған жасақтар орта мектеп ғимараттарының құрылысын ертерек аяқтауға өз үлестерін қосыпты.
Мәліметке сүйенсек, биыл Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағында 875 жасты уақытша жұмыспен қамтуға республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден тиісті қаржы бөлінген. Ал құрылыс жасақтарында нағыз құрыш білекті жігіттер мен қайсар қыздар еңбек етті. Олай деуге негіз де жоқ емес. Себебі, аптап ыстықта құрылыс басында жұмыс істеу кім-кімге де оңай соқпасы анық.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>