Азияның күміс жүлдегері атанды

Волейболдан еліміздің ерлер құрамасы 24 жыл бұрынғы жетістікке қол жеткізді

Қазақстан ұлттық құрамасы волейболдан Азияның күміс жүлдегері атанды. Индонезияның Сурабая қаласында өткен ерлер арасындағы волейболдан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Осы додада Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, бабы мен бағы қатар жанды.
Отандастарымыз ақтық сында Жапония құрамасымен күш сынасты. Бірінші партияны жапондықтар 25:13 есебімен оңай ұтқанымен, қалғандары тартысты өтті. Екінші партияда Жапония ойыншылары 25:20 есебімен басым түссе, үшіншісін қазақстандықтар 27:25 есебімен өз пайдасына жазды. Әйтсе де жапондықтар одан әріге мүмкіндік бермей, төртінші партияны (25:23) жеңіспен аяқтады. Сөйтіп олар 3:1 есебімен қазақстандықтарды ұтып, Азия чемпионы атанды.
Индонезия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген Оңтүстік Корея волейболшылары қола жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында дәл осылай финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші – 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді. Осылайша, қазақстандықтар бұдан 24 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.
Байрақты бәсекеде ел құрамасы Сауд Арабиясы, Индонезия, Катар, Оңтүстік Корея, Тайвань командаларынан басым түсіп, финалға сүрінбей жеткен болатын. Игорь Никольченконың шәкірттері ақтық сында да аянбағанымен, күміс жүлдені қанағат тұтуларына тура келді. Бұл да болса ел волейболшылары үшін үлкен жетістік, тарихи жеңіс.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>