Отанның тыныштығы –отбасыңның тыныштығы

IMG_6211Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жергілікті әскери басқару органдарының тыныс-тіршілігімен таныстыру, 2017 жылғы мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңін қорытындылау мақсатында БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Алдымен әскерге шақыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Сейдалиев журналистерге облыстық жинақтау пунктін (казарма) таныстырды. Бұл пункт 150 сарбазға арналған, бейнебақылау қондырғысымен, салқындатқышпен қамтылған. Осында әскерге шақырылған азаматтар баратын бөлімшелерінің жақын-қашықтығына қарай жөнелтілетін күнді күтеді. Бір күн ғана күтетіндер бар, ең ұзағанда 3-4 күн күтеді екен. Тәртіп темірдей. Әр сарбаз шкаф, киім ілгішпен, тәулігіне үш мезгіл ыстық аспен қамтылған. Келесі танысқанымыз – тұрмыстық бөлме. Мұнда сарбаздар бір сәт дойбы, шахмат ойнап тынығады, мерзімді және салалық газет-журналдармен танысады. Төрде қазақтың қара домбырасы да ілініп тұр. Сардарлар бөлмесі 13 адамға арналған. Осында әр ауданнан келген өкілдер тынығады екен. Қойма, асхана талапқа сай. 32 сарбазға лайықталған психолог бөлмесі бар. Мұнда қобалжуын баса алмаған, психологиялық көмекті қажет еткен әскерге шақырушылар келіп, дәріс тыңдайды. Өздерін қалыпқа келтіреді.
Мұнда психиатр-нарколог, жүйке жүйе, көз, стоматолог, құлақ-мұрын, тамақ, антропометрия, фтизиатр, терапевт, уролог, дерматолог, невропатолог, оташы дәрігерлер әскерге шақырылғандарға қызмет етеді. Олардың барлығы жеке-жеке жабдықталған бөлмемен қамтылған. Бой, салмақ өлшеу міндетті түрде жүзеге асады. Осында «Қараңғы бөлме» де бар. Ол тас қараңғыдан шыққандағы әскерге шақырылушының көңіл-күйін білуге арналған секілді.
Облыстық әскерге шақыру комиссиясын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков басқарады. Ал медициналық комиссияның төрағасы – Марат Жұманқұлов. Әскерге жылына 6 мың адам шақырылып, олардың ішінде 2 мыңы жарамды болып табылады екен. Биыл біздің өңірден 1700 жас сарбаз Отан күзетіне аттаныпты. Әскерге алынған сарбаздардың ішінен денсаулығына байланысты кері қайтатындар жоқтың қасы. Олардың денсаулығы талапқа сай болуы жіті қадағаланады. Олардың ішінде оташы Рафиль Абузаровтың, невропатолог Мұхамед Қабылбековтің, психиатр Айман Басығараеваның еңбектері елеулі. Мұнда жігіттердің денсаулығын қадағалайтын барлық мамандар бар. Жалпы 15 дәрігер қызмет етеді. Терапевт Ақмарал Тастанбекова, тіс дәрігері Рахан Асанқұлов өз ісінің білгірлері. Еліміз бойынша әскерге шақырылған барлық сарбаздардың 9-10 пайызын біздің облыстан шақырылған азаматтар құрайды екен. Мұның өзі өңірлік қорғаныс саласының үлкен жетістігі.
Осында 100 орынға арналған барлық талапқа сай мәжіліс залы бар. Осы жерде БАҚ өкілдеріне әскери өмірден бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының міндетін атқарушы, подполковник Бауыржан Қырғызбаев журналистерді ақпараттардан хабардар етті. «Бізде жұмыс жүйелі. Облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау бар. Сол үшін облыс басшылығына ризашылығымызды білдіргім келеді. Әр ауданда да әскерге шақырушыларды іріктеу, сұрыптау барысында өте маңызды науқандық жұмыстар жүреді. Бірігіп атқарылған нәтижелі жұмыстың арқасында біздің департамент үш жыл қатарынан республика бойынша үздіктер қатарынан көрініп отыр», – деді Бауыржан Қазиұлы.
Департамент сала ардагерлерімен, мектептердегі алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімдерімен, әскери клубтармен тығыз байланыс жасайды екен. Департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамиль Тартыков те осында. Бұл департамент соғыс жылдары, Ауғанстан оқиғасы кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасымен де, әскердегі сарбаздардың ата-аналарымен де тығыз байланыс жасайды екен. Жақында ғана Қарағандыда өткен «Айбын» халықаралық әскери жарысынан жамбылдықтар бірнеше жүлдемен оралыпты. Мәселен, арқан тарту бойынша жеңімпаз атанса, автоматпен қашықтықты көздеп ату бойынша үшінші орынды иеленіпті.
Бауыржан Қырғызбаев баспасөз турына қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тығыз байланыста болуға ниетті екендерін білдірді.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>