Cексендегі сергек ҚАРИЯ

Осыдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімінің есеп беру жиынында қалақтай қара шал сөз алып, «қаланың солтүстік-батысындағы «Ягодка» саяжайына электр желісін тартуға бола ма?» деп сауал тастаған. «Егер бизнес-жоспарыңыз болса ол мәселе шешімін табады» деген жауап берілген. Жиын соңынан «осы шалға не жоқ, балалары айтса болмай ма?» деген сөз де шығып қалған-ды. Бұл сөздің де жөні бар. Осы күні жиналыстарда көбінесе егделер сөз айтып, жастарымыздың бұғып қалатыны бар. Ал олар қаттырақ айтсақ «бәлеқор», «арызқой» атанамыз деп іштерінен қауіптенетін секілді.

– Ақсақал дегеніне жетті, – дейді аудандық бизнес-инкубатор орталығының директоры М.Бегеев, – «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Айтуған» шаруа қожалығының қыстауына дейін 37 миллион теңгеге электр желісі тартылып, реттегіш стансасы орнатылып берілді. Тегін. Аз қаражат емес.

«Ягодка» бір кездері кеншілердің саяжайы болған. Қазір ол жақта бұрынғы бұзылған үйлер мен оталған жеміс-жидек ағаштарының тұқылын ғана көресіз. Кезінде Бүгіл өзенінің мол суын пайдаланып, кеншілер көкөніске қарық болған дегенге сенгің келмейді. Енді еңісте «Айтуған» шаруа қожалығының қора-қопсысы, үй-жайы ғана бар.
– Үкіметтің бұл жақсылығына мың да бір рахмет, – дейді қожалық жетекшісі Айтуған Рыспанов, – «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы ұсақ мал, ірі қара сатып алғанмын. Қой-ешкім 1000 басқа, ал жылқым 100, мүйізді ірі қара саны да сол шамаға жетті. Техникалар бар. Жем-шөпті төменгі етектегі шабындықтан дайындап аламыз.
Сексеннің үшеуіне иек артқан кәсіпкерге, әрине ұлдары көмектеседі. Ақсақал өмірде болып жатқан жаңалықтарға бейжай қарамайды.
– Аудан әкімі Балабек Нарбаевқа рахмет. Аралап, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Сондағы айтатыны – жастар бос жүрмесін. Қосымша тегін оқытылатын білім алсын, кәсібін ашсын, дейді. Түнеу күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тәртібін түсіндіріп кетті. Ол бойынша тіркеуге тұрып, кәсіпкер ретінде ай сайын жарна төлесек, 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмек алады екенбіз.
Айтуған ақсақал сөзінің соңында:
– Мұндай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған емес. Еңбек етемін, кәсібін ашамын дегенге бар жағдай жасалынған. Елбасына рахмет. Жастар соның қадірін білсе, бос жүрістен арылса деймін. Жаратушы еңбек еткенді ғана жарылқайды. Жалқаудың жайы оңбайды, – деп салды.
Ақсақалмен қоңсылас шаруа қожалықтары да қыстауларына электр қуатын жеткізуге тапсырыс беріп жатқан көрінеді.
Айтуынша, сексеннен асса да сергек, күш-қуаты бойындағы ол өзін жас жігіттей сезінеді.
– Соның барлығы еңбектің арқасы, маңдай тердің өтеуі, – дейді Айтуған қария.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>